Көлік және коммуникация ордасы

0 156

Кеше елорданың байырғы оқу орны – Жоғары көлік және коммуникация колледжінің мерейтойына орай «Қасиетті қара шаңыраққа – 75 жыл» атты салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Осыған байланысты Нұр-Сұлтан қаласының басшылығы, Білім және ғылым министрлігі, Парламент депутаттары, қалалық мәслихат, қалалық қоғамдық кеңес пен ардагерлер кеңесі, колледждің шетелдердегі әріптес оқу орындары, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы, басқа да мекемелер атынан көптеген құттықтаулар айтылды. Колледждің бірқатар қызметкерлеріне «Қазақстан конституциясына – 25 жыл» мерейтойлық медалі, қала әкімінің алғыс хаты, «Ы.Алтынсарин атындағы» төсбелгі, Білім және ғылым министрінің алғыс хаты тапсырылды.

Алдымен сөз алған Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары ­Бақтияр­ Мәкен ұстаздар ұжымын қала басшысының атынан құттықтады. Пандемия колледж мерейтойын үлкен деңгейде өткізуге мүмкіндік бермегенін атап өткен ол осы шара онлайн форматта ұйымдастырылғанын айтты.
– Колледждің тарихы өте терең. Жылда төрт жүзден астам маманды оқытып шығаратын оқу орны – білікті кадрлар ұстаханасы. Ғасырға жуық тарихында қазір елге танымал көптеген азаматты түлетіп ұшырды. Былтыр ғана қаладағы ең үздік колледж атанып, 10 миллион теңгенің грантына ие болды. Бұл да – үлкен жетістік. Елбасымыз кәсіптік-техникалық білім саласының маңызына үнемі тоқталып, оның дамуына көңіл бөледі. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та техникалық мамандықтарды алған жастардың түрлі салада еңбек етуіне ерекше мән береді, – деді Б. Мәкен.
Қала басшысының орынбасары биыл Мемлекет басшысы, Үкіметтің және елорда әкімдігінің қолдауымен «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында колледж ғимаратын күрделі жөндеу жүргізілгенін атап өтіп, қала әкімдігі әртүрлі жұмыс­тарға көмек беруге әрқашан даяр екенін, мәселен, келесі жылы оқу орнының материалдық-техникалық базасын жаңартуды, оқушыларға гранттарды бөлуді жалғастыруды жоспарлап отырғанын айтты.
Қалалық қоғамдық кеңес пен ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов – осы колледж түлегі. Студенттік жылдарын, өзінің ұстаздарын еске алған ол оқу орны ұжымына жылы лебізін жеткізді.
– Мен үшін бүгінгі мерейтой – үлкен мереке. Орта мектепті аяқтағаннан кейін медицина институтына түсуді ойлағанмын. Бірақ әкем теміржолшы болған соң, ата-анам маған теміржол оқуына баруға кеңес берді. Олардың айтқанына көніп, теміржол техникумының екінші курсына түстім. Екі жыл оқыған соң, әскерге кеттім. Одан оралып, оқуымды жалғастырдым. Ол уақытта техникум директоры Сапар Мұстафин еді. Сол кезде оның жасы отыздан енді асқан. Кейіннен бәріміз қадірлейтін ақсақалға айналды. Техникумда кәсіби білім алып, көптеген дос таптым. Ұстаздарым қандай адамдар еді?! Оларды бәрі есімде, ешкімді ұмытқаным жоқ.
Кезінде Целиноград теміржол техникумы жоғары білім деңгейіндегі мамандарды даярлаған Қазақстандағы жалғыз оқу орны еді. Осы техникумнан түлеп ұшып, теміржолда жұмыс істеген соң, инженерлік-құрылыс институтына түскенімде маған оқуға жеңіл болды. Себебі жоғарғы математика, техникалық механика, теоретикалық механика секілді негізгі пәндер бойынша базаны техникумнан алдым. Ал техникумда берілген білімнің деңгейі өте жоғары болатын. Дүниежүзілік банктің грантын жеңіп алғандарыңызды білемін. Бұл – ұлы жетістік. Бұдан әрі де табысты бола беріңіздер. Әрдайым да алдыңғы қатардан көрініңіздер, – деген С.Есілов қоғамдық кеңес атынан құрмет грамотасын және ардагерлер кеңесі тарапынан естелік сыйлықты тапсырды.
Нұр-Сұлтан қаласы мәслихаты хатшысының міндетін атқарушы Мәжит Шайдаров құттықтауын жеткізді.
– Бүгін мерейтойын атап өтіп жатқан оқу орнының аты колледж болғанмен, мұнда жоғары білімге тең білім беріледі. Өзім медицина институтының түлегі болғаныммен, теміржол техникумын аяқтаған көптеген достарым бар. Олар салалық министрлікте, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясында, басқа да салаларда жемісті жұмыс істейді. Колледж білікті мамандарды ғана емес, еліміздің нағыз патриоттарын даярлап шығарады. Оқу орны директоры Зулфухар Ғайыпов – қалалық мәслихаттың ең белсенді депутаттарының бірі. Ол өзі сайланған округінің де, біртұтас астанамыздың дамуына да үлкен үлесін қосып келе жатыр. Әрине, өзіне қоятын талаптарды басқаратын ұжымына да, оқушыларға да қояды. Еңбектеріңіз жемісті болып, алға бассын, – деді М.Шайдаров.
Салтанатты шара барысында Парламент Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұловтың, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің, елордалық аталмыш колледж түлегі, Санкт-Петербург жол және қатынастар университетінің ректоры Александр Панычевтың құттықтау хаттары оқылды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 − 2 =