«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Көкірегі алтын көмбе

0 618

Бүгін ұлт тарихында өз орны бар айтулы тұлға, құранқари ақын Файзолла Сатыбалдыұлының туғанына 135 жыл толды. Жасынан имандылықтың дәні егілген отбасында туып-өскен ақын, есейгенде де сол ізгілік жолдан таймады. Он жеті жасында құранды жатқа білгендіктен, құранқари атанды. Туған елінде әкесінің жолын қуып, мешіт ұстап, елді имандылыққа шақырды. Алаш арыстарымен араласты. Соларға төнген қара бұлт Файзолла атаны да айналып өтпеді. «Алашордаға қатысы бар» деген жаламен 14 жылға сотталып, Ресейдің қиыр шетінде жазасын өтеді. Одан аман-есен оралғаннан кейін де көп мехнат шекті. Туған жеріне тек пайғамбар жасына тақаған кезде оралды. Ардақты азамат көзі тірісінде ауыр күндерді бастан өткеріп жүрсе де, қолынан қаламын тастамай, өнімді еңбек етті. Халқымыздың тарихынан сыр толғаған бірталай поэмалар, өлең-жырлар жазды. Араб, орыс әдебиетінің шоқтығы биік шығармаларын тәржімалады. Осы құнды мұралары өзі өмірден өткеннен кейін 30 жылдан соң ғана жарық көрді.

Тағдыры да, таланты да бір-біріне ұқсаған, заманында ұлылығын ұрпақтары ұқпаған, алты алаштың асқар таудай алыбы – Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Шәкәрім Құдайбердиев, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов болса, оның тағы бір аймаңдай ақиығы – құранқари ақын Файзолла Сатыбалдыұлы.
Халқының ар-намысын аяқ асты таптатқысы келмегеннен басқа айыбы жоқ адамзаттың асылы өздерін өгейсіткен өмірдің де, өздерін өксіткен өмірдің де өзгеріп, адалдық пен ақиқаттың мерейі тасып, мәртебесі асып, әділдік үстем болатынын сергелдеңде жүргенінде-ақ сезді. Ақын әйтеуір, бір күні ұрпағыма керек болар деп, жүз жиырма тоғыз ауыз жыр жолдарынан тұратын тарихнама дастан жазып, бір жастағы сәби шағынан жетпістегі қарт кезіне дейін жүріп өткен өмір жолын біздерге бастан-аяқ баяндап кетті. 1883 жылы дінбасы Сатыбалды ишан Ғабдоллаұлының отбасында дүниеге келгені, сегіз жасқа жеткенінде ауылдағы Кәлмен молдадан сауат ашып, әкесінен дәріс алғаны, мұнан кейін Тройцкідегі Ахон хазірет, Бұхардағы «Көкілташ» медресесінде оқып, құранды жатқа айтатын ғұлама-құранқари атанғаны, бәрі-бәрі өлеңменен өріліп, шежіре-сыр болып, құлағыңа құйылып тұр.
Файзолланың әкесі – Сатыбалды ишан кезінде діни қайраткерлігімен Орта Азия халқына кеңінен танылған адам. Шешесінің аты – Әйін. Нағашысы – Сарықопа, Қызбел, Қоңыраулы бойын жайлаған мадиярлар да, бұлардың ішінде Міржақып Дулатовтың үлкен атасы – Қабақ қажы.
Ақынның туған ағасы, Атымтай жомарт­тығы үшін Арқа өңірінің халқы Мырза ишан деп атап кеткен Жәлеледдиннің бел баласы – Нұриден ақсақалдың көзі тірісінде айтқан әңгімесі бойынша, Міржақып пен Файзолла бүршік жарған балауса шағынан-ақ жұптары жазылмай, бірге өскен. Әке-шешесінен жас­тай айырылғандықтан, ержетпей жатып-ақ тым ерте есейген Міржақып Файзолладан тұп-тура үш жас кіші болса да, атамыздың алдында азаматтыққа қадам басқаннан-ақ, балалығынан гөрі даналығын көбірек байқатқан.
1899 жылы Файзолла Бұхарадағы Қожа Аһрар медресесін бітірісімен-ақ, он алты жасқа жетпей-ақ құранқари ата­ғына ие болды. Ислам дінінен хабары бар адам пайғамбарға Алладан 104 кітап келгенін білуге тиіс. Мінеки, сол қасиетті кітаптардың ішінде ахиреттің күнінде адам баласына қажетті сөздер мен істер, бұрынғы пайғамбарлардың тарихы, әртүрлі пайдалы уағыздар, дұға, ибадат қылудың тәртібі, шариғат өкімдері жазылған Құран – ең қастерлісі. Ал Мұхаммед ғалай-­­с-саламға Алладан келген Құран-қалами шерифтің 114-сүресі, 77439 сөзі мен 325743 әрпін араб тілінде жаңылмай жатқа айту – мұсылмандар дүниесінде сирек кездесетін оқиға.
Туған жиені ислам діні ғылымын терең меңгеріп, елге оралып келе жатқанында Міржақып Торғай қаласындағы мұғалімдер училищесін бітіріп, Терісбұтақтағы бегім­бет елінде мұғалім болып, білім нұрын шашып жүрген кезі екен. Қасына Батпаққара елінің екі жүздей игі жақсыларын ертіп, Файзекеңнің алдынан шығады.

