«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Колледж түлектерінің жәрмеңкесі

0 277

Астана қаласы Білім басқармасының гумани­тарлық колледжінде түлектер жәрмең­кесі өтті.

Бұл жолғы жәрмеңкеге елор­дамыз­дағы 118 мекемеден, соның ішінде 75-і – балабақша, 43-і мектептен жұмыс берушілер келіпті. Соңғы 10 жыл ішінде қалыптасқан ізгі дәстүрдің берері мол. Жұмыс берушілер жүздесу барысында жас маманға жұмыс орнын бермес бұрын оның қабілетін жан-жақты бағалай алады. Ал түлектер қандай мамандық иесіне сұраныс барын біледі және бос жұмыс орындары жөнінде толық ақпарат алады. Жәрмеңкенің ашылу салтанатында сөз сөйлеген колледж директоры Әділхан Жүсіпов жұмыс берушілерді 74 жылдық тарихы бар Астанадағы ең байырғы, ең тәжірибелі оқу орнының түлектеріне толық сенім білдіруге шақырды.
Соңғы 5 жылда гуманитарлық колледжді бітіретін түлектер 100% жұмыс орындарымен қамтылған. Биыл 10 мамандық бойынша оқу бітіретін 402 түлек жұмыс берушілердің алдында портфолиосын көрсетіп, тұсаукесер өткізді. Ал жұмыс берушілер әр мамандық бо­йынша түлектердің білім мен рухани деңгейіне ұқыптылықпен зер салып, болашақ өз қызметкерлерін таңдады. Аталған колледж түлектеріне деген үлкен қызығушылықтың бары бірден байқалды. Себебі оқу орны өткен жылы екі бірдей жоғары деңгейдегі жүлде: Қазақстан Республикасындағы ұлттық бизнес рейтинг қорытындысы бойынша «Жыл көшбасшысы-2017» атағын және Астана әкімдігінің «Үздік техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы» атағы мен Астана әкімінің грантын жеңіп алған.
– Біздің түлектер жаңартылған бағдарламамен оқиды. Соңғы екі жылда дуальді оқыту жүйесі бо­йынша болашақ бастауыш сынып мұғалімдері мектеп­терде жұмыс істеуде, – деп түсіндірді озық тәжірибені Әділхан Шаймағам­бетұлы. Оның айтуынша, эксперимент ойдағыдай іске асырылған. «Мұндай тәжірибе әр студентке оқу орнын бітірген соң тұрақты жұмыс табуына көмектеседі. Осы оқу жылының басында «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығы бойынша мемлекеттік тапсырыспен 175 абитуриент қабыл­дадық. Соларды 1-курстан бастап елорданың балабақшаларына бөл­дік. Қазір олар өндірістік тә­жірибені сол балабақшада өтіп жүр. Меніңше, мамандар тек оқып қана қоймай, еңбек етуге деген құл­шынысын дәлелдеп отыруы керек. Үлкен жетістік деген – осы» деді ол.
Әңгіме барысында Әділхан Шай­­ма­ғам­бетұлына қазір қандай мамандықтарға сұраныс көптігін, жәрмеңкеге қатысқан қанша түлек тұрақты жұмыс орнын табатынын сұрадық. Колледж басшысының айтуынша, Астанада бастауыш сынып және дене тәрбиесі пәні мұғалімі, балабақша тәрбиешісі деген мамандықтарға сұраныс өте жоғары. «Жыл сайын бас қаламыз өркендеп, жаңадан балабақша, мектептер салынуда. Соның нәтижесінде бас­тауыш сынып, дене тәрбиесі пәні мұғалімі, балабақша тәрбиешілеріне деген сұраныс өте жоғары. Ал қазақ тілі мен әдебиеті, бейнелеу өнері мен сызу мұғалімдеріне сұраныс аздау. Оның себебін түсіндіру қиын. Негізінен алғанда, мектеп бағдарламасында соңғы пәндер бойынша сағат саны өте аз. Ал түлек­теріміздің жұмыс орындарымен қамтамасыз етілуі бойынша жыл сайын көрсеткішіміз жоғары. Қазан айының ортасына дейін колледж бітірген түлектеріміз 100 па­йыз жұмысқа орналасады» деді ол. Әділхан аға сөз соңында түлектер жәрмеңкесіне қолдау көрсеткен Астана қалалық Білім беру басқарма­сына, жұмыс берушілерге алғысын жеткізді.

Төлен ТІЛЕУБАЙ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды