«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Көлік картасы: озық үлгінің олқылықтары

0 175

Президент Жолдауында Үкіметке «Цифрлы Қазақ­стан» бағдарламасын жүзеге асыру жайы жүктелгені белгілі. Оның аясында игі бастамалар бастау алды. Солардың бірі – қоғамдық көліктердегі жолақының жаңа жүйеге өтуі жұрт арасында қызу талқыланған еді. Бүгінде жұрт пайдаланып жүрген электронды көлік картасы мен елордалықтар жиі қолданатын «Astra Bus» қосымшасында олқылықтар да жоқ емес.

Осы жылдың 21 шілдесінен Астанадағы қоғамдық көліктер толығымен сандық жүйеге өткені белгілі. Қала тұрғындарының жаңа бағытқа жылдам қосылуы үшін қолма-қол жолақы құны 180 теңгеге көтерілсе, арнайы карта 90 теңге көлемінде қалды. Осының нәтижесінде бүгінге дейін электронды картаны қолданушылар саны күрт артты. Әрбір жаңа бастаманың бастапқыда кемшін тұстарының болуы – заңдылық, алайда проблемалардың уақтылы шешілуін кез келген мекеме басты назарда ұстауы тиіс.
Бұл жүйе алғаш енгізілгенде кей карталардың төлем қабыл­дамай, соның салдарынан жо­лаушылардың орынсыз айыппұл төлеген сәттері де кездескен. Одан бөлек, көлік картасына ақша толтыру үшін терминалдарда жиналған жұртта есеп болмайтын. Елордалықтардың бұл проблемасы әлі күнге дейін шешілмей келеді. Астанадағы санау­лы аппа­раттың жанында ұзын-сонар кезек болады. Осы іс шешілу үшін «Astana LRT» ЖШС төлемақының өзге де түрлерін шығарғаны айта кету керек. Қазіргі уақытта жолақыны СМС-хабарлама, QR-код арқылы төлеуге мүмкіндік бар. Дей тұрғанмен, санаулы аппараттың санын арттырып, кезектің мәселесі біржақты етіл­гені жөн. Әйтпесе, көлік картасы неге керек деген сауал туындайтыны – заңдылық.
Айта кетер тағы бір жайт, «Министрліктер үйі» аял­да­ма­сының маңына осындай аппа­раттың үшеуі орнатылған. Шынын айту керек, карта толтыратын автоматтың бүгінге дейін жұмыс істемеген күні басым. Қалың кезекте тұрып, әрең жеткенде аяқ астынан істемей қалатыны кімнің болсын ашуына тиіп жатады.
– Қап, осы үшін қанша уақытым кетті. Әрең дегенде жеткенде, жұмыс істемей қалғанын қарашы. Бүкіл жұмысымды тастап, кезекке тұрып едім. Енді жолақыны екі есе бағамен төлейтін болдым ғой. Не болғанын білмеймін, соңғы екі-үш аптада дәл осы аппарат жөнді жұмыс істемейтін болды, – деп кейіді Кәмила есімді қала тұрғыны.
Аталған мекенжайдағы проб­лема мұнымен шектелмейді. Соңғы уақытта қағаз ақша қа­былдамайтын ақауы пайда болған. Жолақыны СМС-ха­барлама немесе QR-кодпен тө­леуге болар, бірақ 1 миллионнан аса тұрғыны бар Астанаға жеткілікті түрде автоматтар орнатылып, мәселенің тиісті деңгейде шешілуі тиіс деп ойлаймыз.
«Astana LRT» төңірегіндегі проблема мұнымен шектелмейді. Елордадағы автобустың бағыт-бағдарын көрсетіп тұратын ұялы телефонға орнатылатын «Astra Bus» қосымшасы бар. Бірер жыл бұрын, яғни 2016 жылы қосылып, тұрақты түрде жұмыс істеп келеді. Осы арқылы кез келген автобустың қай тұста кетіп бара жатқанын білуге болады. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін ыңғайлы қосымшалардың бірі болғаны анық. Дегенмен арада екі жылдан аса уақыт өтсе де «Astra Bus» төңірегінде шешімін таппай тұрған мәселелер баршылық. Мәселен, аталған қосымшаға енген қоғамдық көліктердің басым бөлігіне GPS жүйесі орнатылмаған. №61 бағытындағы автобус жүргізушісінен сұрағанымызда жаңадан қосылған автобустарға GPS қойылмағанын алға тартты. Қазіргі уақытта аталған қосымша арқылы №1, 3, 7, 11, 26, 32, 35, 36, 38, 39, 42, 60, 61, 71, 72, 80, 120, 127 бағытындағы көліктердің қай тұста келе жатқанын білу мүмкін емес. Ал Астананың сақылдаған сары аязында автобус күтіп тұру қиямет десе болады.
Қорыта айтар болсақ, Елбасы­ның «Цифрлы Қазақстан» бағ­дарламасы толығымен жүзеге асырылуы тиіс. Алайда әрбір ұйым, мекеме жоғарыда айтыл­ғандай қиындықтар туындамас үшін бұл іске жан-жақты дайын күйде келгені дұрыс. Дамыған мемлекеттермен иық тірестіру үшін ел тұрғындарының жайлы өмірі мен құқығы бірінші кезекте ойластырылуы тиіс.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды