КӨЛДЕНЕҢ ЕСІЛДІҢ КӨШЕЛІ ЗЕРТТЕУШІСІ

0 160

 (Басы)

Шоқан жазбаларында айтылатын Қарауыл Шүмен бақсы, Баубек батыр т.б. Байекеңді қызықтырған екен. Көлденең Есіл қариялары бұл тарихи тұлғаларды ұмытқан жоқ. Шоқанның билер сотын ақтап жазған мақаласында Баубек батырдың аты жағымсыз аталады. Бір жағынан Шоқан қазақ билер сотының Ресейдің сол кездегі сот жүйесінен әділірек екенін айтуды мақсат қылса керек. Шындығында Баубек батырды орыс соты алты жылға соттаған. Қалай десек те, Шоқан «известный Кушмуранский конокрад Баубек» дейтіні рас, бірақ сол мақаланың екінші жерінде Шоқан «Это хищник, бывший некогда сподвижнкиом Кенесары, был приговорен к уплате и посаженный в гаупвахту, просил русского суда» дейді. Ел арасында Баубек Кенесары көтерілісінің мықты батырларының бірі есебінде белгілі. Көтеріліс басылғаннан кейін Көкшетауға жақындай алмай, Терісаққанның Есілге құйған жеріне келіп орныққан. Келе салысымен Баубек пен Ерденнің арасындағы атақты барымта басталады. Осы шаруаны Байекең әр түрлі деректерге сүйене отырып тамаша суретте­ген екен. Байекең бұл өштік туралы «Баубек Ерденмен жаны қас, өш. Ерденнің Кене­сары қимылына қатыспағанын, Кенесары қозғалысына Шыңғыстың сілтеуімен талай зиянкестік жасағанын білесіз. Ерденнің тыңшылық істерінен де Баубек хабардар болған шығар» деп бастайды (43-б.). Ең бастысы Байекең аса қорықпай С.Мұқанов, С.Өтениязов еңбектерінде қара бояумен сипатталған Баубек батырдың есімін толып жатқан дәлелдеремен ақтап алады. Есенқабыл деген құймақұлақ қарияның тамаша деректері біздің қазір ауызша та­рих дәстүрі деген ұғымға келіп тұр. Ескең Баубектің атақты бай Бекмырзаның баласы екенін, Кенесарыға ата-анасы жібермей өзінің қашып келіп қосылғанын, бата алған оқиғасын, «Жанайдардай білекті бол, Баубектей жүректі бол» деген сөздің мағынасын т.б. толып жатқан ақпарат берген екен. Байекеңнің жазбаларының арқасында олар бізге дерек болып отыр. Осындай ел аузында әлі де жүрген асыл сөздер бар-ау деп қызығасың.

Байекең Көлденең Есіл бойында Абылай ханға қатысты деректерді де өз әлінше жинақтапты. 1761 жылғы Троицк бекініснің коменданты П.Роденнің рапортында «Абылай Жыланды тауларының маңайында Атбасар өзені алабында Калутан деген жерді жайлап отыр» делінеті рас. Ал, Байекең де Клара Әмірқызы да бір ауыздан ертеректе Атбасар атанған өзеннің қазіргі күнде Жабай деген атпен белгілі екенін жазады (57-б.). Бұл аталған өңір Астана қаласынан тым алыс емес, бар жоғы 160-170 шақырым. Атбасар өзені тым ертеден белгілі, Шайбан сұлтандарының ішіндегі күштісі Мұстафа ханның Әбілқайырмен соғысында ХV ғасырдың алғашқы ширегінде аталатын қоныс.

