Көлік ағыны 100 пайыз тексеріледі

0 16

Нұр-Сұлтан қаласында полицейлер сағат 20.00-ден кейін көлік ағынын 100 пайыз тексереді. Бұл туралы әкімдіктің ресми сайты хабарлады.Полиция департаменті ерекше тәртіптегі жұмысын одан әрі жалғастыруда. Елорда аумағында індеттің таралуына жол бермеу, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауды қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылдануда. 20 сәуірден бастап кейбір кәсіпорындарға жұмыс істеу­ге рұқсат берілгеніне байланысты автокөлік ағыны 10 пайызға артты.
Қалалық жедел штабтың шешімі бойынша өз қызметін жүзеге асыра алатын кәсіпорындар саны артты. Олардың қатарына автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, доңғалақ жөндеу, автосалондар сияқты нысандар қосылды. Талап бойынша автокөлік салонында жүргізуші ғана болуы тиіс. Сондай-ақ агротехникалық салаға да жұмыс істеуге рұқсат берілді. Бірақ бұл ретте әрбір ұйым өз қызметкерлерін жұмысына және үйіне дейін жеткізуі тиіс.
Жеке құрам әрбір көлікті мұқият тексереді. Полицейлер, негізінен, жеке тұлғаларға тіркелген жеңіл көлікті тоқтатады. «Сергек» бейнебақылауының талдау нәтижелері бойынша, күндізгі уақытта қажеттілігіне қарай жолдағы қозғалыс­ты толық бақылау үшін мобильді бекеттер қойылады. Сағат 20.00-ден кейін мобильді бекеттердің көмегімен қозғалыс 100 пайыз тексеріледі.
Полиция департаментінің мәліметі бойынша бүгінге дейін айыппұл тұрағына 1125 автокөлік қойылды. Сағат 22.30-ға дейін азық-түлік сатып алып, сауда нүктелеріне тарататын көліктерге ғана жүруге рұқсат етіледі. Сағат 23.00-ден кейін дезинфекция жұмыстарына кедергі келтірмеуі үшін көлік ағындарын 5 пайызға дейін қысқарту жоспарланған. Төтенше жағдай тәртібін және шектеу шараларын қасақана бұзған жағдайда, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, тәртіп бұзушыларға тиісті шаралар қолданылады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

six + eleven =