Көлеңкесі қою шумақтар

0 620

Хан емессің…

Бүгінгі күннің оқушыларына не оқытатынын қайдам, біздің кезімізде Махамбет Өтемісұлының «Хан емессің қасқырсың» жырын жаттау міндет болатын. Сын сағаты соққанда сыныптағы отыз бала, әншейінде өлең жаттауға құлығы жоқтары да қалыспай, тақпақты жатқа айтып шығатын. Осылайша, 45 минуттың жартысында жыр жарысы басталып, ұйқасы жеңіл, бірақ салмағы ауыр сөздер періште балалардың жүрегін лүпілдетіп, көкірегіне лықсып төгілуші еді. Әрине, бейкүнә санамыз ханның кім екенін, несімен жазықты болғанынан бейхабар. Нарынын жоқтап отырған Махамбеттің де кім екенін біле қоймағанбыз. Бірақ өсе келе де бұл шумақтар жадымыздан өшпей, тілімізге оралып, әлі күнге дейін бір шумағынан да жаңылысқан емеспіз. Бұл жолдардың ызғары Жәңгірдің кім екенін білуге, ел билеген ханның атқарған ісіне де басқаша қаратпайды. Кеңес дәуірінің таптық саясатына сай келген жаужүрек ақынның алты ауызы басқа екпінмен қалықтады. Сол саясат ханға қарсы шыққан Махамбеттің өршілдігін жүрегімізге егіп, сөз еркіндігін санамызға жеткізіп, түсіндірген жоқ. Кеңес өкіметіне оның керегі де жоқ еді. Тек тап тартысының диірменіне салып жіберіп, ханға бергісіз ақынның да, хан Жәңгірдің де образын ұнтақтап жіберді. Енді, міне, оның ақ-қарасын ажырату бүгінгі тарихшыларымыздың үлесінде болар деп үміттеніп жүрміз.
Кім біледі, Бұқар жырау айт­қандай:
«…Тоғызыншы тілек тілеңіз,
Төреңіз тақтан таймасқа.
…Жаулаған ханын қара оңбас,
Хан қисайса, бәрі оңбас» деген сөзіне мән берілсе, өз за­манының батырларының бейнелері сомдалып, санамыздағы қайшылықтың ізсіз кетуіне күш салар еді. Өйткені кеңестің қолайына келген хан тағдыры мен атақты жолдардың астарындағы қазақтың өз мүддесі қайда деген сұрақтың жауабы табылуы тиіс.
Әйтпесе үйренген әдетпен, екі ғасыр бұрын өткен, қол-аяғы шырмалып, қау­қары кем болса да, халқын бір жақсы­лыққа ұмтылдыр­ғанын бағалауға келгенде жалтақтап жүргеніміз сол күйінде қалмақ. Себебі санамызда жаңғырып тұрған Махамбеттің «Достарың келіп табалап, Дұшпаның сенің басқа ұрсын!» деген сөзіне қарап, өзімізді ханның досының не дұшпанының қатарына қоса алмай алаңдаулымыз. Мүмкін бүгінгі жаңа тарихымыздың мінберінде бай-кедей деп тапқа бөлмей, дос-дұшпан деп жікке бөлінбей, ілгеріде өткендердің барын бар деп, жоғын жоқ деп көрсетіп, ешқандай «ызғарсыз» тұлға деп тану керек болар. Бұл Махамбет пен Жәңгірдің ғана емес, иісі қазақтың тарихы деп, оның сабағын ғана байыптау үшін қажет болар. Сонда ғана сын сағатта таразыға түскен қос тұлғаны танып, ғасырдың қайғысын қабылдай аламыз. Таңдау мүмкіндігі – жақсы нәрсе. Осы қақтығыстан керегімізді алып, талайымыз­ға таңдау түскенде дұрыс қо­рытынды жасай аламыз. Өт­кендердің өмір жолынан өнеге алсақ, жаңылыспайтынымыз анық. Бүгінгі қателік өткенді қаперге ілмеуден, оны дұрыс бағаламауда жатыр ма дер едім.

Бөкей ордасының соңғы ханы

«Жәңгір хан (1801-1845) – Бөкей ордасының соңғы ханы, Әбілхайыр ханның шөбересі, Нұралы ханның немересі, Бөкей ханның ұлы. Генерал-майор, шын аты – Жиһангер. Хандықты басқару құрылымында ол бірқатар реформаларды жүзеге асырды. Билік жүргізуді басқаратын жүйеге руханият қызметі – ахун (қажы) енгізілді. Ахунның негізгі білімі хандықта рухани білім беру болды. Бұл реформалар барысында рухани қызметкерлер санының өзгеруі орын алды. Сонымен бірге мұсылман мектептері мен медреселердің санын көбейтті. Жәңгір хан би­лік еткен тұста Бөкей орда­сында 1832 жылы сауда жәр­меңкесі (хан жәрмеңкесі) ұйым­дастырылып, дәрігерлік бөлім­ше, 1938 жылы дәрі­хана, мұрағат ашылып, хан­дық­тың алғашқы картасы жа­салынды. Жәңгірдің бас­қаруымен Бөкей ордасында қазақтың шеберлері жасаған аса құнды әскери қару-жарақтар сақталатын мұражай құрылған. Жәңгір хан сауатты адам болған. Ол араб, парсы, орыс, татар, неміс тілдерін жақсы білген. 1841 жылы Ордада Жәңгір хан өз қаражатына жоғары мектеп ашып, М.Бабажанов, М.Бекмұхамедов, Қ.Шығаев, тағы басқалар білім алған. Сол жылы Жәңгір Бөкейұлы Қазан университеті жанындағы ғылыми кеңеске құрметті мүше болып сайланып, 1843 жылы генерал-майор атағын алады. Жәңгір хан асыл тұқымды жылқыларды өсірумен айналысқан. Ол қазақ шежіресін жинаумен, халықтың әдеби шығармаларымен шұғылданып, өзі де көптеген эпикалық туындылар жазған. 1844 жылы қазанда Жәңгірдің «Мұхтасар әл-фикғайат» атты еңбегі жарық көрген. Жәңгір хан тұсында Бөкей ордасында басқарудың жаңа жүйесі енгізіліп, хандық билер басқарған 12 әкімшілік орталыққа бөлінеді. Билер мен хандар кеңесі, тархандар институты қайта құрылған. Жәңгір хан екі мемлекет субъектілері арасындағы экономикалық қатынастарға бірқатар өзгерістер енгізді. Ол отырықшы өмірді жақтады, сондықтан да бұл процестің өріс алуы үшін жерге жеке меншікті енгізген. Ол салық жинауды күшейту бағытында да бірқатар істер атқарды. Мемлекеттік сауда саясаты тауар айналымының көлемін ең жоғары деңгейге дейін кеңейту және көпес­тердің ағылып келуі үшін жәрмеңкелер ұйым­дастыру бағытында жүргізілді. 1845 жылы Жәңгір хан кенеттен белгісіз жағдайда қайтыс болған. Ол Бөкей ордасының үшінші және ең соңғы ханы болды. Одан кейін хандық билік мұрагерге берілмей қалды. Басқарудың жаңа құрылымы – Уақытша кеңес Ресей империясының Бөкей ордасын басқару құралы болды».
Алайда ақ патша ел-жері­мізді басып алғанда қазақты ұшпаққа шығарам деп келмегені анық. Оның ақыры Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісов (1836-1837) бастаған шаруалар көтерілісіне әкеліп соқтырды. Бұл көтерілістің негізгі сипаты Ресей отарлау­шылары мен феодалдар саясатының жасаған қарсылығы еді. Халқына қызметі адал болса да, отаршыл патшаға билігі болмаған Жәңгір хан көтерілісті Ресей әскерінің көмегімен басып тастайды. Махамбет осы көтерілістің дауылпаз ақыны еді.

Шорманның Мұстафасы

Кеңестік бояумен әрленген «тап тартысының» тағы бір құрбаны бар. Бұл Шормановтар әулетінің озық ойлы азаматтарын танып білуге мүмкіндік бермей келеді. Яғни ХІХ ғасырдағы орыс отаршылығы ішкерілей енгенде халықтың алдына шығып, елге ес болған тұлғаларымыздың қызметін бұрмалап көрсетіп, елге сүйкімсіз етіп қойған саясаттың салдары.
Өткен жазда Баянауыл жаққа жол түсіп, Астана–Павлодар тасжолының бойында жатқан Шормановтардың ата қыстауына бардық. Қапталында Ақкелін бөктері жайылып, бұл мекен бүгінгі күнде «Теңдік» деп аталады. Іргесіндегі қорымда дуанбасы, төртуыл-қаржастың атақты биі, ағартушы, этнограф, патша армиясының полковнигі Мұса мырза Шорманов жерленген екен. Естуімізше, басына қойылған ақ мәрмәр құлпытасқа артында қалған ұрпағы жұмсаған жүз жылқыдан бөлек, Омбының генерал-губернаторы қазынадан бір мың сом ақша шығарыпты деседі. Онда «Здесь покоится прах полковника Чорманова. 1819-1885» деп жазылыпты. Көктасқа есімі қай тілде қашалса да, мұсылман болып өлген, елінде мешіт салдырған марқұмның әруағына құран бағыштадық. Сосын осы ауылда тұрып жатқан Мұсаның туған інісі Мұстафаның ұрпақтарымен кездестік.
– Мұстафа Шорманұлы – менің бесінші атам. Баттал деген баласынан тараймыз. Әкемнің жеті жасында ұлы кәмпеске келіп, балаларымыздың мал-мүлкі тәркіге түсіпті. Ол – мықты аталарымыздың дүниеден өтіп кеткен кезі. Артында қалған дүниесі түгіл, осы қабірдің темір қоршауындағы күмістен жасалған жарты айды да сындырып алып кеткен деседі. Бастары қуғынға түскен Шорманның ұрпақтары алдымен Ақтөбеге, онда тұрақтамай Омбыға ауады. Тек елуінші жылдары ғана атақонысқа оралуға мүмкіндік болыпты, – деп түсіндірді Панабек Дыншеұлы.
Естеріңізге сала кетелік, «Влия­тельнейшие ордынцы Баян-Аульского внешнего округа (1830-1868 гг., по материалам Центрального Гос. архива Казахстана-ЦГА РК) жинағының мәліметінде: «Кулыке-Каржаская волость. С 1843 года, вплоть до закрытия округа (1869 г.) волостным управителем будет родной брат Мусы – Мустафа Шорманов.
Осы әулеттің қасиетті ана­ларының бірі дүниеден өтерінде «Оң қолыммен қайыр беріп, сол қолыммен қайыр сұратқан Құдайға мың шүкір» деген екен. Онысы, байлықтың ба­рында асып-тасымай, жоқ­шы­лық қысқанда да дүниенің бетіне қарамағанынан айтылса керек-ті.
Баянауыл сапарына алып шыққан ағамыз Құдайберген Насыров осы өңірде дүниеге келген.
– Біздер – Шорманның Мұсасына жиенбіз, Сарғалдақтың қызы Айғаным апаларымыз қайтадан сүйек жаңғыртып, анамызды әкеме қосқан екен. Аты – Сәпия, «Аятолла София» деп айтушы еді. Ал Шыңғыс­тың әйелі Зейнеп Шорманның қызы екенін білесіздер» деп, көкшетаулық ұстаз, режиссер Құдайберген Насыров бір құпияның шетін ашқан еді.
Дегенмен анықтай түсейік деп, Құдайбергеннің на­ға­шы жағын таратып алдық. Шың­ғыстың ұлдарынан бөлек, Нү­рила, Әфия деген екі қызы болады. Шорманның Сәдуа­қас атты ұлының Баттал деген баласына сүйек жаңғыр­тамыз деп Әфияға қосқан. Одан Салық туады. Одан туған қыз Сәпия – Құдайбергеннің анасы.

Ақ сиса, қызыл сиса, сиса, сиса…

– Мен ес білгелі радиодан «Ақ сиса» әнін естігенде, анамыз ерінбей орнынан ұшып тұрып, қабылдағыштың құ­лағын бұрап өшіріп қоятын. Арасында «Ақ сисаны» ыңылдап жүрсем, тыйып тастаушы еді. Бір күні мұның себебін де білдім, – деп ағамыз әңгімесін жалғастырды.
– Анамыздың 12-13 жасар кезі. Әжеміз отырған ауылға Жаяу Мұса келеді. Ауылдың қыз-келіндері жиналып, ән шырқалады. Солардың бір­еуі әншіден «Ақ сисаны» айтыңызшы деп сұрайды. Сонда әжеміздің:
– Өй, бәтшағарлар, әруақ­ты күңірентіп, ол өлеңді неге сұрап отырсыңдар? – деп зе­кігені бар. «Әннің қисыны келмеді ғой, сосын қосылды» деген Жаяу кешірім сұрап, қолындағы балдағын шешіп, әжемізге берген екен. Атақты әншінің кешірім сұрайтын ретін былай түсіндірді. Расында, Жаяу Мұсаның жүйрік аты болыпты. Шорманның Мұстафасы, сорына қарай, атты қалаған екен. Орнына бір үйір жылқы берген екен, еліне жүйріксіз қайтыпты. Естелік айтушының дерегіне қарай осы жерде Ақыш деген ағайыны, Мұсаның жүйрік атын бергеніне риза болмай, не атыңды алып кел, не өлең шығар деп шарт қойыпты-мыс…
Жаяудың әнге қосқаны Шор­манның Мұстафасы емес екеніне дәлел келтіретін мынадай бір дәйек бар. «Павлодар облысына белгілі шежіреші, Бөгенбай батырдың тікелей ұрпағы Қазыбек Нұралиннің айтуына қарағанда, Мұса Байжанұлының атын тартып алып, оны жаяу қалдырған Шорманның Мұстафасы емес, өзінің арғы атасы, Орманның немересі Мұстафа Байдалыұлы екен. Жаяу Мұсаның әкесі Байжан Төбетұлы да Орманның немересі болып келеді. Тағы бір ескертетін жайт: Байжанның туған ағасының да есімі – Мұстафа. Қазбек Нұралиннің айтуынша, Байжанның 14 жасар баласы Мұсаның бір жасаған тентектігіне қатты ыза болған Байжанның атасы Орманның Мұстафасы жұрттың алдында атын тартып алады. Содан кейін Мұса туысқанына қыр көрсетіп, ауыл арасында ылғи жаяу жүретін болған. Мұсаның бұл қылығы атсыз жүрмейтін ауылдағыларға ұнамайды. Сондықтан олар Мұсаны «Жаяу Мұса» атаған екен. Меніңше, Жаяу Мұса өз өлеңдерінде «Жаяу жүріп, аттыдай шіренемін», «Атандым сол себепті Жаяу Мұса», «Сор­лы әкең жаяу жүріп, зәкүн қуған», «Жүрмейді кімдер жаяу зорлық қылса», «Аттыдан жаяу жүріп, кек аламын» деп айтқандарына қарағанда, лақап аты өзіне де ұнайтын сияқты». (Серік Жақсыбаев. Қаржас ұрпақтары. (269-бет)).
«Әкем әскерден келіп ағаш кесіп, кіре тартып жүріпті. 22 жастағы кезі болар, сонда Жаяудың баласы Салық та жұмыс істепті. Оның 70-тегі кездері екен. Шау тартып қалған қарияға көмектесіп, қасында жүрдім. Айтар сөзі, әкесінен қалған назы болса айтылар еді ғой. Арамызда ешқандай әңгіме болған жоқ» деп еске алатын. Бабамыздың атын қаралайтын әнді жақтырмайтын үлкендер өтті ғой. Бірақ әннің де әні бар. Егер ол да кезіндегі тап тартысы саясатының ықпалымен Шорманның Мұсасын көздесе де, тарихи шындық қалпына келгені дұрыс деп есептеймін, – деп сөзін аяқтады Панабек Салықов.
Тарихшы-ғалым Жамбыл
Артықбаевтың пікірін сұрағанымызда, Жаяу Мұсаның тегіне қатысты бір сырды ашып, «Ақ сиса» әні Шорман тұқымына, соның ішінде Мұстафаға арналып шығарылғанына еш дау жоқ. Әннің сөзіне көңіл аударсаңыз «Шорманның Мұстафасы» дейді, оны олай емес деу әдепке, шындыққа жатпайды. Бұл бұрында айтылатын, қазір де сөз білетіндер солай дейді. Ал ол не себептен Шорман тұқымына қарсы шығарылған ән десек, ол жерде бірнеше гәп бар. Бұл даудың басы Шорман мен Боштай заманына, яғни ХІХ ғасырдың басына кетеді. Ол мәселені Баянның өзінің кәрі құлақтары болмаса, басқа адам түсіне қоймайды. Бұл жерде ру аралық та, тұлға аралық та қарама-қайшылықтар мен бәсекелестіктер бар» деп айтты. Ақынның Боштайға қатысы жөнінде жазушы Зейтін Ақышевтың кітабында мынадай жолдар тарихшының сөзін қуаттайтын сияқты:
Боштайдан мен туды деп
ел айтады,
Білмесе бекер, текке неге
айтады?
Мықтының жұрнағынан
жаратылған,
Жүрегінің оты бар, – деп айтады З.Ақышев «Жаяу Мұса» романында.
Жалғанда 94 жыл жасап, «Ақ сиса» әнін қалдырған Жаяу Мұса кім еді деп шежіреге тағы үңілдім. Ә.Марғұланның шығармаларында Арғын-Сүйіндіктен – Сұлтанмах­мұт Торайғыров, Қаныш Сәтпаев, Әлкей Марғұлан, Олжас Омар­ұлы сынды игі жақсыларды дүниеге әкелген іргелі рудан шыққаны жазылады.
Бір заманда дүниеге келген Мұса, Мұстафалардың есімін қырық пышақ етіп қою кімдерге керек болды екен деп ойлайсыз. Мүмкін заманында өткен шығар, болған шығар… Бірақ осы жолдардың көлеңкесі Шормановтар ұрпағының да көкейінде жүргенін бізге жеткізді. Бір анығы, әрқайсысын биік тау көретін, тек Баянтаудың емес, бүкіл қазақтың биік шоқысы деп қарау бүгінгі қазаққа қажет. Ал таудың күнгейі де, көлеңкесі де болады.
Бірі – жаяу, бірі ғұмырын ат үстінде өткізсе де, ол – біздің тарихымыз, біздің өткеніміз. Болашаққа аманаттайтын мұрамыз. Ендеше, көңілге көлеңке түсіретін шумақтардың екпінін қайта қарап, әнді басқаша салу керек пе? Тым болмаса, тектен-тек «әруақ­тарды күңірентпеу үшін».

Айгүл УАЙСОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eight + 1 =