ХІХ басында қазақ жерінен кен орындарын іздеген Шангин Аққайрақты өзені бойындағы ескерткіштерді ерекше атағаны белгілі. Байекең «Біз кездесіп әңгімелескен ақсақалдар бірауыздан Аққайрақты өзенінің Есілге құятын сағасында Запорожье ауылының бағы орналасқан жердің қасында Қалдыаман моласы деп аталатын зират барын, оның ескі қоныстың үстіне түскенін айтты. Қалдыаман қорымының орны болса, Аққайрақты мен Есіл өзендерінің түйіскен жағалауынан сәл қыратты жайылмасына орналасқан. Қалдыаман орналасқан қырат аса биік емес, оңтүстік-шығыс жағы Есіл өзені де, солтүстік-батысы жағынан өтетін Аққайрақты өзенінің Есілге құяр жерінен 3-4 шақырымдай қашық орналасқан. Қариялардың айтуына қарағанда, екі өзен қатты тасыған кезеңдерде өзінде су басып кете алмайды екен. Бұл жер кенеттен болатын шабуылдан қорғануға ыңғайлы, айнала қара су, өзен айрықтарының батпақты жерлерімен қоршала орналасқан. Осы қоныстың ата-бабаларымыздың өте ерте кезден-ақ елді мекендерін барлық жағынан да үйлесімді етіп сала білгенін байқауға болады. Тағы бір айта кететін жай, қабырлердің басына салынған қорғандар, салынуы мен стилі жағынан ортағасырлардағы құрылыс үлгілерін көрсетеді. Қорыта айтсақ, Аққайрақты қаласы сол маңайда деген тұжырымды әбден жасауға болады» дейді (59-б.). Осы жерде атақты Тасөткел болуы керек. ХІХ басында кен іздеген инженер Шангин бұл қоныстардың бәрін қалмақтың заманымен байланыстырған. Шын мәнінде, қазақтың ортағасырлық тарихының тамаша ескерткіштері…

Байекеңнің 2004 жылы Еуразия университетінің шағын экспедициясымен болған жерінің бірі Жарқайың ауданына қарасты Шолақсандық ауылы. Бұл жерде де экспедиция мүшелері жергілікті қариялармен жолығып ескерткіштер туралы көптеген мәліметтер алады. Жалпы Жарқайың ерте заманнан бері белгілі жер. Тоқтамысқа қарсы жасаған алғашқы жорығында Ақсақ Темірдің Ұлытау, одан Арғанаты, одан Қара Кеңгір мен Терісаққанға түсіп, Жарқайыңнан өткені белгілі. Ол туралы Шараф-ад дин Езди күнделігінде жазған. Осы Жарқайыңға Кенесарымен соғыс кезінде Ресей үкіметі қыр өңіріне бақылау жасауға ыңғайлы және өзі де қорғанысқа қолайлы жерде тұрғандықтан бекініс тұрғызды.

Осы жерде Еуразия университетінің тарихшылары Мұқат Мейірманұлы деген қариядан бұл жерде ертеде Ор атанған қалашық болғанын және осы маңда Көшек деген рудың бірер атасы тұрғандықтан «Оркөшегі» деген атаудың пайда болғанын естиді. Ендеше, 1830 жылдары Кенесарыға қарсы салынған Жарқайың қорғаны бұрыңғы Оркөшегінің үстіне салынған болып отыр. Ал, Ормамбет қалашығына қарсы Есілдің сол жағалауында кездесетін қала орнының бұрыңғы аты басқа болуға тиісті. Міне, елдің көне көз қарияларымен әңгіме кейде ойда жоқта ғылыми ізденістің жаңа жолын нұсқайды. Бұл жерде жақсы өлкетанушы, елдің тарихи жады болған қариялар мен іргелі ғылым арасындағы көпір десек те жарасады.

Ресей отарлауы кезінде «Жарқайың бекінісі», қазақ заманында «Оркөшегі» аталған осы ескі құрылыстың орны әлі сайрап жатыр. Байекең оны былай деп сипаттайды: «Шолақсандық ауылына бардық. Тік төрт бұрышты бекініс-қорғанның ізі айқын сақталған. Дуалдың ұзындығы 220 метр, көлденеңі 190 метрдей, қабырғалараның қалыңдығы 1 метрден асады. Бекіністің солтүстік-батыс және оңтүстік-батыс жағындағы бұрыштарында диаметрі 22-25 метрге жететін отты қарулар орналастырылған мұнаралардың ізі айқын байқалады. Айнала қоршаған дуалдың биіктігі 1.5-2 метрей де, бекіністің іргесіндегі терең қазылған ордың тереңдігі қазірдің өзінде 2 метрдей терең, түсіп-көтерілудің өзі қиын» (61-б.). Бұл қорған Шолақсандық ауылынан 3-4 шақырым жерде Есіл өзенінің жағасына орналасқан, солтүстігінде терең сай жатыр. Бүгінгі күні біз «Мәдени мұра» бағдараламасын іске асырамыз деп тарихтың терең қойнауына бойладық, бірақ әлі күнге сақ пен ғұнның арасын айыра алмай жатырмыз. Неге? Себебі, біз өзіміздің ортағасырымызды әлі түгендеп болғанымыз жоқ. Ол түгілі ХІХ ғасырдың да көп тарихы бізге беймәлім. Жарқайыңды орыстар бекініске текке таңдамайды, қариялардың айтқаны дұрыс, ол жерде ортағасырлық Оркөшек атты қаланың орны бар. Ақсақ Темірдің жорығын баяндаған шығыс тарихшылары да кез келген қазақтың жер атауын тізе бермейді, ең таңдамалы және географиялық ориентир болатын топонимдер ғана ол тізімге енген.

Жергілікті қариялар Жарқайың бекінісін Кенесары әскері тұтқиылдан шапты дейді. Е.Бекмахановтың «Есіл жағасындағы Көкалажар қамалын Кенесары әскері қоршауға алғанда гарнизондағылар көтерілісшілерді жақындатпай ұзақ атысады. Сонда Иман батыр кішігірім тобымен байқатпай барып, қамалдың сыртынан соққы беріп, оған басып кіреді» деп сипаттаған оқиғасы осы Жарқайыңға байланысты болуы керек. Осы мәселені Байекең де жазған екен, ал, біз осыған толық сенімдіміз. Себебі, біз Көкалажар деген жерде болдық, ол Сарысудың орта ағасында, Бетпаққа табан ілінетін жерде және Көкалажарда орыстар бекініс салмаған сияқты. Мүмкін Байекең айтқандай Шолақсандықтың маңында Қоғалы жар деген жер атауы болды ма екен? Анықтай түсу керек.

Байекең осы Шолақсандық маңындағы «Солдат түбегі» туралы әңгімелерді де қариялардан сұраған екен, ол да Кенесары заманына қатысты болып шықты. Ол әңгімелерде бірде Наурызбай төре, бірде Ағыбай батырдың аттары аталады. Ресей құжаттарының ішінде «Кенесары погнался за отрядом Горского и настиг его близ урочища Жергаина, где и окружил. Горский едва не попался в плен. Но к своему счастью, он получил помощь, и Кенесары был отражен. Преследуя подполковник Горского Кенесары убил 4 казаков, 4 человека были взяты в плен и отбил 800 лошадей обратно» деген дерек бар. Бұдан шығатын қорытынды, Горский отряды қазақ ауылдарына карательный экспедиция жасап тонап келе жатқанда Кенесары қуғынына ұшыраған. Бұл 1840 жылы болған оқиға, қалай болғанда да Солдат түбегінің тарихи жер екені айдан анық. Өлкентанушы болатын адам көркем әдебиетті де жақсы білуі шарт. Байекең Ғабит Мүсіреповтың «Өмір ертегісі» атты әңгімесін де Шолақсандыққа қатысты жақсы пайдаланады. Бұл әңгімеде «Кебіс ауыз», «Құмкөл» атты Есілден өтетін өткелдер туралы жақсы мәліметтер бар. «Кебіс ауыз» Қызылтам ауылының батысында 3-4 шақырым жерде, жанында Ахмет қажының қызыл кірпішен салынған кесенесінің орыны бар дейді. Осы жерден Әбдуәлі қыстауы мен Тассуат ауылын басып жүрсеңіз, 30 шақырымнан кейін Құмкөл өткеліне кездесесіз. Оны қазір Мағау өткелі деп атайды дейді өлкетанушы. Осы өткелден әрі қарай жүрсеңіз «Кенесары бастаған қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының батырларының бірі Қара батырдың сүйегі жатыр. Зираттың ескерусіз жатқаны өкінішті-ақ» деп қынжылыс білдіреді Байекең (68-б.).