«АЛЛАҒА СЫЙЫНДЫҢ» ДЕП АЗАПТАҒАН

Кесірі мен кесапаты мол кертартпа заман-ай. Бесіктен белі шықпаған баласын да, дархан ойлы данасын да мәңгүрт етіп, сана-сезімін улап алған соқыр саясат, шаш ал десе бас алатын безбүйрек белсенділік. Сенің сәбидей пәк саңлақтарыма, ұясында ұлт болып, ұйып отырған еліме, түгін тартса май шығатын жомарт жеріме салған сорақы сұмдығың аз болды ма?
Япырмай, дүние-мүлік, тігерге тұяқ қалдырмай сыпырып алып, сорлатып қойған сол бабаларымызды ол аздай-ақ, туып-өскен елінен айыратындай, бұл жалған фәниден о дүниеге көшкенінде ата-бабасының жерінен бір уыс топы­рақ та бұйыртпай, тентірететіндей жарықтықтардың не жазығы бар еді? Жазығы осынау отандастарымыздың ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ақыл-ойымен пайымдай білетін, көзі ашық көкірегі ояу жан екендігі шығар. Әйтпесе, 1918-1922 жылға дейін Торғай дуанында облыстық милиция бөлімінің бастығы болған, 1922-1926 жылдары «Күлік» деген іргелі елді мекендегі мешіттің имамы болып бар саналы өмірін адамдарды имандылық пен инабаттылыққа, әруақты сыйлап, әр істің обал-сауабын ойлауға шақырған, ұстаған дінімен де, жыр шашқан тілімен де қалың елі -қазағын берекелі бірлік пен тату-тәтті тірлікке үндеген адамды 1928 жылдың желтоқсан айында «Алашордаға» қатысы бар», «Ұлтшыл ұйымының мүшесі» деген сылтаумен әуелі Батпаққара түрмесіне қамап, кейін желтоқсанның жиырма сегізінші жұлдызында Қостанайдың ақ түрмесіне жөнелтер ме еді? Рас, Файзекең Алаш партиясы мен «Алашорда» үкіметінің бағдарламасын қолдады… Бірақ та саясатқа араласпады. Сонда Кеңес өкіметінің алдында ары да таза адамға неге жала жабылып, ақын не себепті елден аластатылды? Біздің пайымдауымызша, заманында Файзекеңдей құранқари ақын, ғұлама ғалым адамдардың көзі тірі тұрғанында халықты діні мен тілінен айыру, бұл рухани құндылықтардың адам тәрбиесіндегі мәні мен маңызын жоққа шығару мүмкін емес-ті. Сондықтан да, елімізде дінге қарсы күрес, қазақ халқын орыстандыру саясаты ең бірінші, халқына жылуы мен жарығын қатар түсіріп тұрған осындай жайсаңдары мен жақсыларының көзін жоюдан, қазақ даласын қан жылатқан қуғын-сүргіннен басталды.

