«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Көліктегі былық-шылықтар

0 229

Осы аптада еліміздегі көліктердегі былық-шылықтардың жайы мәлім болды. Көлік компанияларының қызметін тексерген құзырлы мекемедегілер жағасын ұстапты. Ұстамай қайтсін, отандық 2 әуе компаниясы, 17 ұшақ тексерістен өтпеген.


Осы жағдайға байланысты екі әуе компаниясының қызметі уақытша тоқтатылды. Ал 139 автокомпания жолаушылар тасымалдаумен заңсыз айналысқан. 94 автобустың қожайы­ны көліктерді тыйым салынған жабдықтармен безендірген. Мұндай бассыздықтарды 9 айдың жұмысына талдау жасаған Бас көлік прокуратурасы жария етті.
2018 жылдың басынан бері көлік компаниялары 2 мың заң бұзушылықтарға жол беріпті. Жасаған заңсыз іс-қимылы үшін 757 адам тиісті жауапкершілікке тартылған. Бұған қоса, тасымалдаушы-фирмалардың жұмысына шағымданған 300 мыңнан аса қазақстандықтар өз құқығын қорғағаны мәлім болды. Жыл бойы жүргізілген тексерістердің нәтижесінде заң бұзушыларға жалпы көлемі 1,1 млрд теңге айыппұл салынған. Бұл ақшаның 825 млн теңгесі мемлекет қазынасына аударылса, 146,9 млн теңгесі дер кезінде жалақысын ала алмаған 3900 жұмысшыға берілген.
Әуе көлігімен қатынайтын жолау­шылар жүктерінің жоғала беретініне жиі-жиі шағымданатынын естіп жүрміз. Көліктегі прокурорлар да бұл мәселеге қанық екен. Мәселен, Астанада жүк ұрлау бұрынғымен салыстырғанда 50 пайызға дейін азайыпты. Жалпы алғанда, Бас көлік прокуратурасы 828 қылмыстық істі сотқа жөнелткен. Осы істерге 970 күдіктінің қатысы бар. Соның ішінде 63 сотталушыға бас бостандығынан айыру жөнінде үкім шығарылған. 219 адамға 224,7 млн теңге көлемінде айыппұл салыныпты. Мұндай мәліметтерге қарап, көлік саласындағы былық-шылықтардың көптігіне таң қалмасқа шараң жоқ.
Жуырда «Эйр Астана» әуе компаниясының ұшағы Португалияның бір қаласына апатты жағдайда қонғаны белгілі. Кеше осы оқыс оқиғаның жай-жапсары айтылды. Ұшақтың басқаруға көнбегеніне бағыттайтын құрылғылардың істен шығуы себеп болған. Қиын жағдайға тап болған ұшқыштарға Монте-Реал әскери базасының ұшағы көмектеседі. Көп ұзамай, үш экипаж мүшесі, үш инженер мінген әуе кемесі Пежа қаласына қонады. Екі адам зардап шеккен. Соған қарамастан, «Эйр Астана» компаниясы «Embraer- 190» ұшақтарынан бас тартпайтынын мәлімдеп отыр. Көліктегі осындай былық-шылықтардың алдын алмасақ, қайғылы оқиғаларды айналып өте алмаспыз…

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды