«Көктал-1» тұрғындарын не толғандырады?

0 22

Кеше Сарыарқа ауданының әкімі Ерғали Егембердінің халыққа есеп беру кездесулері «Көктал-1» тұрғын алабынан басталды. Қала басшысының орынбасары Нұрлан ­Нұркенов, қалалық мәслихат депутаты Зұлпыхар Ғайыпов қатысқан жиында әкім өткен жылдың қорытындыларын жария­лап, осы жылдың жоспарларымен бөлісті.Ерғали Егемберді осы ла­уазымға бір жыл бұрын тағайындалды. Келе сала ұялы телефон нөмірін әлеуметтік желілерде жариялаған аудан басшысы сол уақытта толассыз қоңыраулар «жаңбырша жауғанын» айтты. «Күніне 50-ден 80 қоңырауға дейін түсіп жатқанда жұмыс уақытын жоспарлау қиын. Бірақ түйткілдер шешімін таба бастағанда, қоңыраулар саны айтарлықтай азайды. Сол кезде жұмысты жоспарлау да қалыпты жағдайға түсті» деген әкім осы кездесуде барлық сұрақтарға жауап беруге, есеп беруден соң тұрғындарды жеке қабылдауға уәде берді.
Өткен жылдары «Көктал-­1» тұрғындарын газбен қамту мәселесі қатты тол­ғандыратын. Жоспар бойынша көгілдір отын алдымен бірнеше тұрғын алап­қа келетінін айта кетейік. Соның арасында осы кент те бар. Жобаға сәйкес газ биылғы жылыту маусымы басталғанда келуі тиіс. Осыны естіген тұрғындарда бұл мәселе бойынша сұрақтар аз болды. Қар тазалау жұ­мыс­тарына да көкталдықтар дән риза. Коммуналдық қызметтер кенттегі жолдарды ауа райының бұзылуына қарамастан жақсы тазалаған.
Халық тарапынан көтерілген мәселелер қата­рында қоғамдық көлік жұ­мысы болды. Атап айт­қанда, жа­қында іске қосыл­ған «5А» қосымша бағдарға қатысты сын айтылды. «Бұл автобус келіп болмайды. Оны 40 минут күтеміз» деді тұрғындардың бірі. №61 «Шолпан» балабақшасына автобустар бармайтыны да айтылды.
Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа ауданында өткен жылдың қорытындысы бо­йынша қылмыс жасау деңгейі төмендеген.
«Өткен жылдың қорытындысы бойынша аудан көлемінде қылмыс деңгейі 20,7 пайызға азайып, сәйкесінше қылмыстың бетін ашу деңгейі көтерілді. Криминалдық полиция өкілдері аудан бойынша барлығы 37 жедел профилактикалық және 17 рейдтік іс-шаралар ұйым­дастырды. Ауданымыз­дағы қоғамдық тыныштық пен қылмыс деңгейінің ­азаюына бейнежазба камералары себін тигізуде. Өткен жылы аудан көлемінде 2281 «Сергек» бейнебақылау камерасы орнатылды» деді аудан әкімі.
Аудан әкімінің есебі бүгін №68 орта мектепте «Көктал-2» тұрғын алабы тұрғындары алдында жалғасады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды