Көктемдегі пессимистік сценарий

0 33

Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты елдегі эпидахуалды болжау жөніндегі жұмыс тобының пессимистік сценарийі орындалып кетуге жақын. Бұған дейін ДСМ басшысы Алексей Цой пессимистік сценарий бойынша сәуір айында күніне вирус жұқтыратындар саны елде 1700 адамға жетеді деген еді. Қазірдің өзінде, яғни наурыздың аяғына жетпей-ақ тәулік сайын 1100 адамнан вирус анықталып отыр.

Қазақстан – «сары» аймақта

Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының ресми сайты жариялаған эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасына сәйкес Қазақстан – коронавирустың таралу көрсеткіші бойынша «сары» аймақта. Ал «қызыл» аймақта Атырау облысынан бөлек, Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары мен Батыс Қазақстан облысы бар. «Сары» аймақта Ақтөбе, Алматы, Қарағанды облыстары болса, қалған өңірлер – «жасыл» аймақта. Ел ішінде коронавирус жұқтырғандар саны 236200-ге жетті. Осыған орай, ауру саны ең көп екі бас қалада дертті одан әрі таратпау үшін өңірлік жедел штабтардың шешімі бойынша бірқатар шектеу шаралары қабылданды. Жалпы әлемде де коронавирусқа қатысты эпидемиологиялық жағдай мәз емес. Джонс Хопкинс университеті сайтындағы соңғы мәліметтерге сәйкес, әлем елдерінде коронавирус пандемия басталғалы 124124997 адамнан анықталды. Оның ішінде вирустан қайтыс болғандар саны 2733380 адамға жетті. Коронавирус ең көп тараған елдердің алғашқы бестігінде АҚШ, Бразилия, Үндістан, Ресей, Ұлыбритания тұр.

Елордада жағдай тұрақсыз

Індет өршіген елорда – әлі де «қызыл» аймақта. Бұл туралы кеше брифингте Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсау­лық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов мәлімдеді. Оның айтуынша, 14 наурыздан бастап ауру жұқтыру деңгейі 24 пайызға өскен. Мәселен, ақпан айында тәулік ішінде орта есеппен ауру жұқтырған 100 адам тіркелсе, 25 наурызда бұл көрсеткіш 230-ға дейін жеткен. Қазір күніне 150-ден 280-ге дейін жағдай тіркеледі. «Бүгінгі жағдай өткен жылғы жаздағы кезеңмен ұқсас болып отыр. Себебі наурыздың басынан бері 3754 науқас тіркелген, мұны былтырғы шілде айының басындағы көрсеткішке теңеуге болады» деді басқарма басшысы. Қазір елордадағы жұқпалы аурулар стационарында 480 адам емделіп жатыр, бұл – төсек-орынның 64 пайызы бос емес деген сөз. Жансақтау бөлімінде ем қабылдайтын науқастардың да саны артқан. Соңғы аптада сырқаттанушылық деңгейі алдыңғы аптамен салыстыр­ғанда бірдей деңгейде, 100 мың тұрғынға шаққандағы қарқынды көрсеткіш 121,1-ді құрады. Репродуктивтілік саны – 0,92.

Дәрігерлер жүктемесі екі есе артты

Қайтадан күштің бәрі ақ халаттыларға түсті. Дерт асқынған сайын елордалық дәрігерлер мен барлық медицина қызметкерлері екі есе жүктемемен жұмыс істеп жатыр. Сол үшін бүгінде инфекциямен күреске 3700-ден астам медицина қызметкері тартылды. Жұқпалы аурулар стационарындағы жұмыс үшін құрылған кадрлық резерв те күннен-күнге толықтырылып отыр. Қалада дертпен күреске бағытталған 11 стационар болса, соның ішінде 10 инфекциялық, «Ramada Plaza» қонақүйі базасындағы бір карантиндік стационар бар. Қосымша үш ұйымның базасында 300 инфекциялық төсек-орын ашылмақ. Оларды Травматология және ортопедия институты базасында, Қорғаныс министрлігінің Бас әскери клиникалық ауруханасында және Отан соғысы мүгедектерінің орталық госпиталінде ашу қарастырылады. Аталған үш ұйым алдын ала дайындықтан, тексеруден өткізіліп, бүгінде жұмысқа кірісуге дайын. Індетпен күрес­ке жұмылдырылған стационар­лар басқа аурулары бар науқастарға медициналық көмек көрсетуге еш кедергі келтірмейді. Олар бұрынғыдай жоспарлы және шұғыл емдерін ала береді.

Мейрамнан кейін асқынды

Мерекеге сәйкес келген осы аптада науқастармен байланыста болғандар саны 10 пайызға өскен, яғни 500-ден 735 адамға дейін көбейген. Қала тұрғындарының карантин талаптарын, оның ішінде үй карантині режимін сақтамағандығының салдары – осы. Кеше брифингке қатысқан елорданың бас санитар дәрігері Сархат Бейсенова осылай деді. Демек, мейрамдардан кейін дерт асқына түсетіні тағы расталды. Мұндай жағдай жыл басында Жаңа жыл кезінде де болғаны есімізде. Оның себебі – халықтың жаппай көпшілік орындарда, сауда орындары мен базарларда өріп жүретіндігі. Коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупінің жоғары болуына бұқаралық іс-шаралар – үйлену тойлары, мерейтойлар, еске алу және т. б. өткізілуі, қоғамдық көлікте алдын алу шараларының, сондай-ақ үй карантинінің сақталмауы да басты себеп.

Жаппай егу сәуірде басталады

Вакцинация басталғалы елордада барлығы 9988 адам екпе салдырды. Оның ішінде 4650 адам медицина қызметкерлері болса, 1799 адам – педагог. Қазіргі уақытта дәрігерлер, педагогтар, шұғыл қызметтер, әлеуметтік мекемелердің контингенті егіліп жатыр. Сонымен бірге созылмалы аурулары бар адамдарды вакциналау басталған еді. «Осы тұста түсініспеушілік туындап, тұтас халықты вакциналау басталып кетті деп ойлайтындар бар екен. Иә, біздің кейбір емханаларымыз вакциналауды бастады, бірақ бұл созылмалы аурулары бар адамдар ғана үшін, біз оларды бірінші вакциналауға тырысамыз» деді Т.Мұратов. Ал басқа халықты жаппай вакциналау сәуірдің екінші жартысында басталады. Елордада сол үшін алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 36 ұйым­да бірінші және екінші компоненттерге арналған 2 вакцинация бөлмесі, вакцинациядан кейін пациентті бақылауға арналған күту бөлмелері тұрақты жұмыс істейді. Ол емханалар тоңазытқыш қондырғылары, вакциналарды қоймадан екпе салу мекемесіне тасымалдауға арналған термиялық контейнерлермен қамтамасыз етілген.

Қоғамдық көліктегі жауапкершілік кімде?

Көпшіліктің түсінбейтіні – барлық жерде талап етілетін санитарлық нормалар неге қоғамдық көліктерде сақталмайтындығы. Автобустарда адамдар маска таққанмен, әлеуметтік арақашықтық сақтап жатқан жоқ. Осы сұрақты кеше брифинг кезінде журналистер қаланың бас санитарына қойды.
– Қоғамдық көлікте маска тағу, арақашықтық сақтау туралы талаптар қаулыда бар. Автобустарға кіреберіске санитайзерлер қойылған. Автотасымалдаушы мекеме қызметкерлері осы қаулымен жақсы таныс. Барлық жауапкершілік – соларда. Көлікке маскасыз тұрғынды мінгізбеу немесе маска тағуын талап ету, ескерту – көлік жүргізушісі мен контролер міндеті. Біздің басқарманың қоғамдық көліктегі талаптардың қалай сақталатынын тексеруге заңды түрде құқығы жоқ, – деді С.Бейсенова.
Сонымен түсінгеніміз, қоғамдық көлікке қатысты талаптардың орындалуын олар осы тасымалды ұйым­дастырушы кәсіпорындар қызметкерлері мен жалпы халықтың қоғам алдындағы ар ісіне салып отыр. Қолдан келер шараның бірі – жексенбі күндері қоғамдық көліктер жұмысын тоқтатып, сол күні барлық автобустарды толықтай зарарсыздандыру.

Қай жастағылар көп ауырады?

Елордада тұрғындардың жас шамасы бойынша 40-49 жастағы ересектер дертті көп жұқтырады екен. Олардың жалпы көрсеткіштегі үлесі – 23,9 пайыз. Одан кейінгі кезекте 50 және одан жоғары жастағылар жиі ауырады. Сондай-ақ 14 жасқа дейінгі балалар арасында 20,3 пайызы осы инфекцияға шалдығуға көбірек бейім. Негізінен, ең көп ауруға шалдығатындар – жұмыс істейтін адамдар. Олардың үлесі – 43 пайыз. Осы айда дерттің зейнеткерлер арасында 2 пайызға, оқушылар арасында 3,4 пайызға өскені байқалады. Жыл басынан бері елордада сырқаттанғандар саны 10 мыңнан асты, пандемия басталғалы 28941 жағдай тіркелді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

8 + 9 =