Көліктер көбейеді

0 133

Астана қаласының Жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Бекмырза ИГЕНБЕРДИЕВ Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында елорданың қоғамдық көлік саласының  жұмысы туралы баяндап берді.

Астана қаласының әкімдігі биылдан бастап қала ішіндегі қоғамдық көліктің тиім­ділігін арттыру мақсатында қосарланған немесе «гармошка» автобустардың санын көбейтуді жоспарлап отыр. Соңғы мәліметтер бойынша қала тұрғындарының саны артып, қоғамдық көліктің қызметін пайдаланушылар қатары көбейе түскен. Осы жағдайға байланыс­ты жан-жақты талдаулар жүргізілуде.
«Күн сайын іші жолау­шыға 90 пайызға толған автобустар бойынша талдау жүргізіледі. Біздің мақсатымыз – автобус­тардағы жолаушылардың толымдылық көрсеткішін 70-80 пайызға дейін төмендету. Мұндай жағдайда ба­қылаушылардың жұмысы жеңілдейді әрі жолаушылардың қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Яғни бұл көрсеткішке жетсек, адамдар автобуста қысылыс­пайтын болады. Қазір осы бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз» деді Бекмырза Игенбердинов баспасөз мәслихаты барысында.
Бүгінгі таңда қала ішінде қосымша экспресс автобус­тар енгізілген. Соның нәтижесінде 10 және 12-нші автобустарға түсетін жүктеме біртіндеп жеңілдей бастаған. «Биыл қаланың автобус парк­терін жаңарту көзделіп отыр. Өткен жылы қалаға 380 жаңа автобус алынған. Ал биыл тағы қанша автобус алуға болатыны туралы есеп жүргізіп жатырмыз. Қаржы қалалық немесе республикалық бюджеттен алынуы мүмкін. Осы ретте біз тиімділігін ескере отырып, «гармошка» автобустарға басымды маңыз беретін боламыз» деп мәлім етті басқарма басшысы.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five + 13 =