ШЕРЛІ ЖЫЛДАР ШЕЖІРЕСІ

Файзекеңдей қаншама қазақ зиялылары шариғат жолымен жүргені үшін бұрын-соңды құлақ естіп көрмеген қиямет-қайымға тап болмады. Осы орайда бізді қатты қынжылтатыны, кезінде мемлекет, партия басшыларының Ислам мешітінің христиан шіркеуінен айырмашылығы – Құдайға құлшылық жасау ошағы болумен қатар, оқу-ағарту ісімен де қатар айналысатынын дұрыс тани білмеуі. Көнекөз қариялардың әңгімесіне, тарихи деректерге арқа сүйесек, Ахаң, Жахаң тәрізді даналарымызбен қатар, атақты Сатыбалды ишан, оның балалары Мырза ишан мен құранқари Файзолла және торғайлық діни қайраткері Молдахмет қажы, молла Кәтен, Қанапия, Әлмағамбет, Таласбай, Арыстанбек, Қайырбек (Ғафудың әкесі), Әбдірахман, Досай, Нүркей қажылар, Оспан қожа, Күмісбай, Мырзабай, Құтан, Құлымбет әулиелер тіпті бүкіл Сарыарқаның сана-сезімін оятқан, сауа­тын ашқан ағартушылары және көбісі бүкіл әлем мұсылмандары құрмет тұтатын киелі орын – Меккеге барып, қасиетті қажы атағын алып қайтқан Самарқан, Бұхара, Ташкент, Тройцк, Орынборда оқып, арнаулы діни білім алған, заманының өте зерек, зерделі де зиялы адамдары еді ғой. Әлгі сұңғылалардың бірі – Файзекең өмірі өлмес өлеңдерінде Алла тағаланың атын атап, Әлмұхамбет молдаға жыр арнаса, өлеңменен мінәжат айтса, оның несі айып?
1920 жылдары тек Торғай уезінің өзінде ғана 54 мешіт болған еді, – дейді жергілікті тарихшылар. Кезінде имандылық пен инабаттылықтың ұясы, тәлім-тәрбие, оқу-ағарту ошағы болған бұл орындарға әрі оқымысты молда, әрі ақын Әлмағамбет Оспанұлы басшылық жасапты. Бірақ та асыра сілтеушілер дінбасыларының бәрін шеттерінен кәмпескелеп, сыпыра «халық жауларына» жатқызып, қыр еліне шырақтай сәулесін түсіріп тұрған олардың көзін құртты да, әлгі мешіт, кесенелерді қиратып, құлатты. Қазақ елінің басында болған мұндай қаралы күн Файзекеңнің кіндік қаны тамған жер – Батпаққараға да туып, бір күнде мұнаралы жеті мазардың алтауы қиратылды… Аудан бойынша 21 мешіт, 6 мазардың астан-кестені шығарылды. Тек алтынның сынығындай болып, Файзолланың әкесі – Сатыбалды ишанның мазары сақталып қалды.
…Батпаққара халқы қызылкөз қазақ белсенділерінің қабағынан қар жауған қаһарлы сұсынан қаншалықты қорықса да, Сатыбалды ишандай киелісінің кесенесін, қарақойлы Жолдыбек шебер салған айшықты қызыл күмбезді құлатпай, аман-сау алып қалғысы келіп, мұнаралы мазар жанында жылап тұрып алды. Қанды көрген құзғындай қарқ-қарқ күлген екі есалаң қатар тұра қалып, қолындағы айбалтасын айшықты қызыл күмбезге қарай сілтеді. Сол сәт бейіт бұзушылардың бірі төбеден төмен құлап, тіл тартпай кетті. Екіншісі аузы-басы қисайып, ақыл-есі ауысып, жынданды да қалды. Мінеки, сол кісі бертінде қайтыс болды. Алайда осы оқиғадан кейін жеті жыл бойы Сатыбалды ишанның мазарына барып, Құдайға жалынып, жалбарынумен күн өткізді.

ТҮРМЕДЕ ДЕ ТАЛАНТЫН ТОТ БАСПАҒАН

Файзекеңнің шын мәнінде тот баспас талант, қайыспас қайрат иесі екенін еліне танытқан, қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылар «Адамзаттың шежіресі», «Тоқымбет-Гүлайым», «Ұзақ жол», «Өмірбаян» тәрізді кесек-кесек туын­дыларының, «Қалимаға хат», «За­ман-ай», «Ақтеңізден сәлем» сияқты өзі шығарған әндерге қосып айтылатын шерлі де сырлы, сұлу сезім тұнып тұрған өлен­дерінің туған жері – қараңғы қапас тар түрме…
Қостанайдың ақ түрмесі мен Іледе, Ақтеңіздің «Беломор» каналы мен Ресейдің «Мәскеу» каналында және «Сибирьстройда» айдауда жүрген кезінде дүниеге келген ақын шығармаларының ішінде жарық жұлдыздай жоғары тұрғаны – «Тоқымбет-Гүлайым» ғашықнамасы.
Файзолланың дүниетанымының кеңейіп, Шығыс классиктерінің шығармаларымен тереңірек танысуына «Беломор» каналы құрылысын салу кезінде Ахмет, Міржақып, Мағжандармен бірге болуы үлкен ықпал жасады. Жаратылысынан ғылым мен білімге жаны құштар және өте алғыр Файзекең жеті жылға созылған азапты сапарында жай жүрмей, орыс тілін де жетік меңгеріп, орыс әдебиетімен кеңінен танысуға ден қойды. Мағжанмен бірге «Қызыл ту» қабырға газетін шығарысып, бір тақырыпта жарыса жыр жазысты. Батагөй бабамызбен тірлікте қатты сыйласқан сарыторғайлық Көшекең ақсақал: «Файзекең үнемі Мағжанды мақтап отыратын дейтін еді. Мен құранқари, дін жөнінде қаншалықты сауатты болсам, оның бұл саладағы оқыған-тоқығаны менен де ілгері сияқтанатын. Орыс тілін де, түрік тілін де күшті білетін. Әсіресе, баба түрік еліне деген махаббаты бізді ерекше қызықтырады. Мағжанға Максим Горький мен жұбайы Пешкованың жәрдемі қалай тисе, менің де түрмеден ерте босап шығуыма Мағжанның көмегі солай тиді» дейтін.
Кез келген суреткер – өзі өмір сү­ріп отырған тарихи кезеңнің жыршысы. Файзолланың да ақындық шығарма­шы­лығының басты тақырыбы – қазақ даласындағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі, халық толқуының тағдыры, қайғыға толы қаһармандары, отызыншы жылғы ойран-опат, зарлы заманның қыршынынан қиылған құрбандары, соқыр саясаттың салдарынан азып-тозған елі мен жерінің тілі мен дінінің тағдыры. Бұл орайда «ақ түрменің тастан салған керегесі мен темір торлы терезесін қарай-қарай қалай тоздырғанын» толғаған «Заман-ай» өлеңін, «Қош сау бол, атасы бір бауырым-ай, сыр мінез, сыралғылы тәуірім-ай» деп, Батпаққарадан Ақтеңізге дейін азапты сапар шеккенін баяндайтын «Ұзақ жол» дас­танын, 1916-1917 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілісінің көсемі Әбдіғапар ханға арнап жазған поэмасын, «Ахмет қайтыс болды дегенде», «Міржақыпты жоқтап, Ідірісті жұбату», «Ахметсапа Юсуповқа хат» деген толғауларын тілге тиек етсек те жеткілікті.
Он бесінші ғасырда өмір сүрген дала ойшылы Асанқайғыдан бастап, замандастары Әлмағамбет Оспановқа дейінгі аралықтағы атақты ақындар мен шешендердің ұла­ғатты сөздерін жинап, халыққа тарату, ел аузындағы аңыз әңгімелер мен ертегілерді өлеңмен өрнектеп, халықтық мұраға екінші өмір беру – Файзолла Сатыбалдыұлының әдебиет саласындағы сан қырлы еңбегінің бірі еді. 1946 жылы жазып, 1956 жылы інісі Сұлтанға өзі айтып отырып, қазіргі харіпке түсірткен «Аяз би» поэмасы тақырып таба алмағандықтан жазылған жоқ. Ол – осындай ізгі ниеттен туған туынды.
Торғай өңірінде зобалаңға толы заманда Файзекеңмен қатты сыйласқан, елінің де, ерінің де ар-намысы сынға түскен талай қиын сәттер де бір-біріне шарапаты тиген кісілер аз болған жоқ. Әсіресе, солардың ішінде аманкелділік Ғабдол-Ғазез Әмірхамзаұлының есімі ерекше құрметке лайық. Кезінде ұлы бабамыз Абайдың өлендерін Мүрсейіт көзінің қарашығындай қалай сақтап қалса, ол да құранқари ақын шығармаларының халқымен қайта қауышуына дәнекер болды. Файзолла ишан өзі қатты сенген шәкірттерінен оны ғана жеке шақырып алып, сырты тысталған кітабын заманы туғанда ғана жариялатарсың деп, аманат қылып тастап кетті. Содан қырық жылға жуық уақыт бойы тіл-көзден тасада, тығулы жатқан ақын мұрасының жарық көре бастағаны бертінде ғана.

