Көлік кептелісі азая ма?

0 22

Елорданың жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға осы жылы 25,8 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржының басым бөлігі жолдардағы кептелістерді азайтуға бағытталады.Нұр-Сұлтан қаласы Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының мәліметінше, қазіргі кезде бұл бағытта жүзеге асырылып жатқан ірі жобалардың бірі – кіші айналма жол құрылысы. Бұл жоба толығымен аяқталған соң, орталық көшелермен жүретін көліктер саны азаяды. Яғни, елорда арқылы басқа өңірлерге бара жатқан көліктер қалаға кірмей, сыртымен айналып өтетін болады. Сондай-ақ кіші айналма жолы қала аумақтарын қосып, көлік байланысын кеңейтеді.
Реті келгенде айта кетейік, өткен жылы кіші айналма жол құрылысы және жолдар мен инженерлік желілерді қайтадан құруға 24,3 млрд теңге бөлінді. Соған сәйкес 69 көшеде жалпы ұзындығы 51,5 шақырымды құрайтын жолдар салынып, жөнделді. Соның ішінде тұрғын алаптарындағы 39 көше (24,3 км) кірген болатын. Ал 16 көшеде (15,9 км) орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Екінші Алматы көшесі бойынша Сарыбұлақ өзені аумағындағы көпір арқылы жол ашылды.
Биыл жоғарыда айтып өткеніміздей, жол-көлік инфрақұрылымына былтырғыға қарағанда көбірек қаржы, яғни 25,8 млрд теңге бөлініп отыр. Сондай-ақ 13,8 млрд теңге жолдарды күтіп ұстауға бағытталады.
Бұл қаржының есебінен Есіл өзені және Ұлы Дала даңғылы бойындағы «Нұра-Есіл» арнасы арқылы өтетін қос көпір құрылысын аяқтап, Тәуелсіздік даңғылы бойынша Есіл өзені үстімен өтетін жаңа көпір құрылысын бастау жоспарланып отыр.
Көлік және жол-көлік инфра­құрылымын дамыту басқармасының болжамынша, осыдан кейін Мәңгілік ел даңғылы бойымен жүретін көліктердің 50 пайызы №27 көше мен Тәуелсіздік даңғылына өтеді. Есіл өзені үстіне салынатын көпір оң мен сол жағалау байланысын күшейтеді. Яғни, көлік иелеріне баламалы жол ұсынады.
Атап айтқанда, бұл жұмыстар жаңадан салынып жатқан нысандарға қолжетімділікті арттырып, Мәңгілік ел, Қабанбай батыр, Б.Момышұлы даңғылдары және Сығанақ, Сарайшық көшелері секілді қаланың басты магистральдеріне түсетін жүктемені азайтады. Көлік иелерінің жолдағы уақыты қысқарған соң, олардың шығындары да азаяды.
Бұған қоса, 28 нысанның құ­рылысы жоспарланып жатыр. Соның 12-сі пайдалануға берілуге жақын, 11-інің құрылысы жалғасуда. Ал бесеуі – мүлде жаңа нысандар. Бөлінген қаржыға жалпы ұзындығы 43,64 шақырымды құрайтын 21 магистраль мен жергілікті маңызы бар 10 көшені жөнделмек.
Бүгіндері бағдаршамдарды жол қозғалысын басқарудың интеллектуалды жүйесіне (ITS) қосу жұмыстары жалғасып жатыр. Соның арқасында көліктер ағыны жылдамдығын 18 пайызға, көліктердің өту қабілетін 40 пайызға көтеруге, жол жүрудің орташа уақытын 20 пайызға азайтуға мүмкіндік туды. Жобаны жүзеге асырудың бірінші кезеңінде бұл жүйеге 42 бағдаршам қосылды. Екінші кезеңде тағы 54 бағдаршам қосылмақ. Қазіргі кезде қалада 151 «ақылды» бағдаршам бар.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

13 − two =