Көктемде қалың қар басты

0 23

«Биыл қыс біте ме?!» дейді аулада жүрген ақсақал, қалың қардың қарысын санап… Иә, көктем әлдеқашан келсе де айналаны аппақ қар құрсап тұр. Наурыз мейрамында қыстай болмаған боран тұрды. Қала көшелерінде көлік көрінбей, адамдар ақ ұлпаға оранды. Ауа райын болжаушылардың мәліметі бойынша, осы мезгілде осынша қар осыдан отыз жыл бұрын болған деседі.

Нұр-Сұлтан қаласында қар күреу жұмыстарын жүргізу кешкі және түнгі уақытта, екі ауысымда қарқынды жүргізіледі. Өткен түні қаладан 54 мың текше метрден астам, ал тәулігіне 111 мың текше метрден аса қар шығарылған екен.
Бірінші кезекте, ереже бойынша, жолдарда кептеліс болмауы үшін қозғалысы өте қарқынды учаскелер тазартылады. Одан әрі орташа қарқынды учаскелер – алаңдар, вокзал маңындағы аумақтар, тротуарлар және т.б. аумақтардың қары күреледі.
Елордалық құтқарушылардың күшімен осы уақытқа дейін 18 адам, оның ішінде 2 бала құтқарылды, сондай-ақ 5 бірлік техника сақталды. Жиналған қар елордадағы 11 полигонға шығарылып жатыр. Полигондарда бақылау үшін фото және бейнекамералар орнатылған. Жалпы, қыс мезгілі басталғаннан бері қаладан 4 774 244 текше метр қар шығарылған екен.
Ал бүгін елордада көшпелі бұлт шығады, күндіз жаңбыр аралас қар жауып, көктайғақ болады деп жазады «Қазгидромет» өз хабарламасында. Оңтүстік-батыстан 9-14 м/с жылдамдықпен жел соғады, ауа температурасы түнде -6-8 градус, күндіз 1-3 градус жылы болады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

12 + 7 =