АРАЛАСҚАН ОРТАСЫ – АРЫСТАРЫ АЛАШТЫҢ

Ақынның өзі өмір сүрген дәуірде жаулары қаншама көп болғанымен, арқасүйер достары да аз болмады. Халқымыздың көптеген арыстарымен жақын жолдас болып, қатты сыйласты. Файзолланы алты алаштың ардағы – Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейханов, Ахметсапа Юсупов, Әлмамбет Оспанұлы ерекше құрмет тұтты. Бұл ақынның тығыз араласқан, кеңінен ой-пікір бөліскен рухани ортасы болды. Сондықтан да Файзекең «Ахмет қайтыс болды дегенде…» былайша жыр толғайды:
Шынымен бұл дүниеден өткенің бе,
Қайырылмай алды-артыңа кеткенің бе?
«Ахмет опат болды» дегенді естіп,
Егіліп, жылай бердім «Тек!» дедім де!
Файзекең Ахметсапа Юсупов түрмеге түскенінде де бауырына өлеңмен хат жазып, рухтандыруға шақырады.
Ақынның өмірде қатты сыйласқан достары көп болған. Құранқари данагөйді қыр елі де, Сыр елі де жатсынбаған. Атамыз бәрін де жоғары бағалағанымен, ең жақсы көрген замандастарының бірі – 1886 жылы Торғай уезі Тосын болысында дүниеге келген Әлмамбет (Әлмұхаммед) Оспанұлы еді. Файзекеңнің досы Әлмамбет те өте діндар кісі болды.
Иә, Файзекең мен Әлекең – үлкен дос болған адамдар. Құранқари бабамыз жер аударылып, Булаевта жүргенінде досы Әлмамбет молданы есіне алып, жыр жолдарымен былай деп хат жазады:
Үммәті едік біз бір Мұхаммед,
Жан досым, амансың ба Әлмұхаммед?
Еркінде бір Алланың неғылса да,
Тілеймін деп ерте-кеші берсін мәулет.
Сен-дағы жүр екенсің елден безіп,
Амалсыз қаңбақ құсап дүние кезіп.
Қорлықтың ең жаманы – елден кету,
Қалайша шыдап жүрсің жаның төзіп.
Файзекең мен Әлекеңнің шығармашылық байланысына бір дәлел: олардың кей оқиға, тақырыпты құстың қос қанатындай қатарласа жырлауы. Мысалы, Файзекең «Адамзат шежіресін» жазса, Әлекең «Қазақ шежіресін» жазады. Екі дастанның да әдеби, тарихи құндылығы қазіргі ұрпақ үшін өте жоғары. Екеуі бір-бірін толықтырып, біздің шыққан тегіміз, ата-бабаларымыз туралы өте мол мағлұмат береді.

БАБАДАН ҚАЛҒАН БІР БЕЛГІ

Файзолла Сатыбалдыұлы – он төрт жыл айдауға сотталғанға дейін де талай-талай тамаша хикаяттар мен өлең-жырларды өмірге әкелген қарымды қаламгер. 1910 жылы жазылған «Шәкәрім-Жамал», 1914 жылы жарық көрген «Көксерек», 1922 жылы дүниеге келген «Тасмешін» поэмаларын кезінде жырау біткен ойын-тойда домбыраға қосып шырқайтын. Солардың ішіндегі «Тасмешін» поэмасының шығу тарихы мынадай: Файзолла Сатыбалдыұлы Торғай уездік милиция бөлімінің бастығы Батырқайырмен бірге аштыққа ұшыраған елге астық әкелу үшін Есіл, Атбасар өңіріне барады. Сол жерден біраз астық жинап әкеліп, Торғай халқына бөліп береді. Сөйтіп, көптеген отбасын аштық апатынан аман-сау сақтап қалады. Елді аштық жайлаған әлгі оқиға мен өздерінің Есіл, Атбасарға барған сапарын ақын жырға қосып «Тасмешін» поэмасын жазады. Құранқари Файзолла ишан 1905 жылдан 1918 жылға дейін ауылда оқытушы болған кезінде өзі қалың ортасында болған ұлт-азаттық көтерілісі, оның көсемі Әбдіғапар мен көтеріліс қаһарманы – Өмен, Кейкі, Қосжан, Жағыпар туралы да тарихи дастан жазуды армандайтын-ды. Ақын азапты «сапардан» елге аман-сау оралысымен-ақ «Әбдіғапар хан» дастанын жазуға кіріседі. Ұлт-азаттық көтерілісі әу баста қалай басталды, он үш болыс арғын-қыпшақ, бір болыс – найманның бас қосып, уәде байласқан, хан сайлап, сардар тағайындаған жері қайсысы, көтерілістің басы-қасында кімдер болды, кім сарғаскер, мыңбасылыққа ұсынылды, ақ патшаның маусым жарлығын қайта қарату үшін Петербургке кімдер аттанды, әйгілі Үрпек-Доғал соғысында кімдер қалай шайқасты, көтерілістің бұл шындығын кімдер бұр­малап, батыр бабамыздың жарқын бейнесіне көлеңкесін түсірді, соның бәрін ой елегінен өткізіп, «Әбдіғапар хан» дастанына түсіреді.
Жақсы-жайсаңдардың бір-біріне жақын болатыны жаратқанның жазуы болар, Файзолла Әбдіғапар, Амангелдімен қатты сыйласты. Талай рет бір дастарханнан дәм татып, халқының тұрмыс-тіршілігі, келешек тағдыры туралы ой бөлісті. Ол ұлт-азаттық көтерілісі күндері қолына қару алып, сарбаздар қатарына қосылмағанымен, көтерілісшілердің жақтаушысы болды. Ағасы Зияуидден Әбдіғапардың тапсырмасымен Сәдіманмен бірге Бұхарға барып, қару-жарақ сатып алу үшін сапарға аттанғанында істеріне оң сапар тілеп, шығарып салды.

 

ТАҚЫР ЖЕРГЕ ЖАСЫЛ ЖЕЛЕК ЖАЙҚАЛТҚАН

Торғай өңірінде он саусағынан өнер тамған хас шеберлер көп болған. Файзолла Сатыбалдыұлы да темірден түйін түйген әрі ұста, әрі зергер, қолөнер шебер еді. Атамыздың Торғай өңірінде ең бірінші болып жел диірмен орнатып ұн тартқанын, шағын өнеркәсіптің іргетасын қалаушылардың бірі болғанын қариялар, ел ағалары, тарихшылар жыр қылып айтады.
Бұл шеберлік – Файзекеңе әкесі Сатыбалды ишаннан дарыған қасиет. Сатыбалды ишан да заманында ірі діни қайраткер ғана емес, озық ойлы, үлкен мәдениет иесі болды. Ғұлама – қазіргі Амангелді ауданы орталығының негізін салған кісі. Амал не, әлі күнге дейін бұл бабамызға аудан орталығынан не бір көше не бір ауылдың аты берілер емес. Файзекеңе де берілген көше – 5-6 үйі ғана бар, ең шеткі елеусіз көше. Файзекең 10 жыл тұрған, кейінгі өмірі өткен Амангелді көшесіндегі №1 үй қазір құлап қалды. Жалпы, Файзекең – 1931-32 жылдардағы аштықта құрбан болғандардың сүйегін аяқ асты жатқан жерінен жинатып, Құран түсіріп, қорымға әкеліп жерлеуді ең алғаш ұйымдастырған да адам.
1935 жылы Қазақстанның он бес жылдық мерейтойына дайындық жүріп жатқан кез. Файзекең ойда жоқта Әлібимен кездеседі. Бұрыннан Файзекеңнің күміс қақтап, қайыс өрген, ағаш шауып, темір илеген өнеріне тәнті Әлекең оны Алматыда ашылған зергерлік жұмысқа басшылық жасауға шақырады. Адам баласына бәлденіп, бұлдануды білмейтін бабамыз көп ұзамай бірнеше шеберлерді қасына ертіп алып, халқымыздың ұлттық киімдерін тігуді, алтын мен күмістен оқалап кісе белбеу жасауды, түйе жүнінен оңқай, солақай иіріп, шекпен тоқуды қолға алады. Торқалы той күні он бір республикадан келген қонақтарға Файзекеңнің өзі пішіп, өзі тіккен он бір түрлі ұлттық киімі мен бірнеше зергерлік заттары сыйға тартылады. Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда ол жасаған ескерткіш бұйымдардың ішінде кілтсіз, құлыпсыз жабылып, жасырын тетігі арқылы ашылатын жұмбақ қолсандық, әр тетігін басқан сайын түрлі-түсті бейнеге айналатын таяқша небір ғалам ғажайыптарын көріп жүрген жақсылар мен жайсаңдардың өздерін қатты қызықтырыпты… Шіркін, Файзекең жасаған осындай бұйымдар мен зергерлік заттарды ел ішінен іздестіріп тауып алып, мұражай ашса ғой. Онда атамыздың талантты ақын ғана емес, сегіз қырлы, бір сыр­лы өнер иесі болғанын да халқы білер еді-ау.
Батпаққарадай тақыр жердің төсін жасыл желекке бөлеп, бау-бақша салу, жайқалған егін өсіріп, жемісін халқының игілігіне жарату Файзекеңнің көп арманының бірі болды. 1946 жылы ауылға оралысымен-ақ қазіргі Амангелді ауданының орталығында ағаш отырғызу жұмысын қолға алды.
«Болса да көкірегім алтын көмбе, мен де бір бағы жанбай кеткен пенде». Бұл аруақты да ардақты атамыздың бар өмірі мен өнерін еліне арнаса да, сұм тағдыр егілтіп, еңіретіп қойғаннан соң аһ ұрып, мұңайған шағында амалсыздан-амалсыз айтқан сөзі екен. Расында да, Файзолла Сатыбалдыұлы – алты алаштың ақиық ақыны, құранқари, дін қайраткері. Арқадағы атақты шеберлердің бірі, бағбандықты да, диқандықты да қатар ұстаған ел қамқоры бола тұра заманында жұлдызы оңынан тумаған, күрделі тағдыр иесі.

Мақсұтбек СҮЛЕЙМЕН,
Қазақстанның құрметті
журналисі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды