Көкпар тартып, қыз қуған…

0 304

Бiзге ертегi сияқты… Ауылдағы ата-апаларымыз бозбала, бойжеткен шақтарындағы ойнаған ойындарын майын тамызып отырып айтқанда, «Осы өтiрiк пе, рас па?» дейтiнбiз. Сағына еске алатын. Тамсана әңгiмелейтiн. Сосын бiр күрсiнiп, «Беу, өткiншi дүние-ай!» деп, тұңғиық ойға берiле кететiн-дi. Әжiм қаптаған жүздерiне қарап, «Бұлар да бiр замандарда бiздердей жас болды-ау» деп қаламыз. Бiрақ, бүгiнгi әңгiме төркiнi – өмiрдiң өткiншiлiгi емес, ұлттық ойындарымыздың өнегесi хақында. Иә, бiздiң тоқталмағымыз – ұлттық ойындар. Әз Наурызда ойналатын…
Атам қазақ бұл күнi ойналатын ойындарды «наурызнама» деп атапты. Сан ғасырлық бодандығымыздың тас құрсауы қатты батса керек, «наурыз-нама» санамыздан әлдеқашан ұмытылыпты ғой. Ендi бұл қасiреттiң обалын арқалаушыны кiнәлап, сан соғудан келер пайда шамалы. Ұрпақ мақсаты – егемендiгiмiз арқалап келген елдiгiмiздi пайдаланып, ұлт-тығымызды дәрiптеу, басқасымен қатар, ойындарымызды да тiрiлту. «Ұмытылыпты» десек те, ұрпақ санасында ұлттығымыздың iзi бары анық. Өз ойындарымызды жарытып ойнамасақ та, олардың атын, шартын бiлемiз. Мәселен, екi жетiге дейiн созылатын Наурыз тойында қазақ бабам «Қыз қуу», «Арқан тартыс», «Аударыспақ» ойнаған. Айлы түндi саз бен әуенге бөлеп, «Алтыбақан» тепкен. Алдыңғы ойындар әлi де ауылдық аймақтарымызда көркiн тауып, көңiл қызуын көтерiп келедi. Оған қуанамыз. Ал, «Алтыбақанды» айналшықтайтындар – жоқтың қасы. Наурызда басталатын бұл ойынды қазақ баласы кең дала төсiнде сона-ау қара күздiң реңi байқалғанша жалғастырыпты. Көбiне жаздыгүнi ауыл сыртында ойнапты. Сонымен қатар, «Сақина салу», «Тоғызқұмалақ», «Ақсүйек» сынды ұлттық ойындарымыз да жастарымыздың көңiлдi думанын арттырғаны рас. «Селт еткiзер», «Ұйқыашар» деген ойынға ұқсас салтымыз да бүгiнде бұлыңғыр тартқан. Басқа да өнеге мен тәрбиенi, ибалық пен инабаттылықты үлгi етер ойындар жетерлiк. Бiздiкi олардың шартын сапырып, көп сөздi көлгiрсiту емес. Тек қазақ қауымына қазақы ойындарын қайта қауыштырсақ деген ой.
Рас, елiмiздiң жер-жерiнде, әсiресе, ауылдық мекендерде ұлттық ойын-дарды арагiдiк жаңғыртып жатады. Бiрнеше жылдан берi елордасы Астананың өзiнде асық атудан турнир дәстүрлi ұйымдастырылып жүр. Ендi әлгi аты аталған, қала жастарының ыңғайына келетiн өз ойындарымызды түрлендiрсек. Басшылық тарапынан қолдау болса!

Түйiндеп айтқанда, ұлттығымызды дәрiптеп, өз ойынымызды ойнаймыз десек, ешкiм қарсылық таныта қоймас. Айтысымыз мемлекет қолдауына ие болып, ЮНЕСКО-ның демеушiлiгiн тапты. Қазақ күресiмiзден әлем чемпионаты өтетiн болды. Ендiгi мәселе, ат үстiндегi тартысты, басқа да қызықты, өнегелi ойындарымызды жаңғырту, түрлендiру. Ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлерiмiздi санамызға қайта сiңiру. Ат салысыңыз, ағайын!

Асхат РАЙҚҰЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × five =