Көктемнің отыз бірінші күні

Желіден жалқы жыр

0 101

Көктем бізді көрмеді,
Біз – көктемді.
Тағы бір күн басынан бізді өткерді.

Кешкі астана.
Көкжиек жалқынданып,
Бәрі жаһандағыдай –
«Салқын қалып».

Жалған сөзден тұншыққан ауа сынды
Білем,
Өз-өзінен жалықты қала сұрлы.

Қабырғалар күрсінді күбірі көп,
Көшелер де күрсінді дүбірі жоқ.

Ағылар рух секілді алаңға гөй
Сырт жаққа ұмтылады қамалған ой.

Бір үйде он жан шиша «қағып» алып,
Нотасыз ән қаңғиды ауық-ауық.

Көктемді ешкім көрмеді, биыл әлі,
Бедеу талдай сұр шаһар бұйығады.

Тарылған тынысындай ойлы әлемнің
Лебі де сезілмейді майда желдің.

«Көктем» дедік бұл сәтті – сұрқы күз-ақ,
Кешкі астана.
Барады бір күн ұзап.

Күлімдеп ар жағынан бетперденің
Бізді алдап жүрсің бе әлде, Көктем керім?!

Саян ЕСЖАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × 4 =