КӨЛIК АПАТЫ КӨБЕЙIП КЕТТI

0 191

dsc_6445

Елімізде жыл сайын көз жұматын жандардың өліміне әсер ететін басты фактор жүрек-қан тамырлары аурулары болса, екінші орында жол-көлік апаты екен. Өткен жылдың соңғы жарты жылдық есебі бойынша Қазақстанда 8 мыңнан астам жол-көлік апаты тіркеліп, мыңнан аса адам қаза тауыпты.

Жол апатына әкеліп соғатын басты себеп – жүргізушілердің мас күйінде көлікке отыруы. Астана қаласы Ішкі істер депар­таменті Әкімшілік-полиция басқармасының аға инспекторы Бақытжан Алтыбаевтың айтуынша, 2013 жылы мас жүргізушілердің кесірінен 583 жол апаты тіркеліпті. Соның салдарынан 106 адам қаза тауып, 867 адам жарақат алған. Осы статистикалық көрсеткішті төмендету мақсатында Әкімшілік-полиция басқармасы бүгінде шама-шарқынша түрлі шараларды қолға алып келеді. Мәселен, таяуда ғана «Біз қауіпсіз жолды таңдаймыз!» атты акция өткізді. Шара барысында полицейлер апатқа ұшыраған көліктерді қала көшелерімен алып өтті. Бас­ты мақсаты мас күйінде көлік жүргізудің салдары қандай болатындығын қала жұртшылығына түсіндіру болатын. Ақция барысында жас жол сақшылары көлік жүргізушілеріне сақтыққа үндейтін арнайы парақшалар таратты.

Мамандардың айтуынша, жол апатына көп жағдайда көлік жүр­гізгеніне 1 жыл болған жүр­гізушілер немесе 20 жылдан астам тәжірибесі бар жүргізушілер себепкер болады екен. Темір тұл­парды жақында тізгіндегендер қысылтаяң шақтарда сасқалақтап қалады. Ал 20 жылдан астам тә­жірибесі барлар өздеріне сеніп, асығыс сәттерде жолдан тез өтіп кетем деп осындай оқыс жағдайға ұшырайды.

Жол полициясы комитеті ма­­ман­дарының айтуынша, әр­бір жетінші жол апаты рес­пуб­ликалық және халық­аралық ма­ңызы бар жолдарда тіркелген. Автомобиль апатына көбінесе, жол сапасының нашарлығы себеп деп санайтындар да жиі кез­деседі. Мұнымен келісуге тура келеді. Мәселен, Қазақстан жол сапасы жөнінен әлемде 140 елдің ішінде 117-ші орында екен. Бұл тізімде Ресей 136, Қырғызстан 139-орынға табан тіресе, жолы тақтайдай тегіс елдердің көшін Франция бас­тап тұр. Еліміздегі жолдардың 33 пайызының сапасы өте нашар екенін Көлік және коммуникация министрлігі өкіл­дері де растайды.

Қазіргі күні ел аумағы бойынша жол апаты жиі тіркелетін он алты қауіпті аймақ та анықталыпты. Бүгінге дейінгі апаттың 30 пайыз­дан астамы осы жолдарда тіркел­ген. Оның ұзындығы рес­публика тас жолының 7 пайызына тең екен. Бір ғана мысал, біздегі «Астана – Теміртау» бағы­тындағы тас жол өткен ғасырдың 70-ші жыл­да­рында салынған. Ол кезде бұл жолмен қазіргідей тәулігіне 3 жарым мың көлік жүріп өтетіндігі ес­керілген жоқ, әрине. Қазір бұл жол өз мүмкіндігінен артық жүк­темемен жұмыс істейді. Міне, осы­лайша, жол сапасының уақыт өлше­міне сай келмеуі де жол-көлік оқи­ғаларының көбеюі­не себеп болады.

Талдаудың екінші жағы жол апатының жиілеуіне автокөліктер санының артуы теріс ықпал ете­тінін көрсетіп отыр. Егер 2007 жылы еліміздегі автокөлік саны 2 млн 671 мың болса, қазіргі уақытта олардың саны шамамен 4 миллионнан асып кеткен.

Естеріңізде болса, өткен жылы Үкіметтің кеңейтілген оты­рысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жол көлік оқиғасы мен кісі өліміне себепші болған жүргізушілерге жазаны қатаңдатуды тапсырған еді. Аз уақыт бұрын халық қалаулылары мас күйінде көлік жүргізгендерді 15 жылға дейін көлік жүргізу құқығынан айыру керек деген ұсыныс жасады. «Жол жүру ережелері туралы» заң жо­басындағы мұндай түзетулер бір ауыздан мақұлданды.

Осылайша, көлікті мас күйінде жүргізген адам бірінші рет ұсталса, оны 3 жылға дейін көлік жүргізе алмайды. Бұл жағдай екінші рет қайталанса, ол 6 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылады және 15 тәулікке қамауға алынады. Ал үшінші рет қайталанған жағдайда осы азамат 10 жылға көлік жүргізу куәлігінен айырылады және 30 тәулікке қамауға алынады.

Сондай-ақ, көлік жылдам­дығын белгіленген жылдам­дықтан 40 шақырымға дейін арттыр­ған­дарды жүргізу куәлігінен айыру жазасын депутаттар 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұлға ауыстырды.

Жол қауіпсіздігін сақтау үшін тиісті органдар қолдан келгеннің бәрін жасауда. Оның қаншалықты тиімді болатынын алдағы уақыт көрсетсе керек.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

sixteen − eight =