Көкейінде Күлтегіннің жазуы

Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған

0 134

Қазақ әдебиеті түбі бір түркі жұртына ортақ Күлтегін жазуынан тамыр алады. Халық ауыз әдебиетінің үлгілері, тұрмыс-салт жырлары, батырлық дастандар, жыраулық поэзия, зар заман ақындары, ұлы Абай салған сара жол – соның бәрі жинақтала келе, қазіргі кез келген елдің әдебиетінен бір мысқал да кем емес ұлттық әдебиетті тудырды. Бірақ кез келген қаламгер ұлттық ақын немесе ұлттық жазушы бола алмайды. Ол үшін ғасырлар бойы қалыптасқан өз ұлтының сөз мәйегін, тіл құнарын бойға сіңіре білу керек. Ондай қаламгерлер бізде бар. Соның бірі де, бірегейі де – арқалы ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Серік Ақсұңқарұлы.

Ақсұңқарұлының жырларынан дала дидары айқын көрініп, ата-бабаларымыздан дарыған Алаш рухы атойлап тұрады. Ақын соны өлең тілінде шебер, нанымды кестелей біледі. Бұған шайырдың «Көкейімде Күлтегіннің жазуы» атты жинағын оқығанымызда тағы көз жеткіздік. Мұндағы өлеңдер бір оқыған адамға пафос болып көрініп қалуы мүмкін. Алайда артық сөзі жоқ, қаламнан төгіліп түскен шумақтарда шындық жатқанын аңғарасыздар.
Дала десең жарқ етер
Даңқым! –
Деген бір өлең.
Дала десең жарқ етер
Халқым! –
Деген бір өлең.

Мархабатым шығар-ау,
Махамбеттің туғаны.
Ер ұлдарым болмаса –
Ез екем деп жүрер ем!

Дала десең жарқ етер
Сұлулық! –
Деген бір өлең.
Дала десең жарқ етер
Ұлылық! –
Деген бір өлең.

Арман шығар даламда
Абайымның туғаны.
Абайларым болмаса –
Ақымақпын! – деп
жүрер ем…

Тарих стадионы – дала!
Тәні – қан-жоса!
Жалт қарады ұлына
Ол көгін тұман торласа.
Батырлары болмаса –
Қорқақ бүкіл адамзат…
Ақымақ бүкіл адамзат –
Ақындары болмаса!
Өз басым бұл өлеңді ә дегеннен оқи бастағанымда, кең сахара көз алдыма елестеді. Ауылымдағы көк шалғынға оранған шет-шегі көрінбейтін далаға сағынышым оянды. Бірақ өлеңнің соңғы шумағына келгенде, кеудемді мұң басты. Қазақтың даласы небір алапаттарды көрді ғой… Кешегі жаугершілік заманда бір қарыс жерді жауға бермеймін деп арпалысқан батырлар болмаса, ұлттың теріс мінездерін сылып тастауға тырысқан Абай секілді, ханға қасқайып тұрып сөз айтқан Махамбет сияқты ақындар болмаса, қазіргі байтақ жерімізге ие бола алмас едік.
«Абай – Алаштың рентгені» дейтін Ақсұңқарұлы да хакімнің тәлімі мен үлгісін ұстанады. Ол да өлеңдері арқылы қазақты мерездей жабысқан дертінен айығуға шақырады. Махамбет сияқ­ты өткір айтып тастайды. Қылыштай тілімен осып жібереді.
Жау күйініп,
Дос сүйініп қарасын,
Ғажап бүгін,
Кез жер-көктің арасын.
Қазақ тілін тастап көшкен
жұртыңа,
Азаттығым, қайда жөнеп
барасың?!

Жігер болса жетеңде
һәм діліңде,
Енді ілесе қоймассың
жат ілімге.
Азаттығым, көтеріліп
аспанға,
Сен сөйлейсің қашан
қазақ тілінде?

Ауыл көшті алтын
бекет қала деп,
Жүрегімде наза да көп,
нала көп.
Азаттығым, аспанға ұшсаң
самғай ұш,
Қазақ тілін қоса өзіңмен
ала кет!

Жау күйініп,
Дос сүйініп қарасын,
Ғажап бүгін:
Кез жер-көктің арасын.
…Қазақ тілін тастап
көшкен жұртыңа,
Азаттығым, қайда жөнеп
барасың?!
Ал енді ақынның «Қайда ұшып барасың?» атты бұл өлеңінде айтылғаны өтірік пе?! Туған тілің тұғырына нықтап қонбай тұрса, ел азаттығы үшін алаңдауға негіз бар. Ұлт тілінің мәйегі ауылда ғой, қалаларымыздың көбісі әлі орыс тілінде шүлдірлеп тұр. Жұрт ауылдан қалаға көшіп жатыр. Шаһарда дүниеге келген ұрпақ та бөтен тілде сөйлеп барады…
Жалпы, Ақсұңқарұлының «Көкейімде Күлтегіннің жазуы» атты бұл жинағы екі бөлімнен тұрады. Соның бірінші бөлімі «Кириллица – ет жақыным, жатым да…» деп аталады.
Кириллица – ет жақыным,
Жатым да,
Жан тартпаған мендей
бөтен ақынға.
Қашан көшіп қасиетті
латынға,
Айтам осы Алаш-анам
хақында?

Бодан елдің ақыны
боп алғасып,
Ессіз заман –
Егеменмен алмасып; –
«Жиырма сәті ХХ
ғасырдың»,
Кириллицада қалып
қойды
Шаң басып…

Өмірім де, өлеңім де
дау әлі.
Басым кейде Батыс жаққа
ауады:
Не болады ағылшындар
оқыса,
Мен Арқада жүріп
жазған «Хауаны?..».

Тәңірі бұлбұл ұялатып
таңдайға,
Қанша мәрте неше қилы
салды ойға.
Мен түгілі Мағжан қалып
бара ма?!
(Жазылғаны осы болды
маңдайға).

Бірге қонып – гүлге қонған
арамен,
Арудың да қолаң шашын
тарап ең.
Құрлықтар мен
мұхиттардан өте алмай,
Жанымдағы жапонға да
жете алмай,
Кириллицада қаласың
ба, қара өлең?
Бұл – ақынның қара басының мұңы емес. Қазақ әдебиетін өзіміз қанша мақтасақ та, әлем оқырмандары ақын, жазушыларымыздың шығармашылығын білмейді. Қаламгерлеріміздің туындыларын шетел тілдеріне аудару енді ғана қолға алынды. Осы іс баяғыда басталса, әлем қазақты әдебиетімен де танып алар еді.
Сөзіміздің басында біртұтас ұлттық әдебиет туралы да бекерден-бекер әңгіме қозғамадық. Жауһарларымыз жиырмасыншы, жиырма бірінші ғасырда ғана емес, тым әріде жатыр. Мәселен, хандық дәуірден бері қарай тартқанда, Асан қайғы, Ақтамберді, Шалкиіз, Қазтуған, Доспамбет, Бұқар сынды жырауларымызды, Абайды, Қасымды, Мағжанды, Мұқағалиды, Жұмекенді шетелдіктер өздерінің тілінде, сапалы аудармада оқыса, сөзсіз тамсанатынына сенімдіміз. Осы аталғандардың бәріне де Ақсұңқарұлы бас иеді. Бұл – өлеңдерінен байқалады. Сөзіміз дәйекті болуы үшін бірер шумағын келтіре кетейік.
Жанын жасынға жаныған
жұрт едік.
Көшін ұзатып тұрған шал –
Ақтамберді дейтін
асыл-ды.
Түбім – Күлтегін.
Төңірегім – Біржан сал.
Қаным – Қасым-ды…

*
…Орта ғасыр –
Абыз – кемел жастағы.
Шаштары да аппақ қардай,
қастары.
Желмаямен желіп Асан
Қайғы боп,
Алашымды – адамзатқа
бастады.

Ол заманның бұ заманнан
басқа әні.
Одан, бірақ, еш бір ғасыр
аспады.
Бетбе-бет пен
Жекпе-жектің уақыты ол,
Иттік пенен тексіздіктің
қас жауы.

Сол ғасырда – адамзаттың
асқағы,
Ғаламда жоқ Қазтуғанның
дастаны;
Тұлпарлардың эпостағы
тұяғы,
Сұңқарлардың аспаны!

Сонда қалды кісіліктің
бастауы,
Білмейтұғын
Бекзаттықтан басқаны.
Қандай терең Шалкиіздің
жырындай,
Қабат-қабат адамзаттық
астары…
Ақын осылардың бәрінен нәр алып, өз соқпағын тапты. Қазір бұл поэзиядағы даңғылға айналды. Иә, Ақсұңқарұлы өзінің мектебін қалыптастырды. Серік шайырға еліктеп, ол сияқты өлең жазатын біраз жас ақын арамызда жүр. Бірақ Ақсұңқарұлындай бола ала ма?! Сол секілді көне мен жаңаны сабақтастыра ала ма?! Мәселе осында. Әр ақын өзінің шамасын білуі тиіс.

Дәлдүріштер миды
ашытты,
Жазғандары тақпақ құр,
Өлең емес, шатпақ – бұл!
Күлтегіннің көзінің
қарашығындай,
Менің жырым мынау
елдің ділін,
Үнін сақтап тұр! – Бұл – рас сөз. Бұлай тек өзін мойын­датқан ақын жаза алады.
Ал қазір өлеңді қалай жазу керек. Ақсұңқарұлына тағы бір кезек берейік.
Қалай болса, –
Солай жаза салатұғын
өлеңді,
Социалистік реализм
жоқ енді.
Жаза алмайсың енді өтірік
сүйем деп,
«Отан үшін отқа түсіп
күйем…» деп..

Тек Құдайға бұратұғын
бетіңді,
Құпия ғой өлең деген
не түрлі.
Біз онымен қаншама
уақыт ойнадық,
Отпен ойнап, өлген
бала секілді…

Бұрын соңды сен де, мен
де білмеген,
Алаңдарда ашулы жұрт.
Гулеген…
Асқақ рух керек азат
халыққа,
Күл-көмешті көзіне де
ілмеген.

Көрген не бір аярлық пен
көгенді,
Бұрынғыдан бөлек қазір
ол енді.
Есенинше егіл осы
елге кеп,
(Мүлде, әйтпесе,
жазбау керек өлеңді).
Әрине, Серік Ақсұңқарұлы секілді тегеурінді ақын шығармашылығын бір мақала арқылы түгел шолып шығу мүмкін емес. Біз оқырман ретінде ғана ойымызды айттық. Қалғаны патша көңілді мемлекеттік комиссия мүшелері еншісінде.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen − thirteen =