КӨКЕЙТЕСТІ МӘСЕЛЕЛЕР КӨТЕРІЛДІ

0 137

ZAH_4236

Кеше Есіл ауданының әкімі Сәбила Мұстафина өзінің халық алдындағы есептік кездесуін аяқтады. Көптеген көкейтесті мәселелер көтерілген алқалы жиынға Астана әкімінің орынбасары Андрей Лукин қатысты

Аудан әкімі ең алдымен 2014 жылда атқарылған жұмыстарды қорытындылады. Оның айтуынша, үстіміздегі жылы 4 жалпы білім, 6 мектепке дейінгі білім мекемесі ашылады. Сонымен қатар, биыл үш денсаулық сақтау нысаны мен амбулаториялық-емхана орталығын салу жоспарланып отыр. Баяндама оқылған соң, кездесуге жиналғандар өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, өтініштерін білдірді. Мысалы, өткен жылғы кездесуде Сарайшық 9-да автокөлікті қоюға тыйым салатын жол жүру белгісін орнату мәселесі көтерілген екен. Алайда, «Көлік басқармасы мен қалалық Ішкі істер департаментінің өкілдері келіп, мән-жайды өз көздерімен көріп, «мәселені шешеміз» деп уәде берген. Алайда ешқандай оң өзгеріс болмай, Астана қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы үнсіз қалды» дейді тұрғындар.

Ал, «Сауран көшесіндегі 5,7,9-үйлердің кіреберісін қалпына келтіру жайын қозғасақ, ПИК қызметкерлерінің айтатыны: «Сендер әр шаршы метріне 350 доллар төлеп, пәтер сатып алдыңдар. Енді ақшаны өздерің жинап, жөндеу жұмыстарын жүргізіңдер» дейді. Бұл мәселені шешудің басқа қандай тиімді жолдары бар?» деген сұрақты естіген қала әкімінің орынбасары Андрей Лукин құрылысты кім жүргізетінін, тұрғындар қаншадан қосылу керектігін Тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Талғат Рысбековке үш күннің ішінде анықтауды бұйырды.

Сондай-ақ, қалалықтардың біразы өз қауіпсіздігіне алаңдаулы екендіктерін айтты. Өйткені, «Саранда» тұрғын үй кешенінде ұрлық, пәтерді бұзып кіру сияқты қылмыстар жиі орын алады екен. Бұған Сәбила Сапарқызы: «Негізінен, «Саранда» тұрғын үй кешеніне «Қазақстан темір жолы» АҚ, «ҚазТрансГаз» АҚ қызметкерлері қоныстанды. Біз осы Ұлттық компаниялардың басшылығына «Қауіпсіз қала» бағдарламасына қатысып, тұрғын үйдің периметрі бойынша сыртқы бейнебақылау құрылғысын орнатуды ұсынайық» деп жауап берді. Бұдан бөлек, жол құрылысы, көшелерді жарықтандыру, қоғамдық көліктердің қозғалысын жиілету мәселелері бойынша қала тұрғындары аудан әкімдігі тарапынан қанағаттанарлық жауаптар алды. Ал, қала әкімінің орынбасары Андрей Лукин әр айтылған өтініш иесін кездесуге қатысқан басқарма басшыларына бағыттап, олардан сөз етілген талап-тілектерді таразылап, үш күннен кешіктірмей, жазбаша жауап берілуін талап етті.

 

Мәдина ЖАҚЫП

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 − 1 =