Көлденең Есілдің Жарқайың аталатын осы тұсында ескерткіштен адам аяғын алып жүру қиын. 1771 жылы Еділ бойының қалмақтарын қуып келген әскердің ішінде болған капитан Рычков өз күнделігінде: «Есілге құятын Кеңкөл атты шағын өзенге жеттік…Есіл өзені енді батысқа қарай ақпайды…осы тұста кілт бұрылып солтүстікке қарай қарай беттейді» деп жазған екен. Есілдің кілт бұрылатын жері қазіргі Державин және Гастелло аталған ауылдар.

Капитан Рычков «бұлардың бәрі ерте заманда осы жерде жасаған алыптардан қалған, бұлар керемет мықты, көп жасайтын адамдар екен. Үлкен үйінділерді қазақтар осы алыптар өлгеннен кейін бірін –бірі жерлеген молалары деп атайды» деп сипаттаған алып ескерткіштер әлі де орнында тұр, ертеде бұл жерде алыптар мекендеген деген аңыз әлі де елдің есінде. Алып аталатын жер Жарқайың ауданының Баранкөл аталатын ауылы тұсында кездеседі. Байекең Мадияр Елеуов, Дөкей Талеев сияқты ғалымдармен бірге Алып аталатын ересен үлкен жалға өлшеу жүргізіпті. Сонда байқағандары ұзындығы 365 метр, ені 18-20 метр, биіктігі 3 метр шамасында. Ел аузынан осы ескерткішке қатысты алыптар туралы аңыз әңгімелер жазылып алынды. Қарасаң, бір ғылыми кітапқа, тіпті болмаса, оқушылардың жылда жазатын ғылыми жұмыстарына татитын тақырып. Маған ғылыми жұмыс жазайық деп едік, қандай тақырып алсақ болады деп Астананың тарихшы мұғалімдері мен оқушалыр көп келеді, тақырып таяқ астында деген осы емес пе?

Алыптар туралы мистикалық мазмұн басқа да ескерткіштерде жалғасып жатыр. Байекең Байтемір мазары туралы мынадай әңгімені жазып алыпты: «Ұлытау жағынан көкқасқа атқа мінген бір жігіт Есіл өзенінің арғы бетінен келіп, өткел сұрап, жөн сұрасқанда өзінің атын Байтемір деп таныстырады. Сонда жөн айтушылар бұл есімді естігелі үш күн болғанын, судан дүркін-дүркін «Байтемір» деп шақырған дауыс шығатынан айтып, су иесі шақырып жатқан болуы керек, осы судан өтпесең қайтеді» дейді. Байтемір осы ескертуге қарамастан суға түскен бетте бірден батып кетеді де, оны еліне апармай төбенің басына қойған еді» делінеді (92-б.). Бұл өте ерте заманда тастан салынған ескерткіштің жағдайы қазір нашар, жойылып кетуге жақындаған. Осы қысқа әңгімеден екінші алатын ақпарат қазақтың жадындағы су иесі туралы ұғымы. Есіл бойындағы білікті қариялармен бірге тереңдете зерттейтін тақырып.

Көлденең Есілдің осы сияқты қызықтары көп. Байекең өзінің аз ғұмырында қолынан келгені жер-су атын танитын, шежіреден хабары бар қариялармен әңгімелесіп, алған ақпаратты жазып отырған. Осы өлкені мекен еткен бүгінгі ұрпақтың арасынан өлкетану шаруасына ие болатын адамның шыққаны керек-ақ. Өлкетанушының міндеті үлкен тарихи жаңалық ашу емес, оны кәсіби тарихшылардың өзі де жасай алмайды. Елдің есінде әлі өшпеген, бар тарихты түгендеу. Бұл тарих қағазға түсіп, қатталып мұрағатта жатқан дүние емес, бүгін қариялар бар кезде жасалмаған шаруа ертең кеш болмақ.

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ,
Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty + 9 =