«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Көлік жүйесі көңіл көншіте ме?

0 188

Алдағы уақытта көлік кептелісін азайту мақсатында Астанада ақылы жолдар пайда болмақ. Бұл туралы қалалық мәслихаттың 39-сессиясында мәлім болды. Жиынға Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов пен шаһар басшысының орынбасарлары, аудан әкімдері мен басқарма басшылары, қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.

Жалпы, сессияның күн тәртібінде 9 мәселе қаралды. Жиында алғашқы болып сөз алған қала әкімінің орынбасары Сергей Хорошун қаладағы кептелісті азайту үшін қандай жұмыстар атқарылып жатқанын баяндады.
– 77 шақырымды құрайтын 24 көше бойындағы автобустарға арналған Bus lane жолағы кептелісті 24 пайызға жеңілдетті. Сонымен қатар Абай, Кенесары көшелері бір бағытқа көшірілгелі бері мұндағы кептеліс 30 пайызға азайды. Енді келер жылдары сол жағалаудағы Достық, Ақмешіт, Қонаев, Түркістан сияқты бірқатар көшелерді де бір бағыттық жолға айналдырып, оларға Bus lane жолағын қосу жоспарланып отыр. Сол сияқты көше қозғалысын 2 мыңға жуық «Сергек» камерасы бақылап тұр. Осындай жұмыстардың арқасында елордадағы жол-көлік оқиғасы екі есеге, қақтығыстан жарақат алатындар саны 25 пайызға, ал кісі өлімі 53 пайызға төмендеді. Енді көлік нөпірін азайту мақсатында кейбір көшелердегі жолдарды тек таңғы уақытта ақылы қылуды ойластырып жатырмыз, – деді С.Хорошун өз сөзінде.
Жиын барысында депутаттар шенеу­ніктерге көлік жүйесіне қатысты сұрақ­та­рын қойып, ұсыныс-тілектерін айтты. Мысалы, қоғамдық көлік жолаушыларының көп нәрсеге көңілі толмайтынын, олардың тек аялдамалар жанындағы таблолар туралы ғана жақсы пікірде екенін айтқан Ирина Манжанова алдағы уақытта шетел­дердегі сияқты School bus free автобустарын қолданысқа енгізіп, оқушыларды те­гін тасымалдау керектігін ұсынды. Ал өз кезегінде депутат Мирас Шекенов Үркер тұрғын үй алабындағы жол құрылысының нақты қашан аяқталатынын сұрады. Бұл сұраққа қала әкімінің орынбасары Қосман Айт­мұхамбетов былай деп жауап берді: «Сметалық жоба құжатына түзетулер ен­гізілгендіктен, жұмыстар кешеуілдеп жатыр. Қаржыландыру енді болады. Жыл соңына дейін 10 көше жөнделіп, жол құрылысының жұмысы келер жылы толықтай аяқталуы тиіс».
Қаланың оң жағалауындағы Әуезов, Желтоқсан көшелерінің бойы көлік тұрағына айналғанын, бұл жерден жаяу өтудің өзі қиын екенін айтқан Мәжит Шайдаров жергілікті билікке осы мәселені реттеуді ұсынды. Өз кезегінде мәслихат сессиясына алғаш рет қатысып отырған қала басшысының жұмысына сәттілік тілеген депутат Ақылбек Күрішбаев:
– Жақында өзге өңірлерден көшіп келген зейнеткерлер қабылдауымда болды. Олар да өмір бойы еңбек етіп, елге қызмет жасап зейнеткерлікке шыққан соң елордаға көшіп келіпті. Бірақ, өкінішке қарай, оларға қоғамдық көліктерде жеңілдікпен жүру мүмкіндігі берілмейді. Алдағы уақытта осы мәселені қайта қарауларыңызды сұраймын, – деді.
Осы және басқа да мәселелердің барлығы назардан тыс қалмайтынын айтқан қала әкімі Бақыт Сұлтанов алдағы уақытта мәслихат депутаттарымен кеңесе отырып жұмыс істейтінін атап өтті.
– Екі аптаның ішінде елорданың ты­ныс-тіршілігімен танысып, көмір сататын кәсіпорындарда, қаланың сыртқы аумақтарында болып, жағдайды өз көзіммен көрдім. Жалпы, жүздеген жылдық тарихы бар әлемнің көптеген қалаларымен бар болғаны 20-ақ жылда терезесі теңескен Аста­наның болашағы зор. Бұл тұрғыда бізге артылған міндеттердің де салмағы жоғары. Осы орайда сіздермен кеңесе отырып, Елбасы мен елордалықтардың сенімін ақтауға барымды саламын, – деді қала басшысы.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды