Көлік инфрақұрылымында мүгедектердің мұқтаждығы ескерілген?

0 17

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр күзде халыққа арнаған Жолдауында «мемлекеттің ерекше қажеттілігі бар адамдарға көпшілікпен бірдей жағдай жасауға міндетті» екенін бөле-жара атап көрсетті. Яғни, қоғамдық өмірде де, кәсіби қызметте де мүгедек жандар жайсыздық сезінбеуі, кедергілерге тап болмауы тиіс.Осыған орай, ерекше қажеттілігі бар адамдардың (ЕҚА) өмірін жақсарту мақсатында Мүгедектердің құқықтары туралы конвенция нормаларын жүзеге асыру барысында 24 заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Оның ішіне әлеуметтік және көлік инфрақұрылымдарының қолжетімділігін қамтамасыз ету, әлеуметтік салада көрсетілетін қызметтерді жетілдіру сияқты аса маңызды талаптар да кіреді. Осыған сәйкес жергілікті әкімдіктер атқаратын өңірлік жоспарлар жасақталу үстінде. Мұнда ЕҚА үшін қолайлы болып салынуы тиіс нақты ғимараттар мен нысандардың тізімі бекітіледі.
Дұрысында, қоғамдық өмірде маңызды барлық нысандар мен қызметтер ерекше қажеттілігі бар жандардың мұқтаждықтарына сай болуы керек екені даусыз. Дегенмен, іс жүзінде оның бәрі бұл талаптарға сәйкес келмейді. Бұл мақалада біз теміржол және автобус вокзалдары туралы сөз қозғайтын боламыз.
Нұр-Сұлтан қаласындағы көлік инфрақұрылымын айтпас бұрын біз, ең алдымен, жалпы республикадағы жағдайға аз-кем тоқталайық. 2019 жылғы ақпар бойынша, Қазақстанда 247 теміржол вокзалы бар. Олардың 91-і (37%) ғана ұлттық стандартқа сай, яғни ЕҚА мұқтаждықтарын ескеріп жасақталған. Оның ішінде тек 34-нде вокзалда арнайы жабдықталған әжетхана, 38-нде көзі нашар көретіндер үшін баспалдақтың жоғарғы және төменгі сатысы сары түспен боялған, 58-нде күту залында мүгедектерге арналған орындар бар. Дегенмен, көпшілік вокзалдардың сыртқы кіреберісінде пандус салынған.
Республиканың 36 автовокзалының 27-сі(75%),105 автостанцияның 67-сі(63,8%) ұлттық стандартқа сай.

«Сапаржай» ЖШС автовокзалы

Енді Нұр-Сұлтан қаласына ауысайық. Астанадағы «Сапаржай» ЖШС автовокзалы 1989 жылы пайдалануға беріліп, 10 жылдан кейін күрделі жөндеуден өтті. Күрделі жөндеу жасалғанымен ғимарат пен оның маңайындағы инфрақұрылым ерекше қажеттілігі бар жандардың мұқтаждықтарына сай жасақталған жоқ. Автобус платформасы, оған апаратын өтпе ЕҚА мұқтаждығын ескеріп жабдықталмады. Көзі нашар көретін жолаушылар үшін тактильдік(жанасу арқылы сезу) – жоқ. Дегенмен, перронда ескерту сигналы беріледі, негізгі күту залында ЕҚА арналған орындар бар. Сыртқы пандус стандартқа сай емес.
Кәсіпорынның персоналы ситуациялық жағдайда көмек көрсетуге машықтанбаған. Мұндай міндет қосалқы мердігер күзет компаниясының қызметкерлеріне жүктелген. Сөйте тұра, олар да арнайы тренингтерден өтпеген, стандартты қызметтер туралы білмейді.
Көзі нашар көретіндер мен нашар еститіндердің вокзалда ақпарат алу мүмкіндігі қарастырылмаған. Персоналды шақырту түймешегі бар, бірақ одан дыбыс­тық сигнал шықпайды. Қорыта келгенде, вокзал ЕҚА үшін ұлттық стандартқа сай толық жасақталмаған.

«Нұр-Сұлтан-1» теміржол вокзалы

Пайдалануға 1990 жылы берілген. 2004 жылы күрделі жөндеуден өткен. 2010 жылы ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін қайта жасақталған. Дегенмен, мұнда да платформа, өтпе ЕҚА мұқтаждығын ескеріп салынбаған. Перронда ескерту сигналы беріледі, бірақ нашар көретін жолаушылар үшін тактильдік жоқ.
Билет кассасы қол жетпейтін жоғарыда орналасқан, ана мен бала бөлмесінің кіреберіс табалдырығы тірек-қозғалыс аппараты қызметі бұзылған жандарға бейім­делмеген. Ішкі және сыртқы пандустың еңіс биіктігі бойынша стандартқа сай келмейді, сырғымайтын төсем салынбаған, пандустың борты жоқ.
Кәсіпорын персоналының ситуа­циялық жағдайда көмек көрсету машығы қалыптасқан. Дегенмен, бағдарламаларды және графикті оқыту инструкторлары, есептік ведомство жоқ. Мұнда да нашар көретіндер мен нашар еститіндер үшін ақпарат алу мүмкіндігі қарастырылмаған.
Вокзалда персоналды шақырту түймешегі орнатылған. Мамандардың пікірінше ғимарат ЕҚА үшін ұлттық стандартқа сай толық жасақталмаған.

«Нұрлы жол» теміржол вокзалы

Вокзал ЭКСПО -2017 халықаралық көрмесінің қарсаңында пайдалануға берілді. Ғимарат ерекше қажеттілігі бар адамдардың мұқтаждығын ескере отырып, ұлттық стандартқа сай толықтай жасақталған.
Атап айта кетерлігі, елордада ерекше қажеттілігі бар адамдардың көлік инфрақұрылымы нысандарына қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесіне қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен, Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Нұрлан Солтанбеков, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Сәуле Нұрғожина жауапты.
Түйін. Қазақстан ел Конституциясында өзін әлеуметтік мемлекет деп атап көрсетті. Оның мәні – қоғамның әлеуметтік өмірінің барлық салаларында азаматтардың қажеттіліктері мен мүдделерінің кешенді түрде қамтамасыз етілуі мен қорғалуында. Бұл шарт ерекше қажеттілігі бар адамдарға деген мемлекет қамқорлығынан да көрініс табуы тиіс.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eight − one =