Көк түріктерінің қағандығы

0 443

(Басы)

Әнес САРАЙ

Фу-фуло /бөгі бөрі/. Афучжилоның бас­тауы­мен 487 жылы Жужаннан кетіп, Батыс­ өлкеге қоныстанған 100 мың түтінді 12 тай­па­ның ұйытқысы, яки билік тайпасы. Аталмыш­ қауым­ның билеушілері осы тайпаның өкілі. Соңдарынан Жужан қағаны Доулунь, әскер қолбасшысы Нагай қуып келгенде, Афучжило­ оларға оңдырмай соққы берді. Доулунь еліне жете алмай жолда өлді. Бұлардың есімдері хат­тал­ған билеушілерінің тізімі төмендегідей: Афучжило – Цунци – Миэту – Ифу – Биши. Қаңқалылар бір жағынан Жужанның, екінші жағынан эфталдардың (абдалдардың) шап­қын­шылығына ұшырап, кейде ел шетін бас­ты­рып алып, қалт-құлт күн кешті. Мәселен, билеу­ші­лерінің бірі Миэтуды Жужаның билеу­шісі Шону асау атқа таңып, сүйретіп өлтірді. Ал абдалдар болса Ифу сияқты басшыларын тұтқындап әкетіп, көп жылдан кейін қайтарды (Қазақстан тарихы туралы Қытай деректемелері. Том ІҮ. Алматы, 2006. «Вэйшу»,­ 103-цзюань, «Гаочэ баяны». 31-б.).

546 жылы қаңқалылар Миэтудың кегін қайыру үшін Жужандарға жазалау жорығына аттанғанда Оңтүстік Алтай таулары сілемінен қарауыл қарап, жолдарын тосқан Бұмынның шабуылына тап болып, мойындарына бодандық қамытын киді. Қаңқалының 50 мың адамы тұтқын болды. Қытай жылнамалары бұл оқиға туралы: «Түріктер өздерінің ерліктерін телэ­лер­дің қолымен істеді» деп жазады. Әскері табан астында бірнеше есеге көбейген Бұмын ұзамай Моңғол даласына аттанып, Жужан­дар­дың­ тас-талқанын шығарды.

Қаңқалының бұл тобының кейін тайпа ретінде көзге түсіп, жеке отау тіккені аз. Көп­ші­лігі Ашина түріктеріне сіңіп кетсе керек. «Орхон ескерткіштерінің толық атласы» еңбе­гі­нің авторлары қаңқалыларға ноқта аға болған фуфуло тайпасын «Бөгі бөрі» деп, Афучжило есімін Алып Бөгі – чор деп аударыпты­ (М.Жолдасбеков, Қ.Сартқожаұлы. Орхон ескерт­кіш­терінің толық атласы. «Күлтегін», 2005. 16-б.).

Адунь (алтын). Жужаннан қашып, батыс өлкеге ауған қаңқалының 12 тайпа арасынан­ алунь қауымы де кездеседі. «Сун ши» дерек­те­ме­сінде кезігетін аталмыш қауымды Гамильтон атын атауымен шендестіреді. Шамасы, сан жағынан шақтаулы жұрт болса керек, түрік заманында көзге түсе қоймады. Қырғыздың соқ­қы­сынан Ұйғыр қағандығының ыдырау кезе­ңін­де қағандықтың билік басында болған ықпалды тұлғалардың есімдерінен атал­мыш тайпаның өкілдері көрініс табады. 842-843 жылдардың қыс айларында және 843 жылдың жазында: «Пан-цзюй –чжэ тегін мен Адунь Ниньнің екі тайпа елі, ұйғыр ханшасы Ми-цзе­ кэдуньның жұрты, министр Чжо-ло-гу Аде, қаған ордасы бас бұйрығы Цао Мо-ни­дің,­ бар­лығы 30 мың жан санымен 7 тайпа бірі­нен соң бірі Ючжоу округіне берілді» деп­ жаза­ды «Синь Тан шу» жыл­на­масы «Ұйғыр­лар туралы баян» тарауында (Маляв­кин А.Г. Материалы по­ истории уйгуров в ІХ-ХІІ вв. Новосибирск, 1974. 28-б.).
Ұйғыр қағандығының билік басындағы тұл­ға­лармен 30 мың түтін боп Қытайға берілгенде араларында Адунь (Алтын) және Адэ (Адай) тайпалары мен олардың рубасы көсемдері болған.

981-984 жылдары Батыс өлкеде патша сарайы­­ның тапсырмасына орай іс-сапармен болған Ван Янь-дэ өзінің «Жолжазбасында» Адунь тайпасын Эдзин-көлдің батысында деп көрсетіп, «Адунь жерінен кейін Мадулин тауы мен Вансянлин жотасын кесіп өттік» деген (Сонда, 88-б.). Адунь қонысы – Хамидің шығы­сын­дағы Теэрбаньцзин елді мекені мен Икэшу қыстағының арасында болуы керек деп тұжы­рады зерттеуші.

Кейінгі Байұлының алтын қауымына ұшы­ра­сып­ отырғанымызда сөз жоқ. Олар ХІ-ХІІ ғасыр аралығында Қаратеңіз жағалауын жайлаған «Лукоморье» қыпшақ ордасында Алтынопа атымен кездеседі. Боняк ханның Переслявльге­ шабуылында Алтынопа батырдың істеген ерлік­те­рін «Ноғайлы» кітабының «Алтын-Жаппас» тарауында таратып жазғанбыз.

Мо-юнь (мойын, шимойын). Оңтүстік ғұндар мен сэнбилер құрған «Бес ху – 16 мемле­кет»­ (304-439 ж.) кезеңінен түрік дәуіріне өту ара­лығында мо-юнь қауымын сэнбидің можун тайпасымен байланыстыра қараған жөн сияқты. ІІІ ғасырдың аяғында Моңғолиядағы можун тайпасы Қытайдың шекаралық аймақтарынан ішке өтіп, қазіргі Бэйжин қаласының орнында Жи мемлекетінің іргесін қалады. Осы можун тайпасының бір сілемдері Моңғолиядағы қаң­қа­лылар арасында қалып, кейін олармен бірге батыс өлкеге ауып, 12 тайпа арасында мо-юнь атымен белгілі болды. Бұдан кейін ол ұзақ уақыт ізін таптырмайды. Іргелі қауымдарды сағалап, солардың көлеңкесінен көріне алма­са­ керек. Шығыс Түркістанның әртүрлі мем­­ле­­­кет­тер мен қамал-қалаларын сағалап, түрік­­ке қатысты көшпелі қауымның Дешті Қып­шаққа ойысуы Х ғасырға жатады. Олар қара­хан­дардың билігіне мойынсұнбай, Ертісті құлдилап, далалық аймаққа төгілді. Осы кезде Ертістің ортаңғы тұсы Басмыл, Оғырақ, Жарық, Чомул, Иабаку қауымдарына толып, олар бір-бірімен одақтасып, қарахандармен кескілескен ұрыстар жүргізді. Қарахандар ауыр әскермен аттанып, жазалап, басбілгізгенмен, оларды біржола бағындыра алмады. Осы қауым­дар негізінде Ертістің ұзына бойында Басмыл – Арғын, Оғырақ – Тама, Жарық – Дулат, Шыбыл – Шапырашты, Иабаку – Абақ тай­­па­лық бірлестіктері қалыптасты. Мойындар Абақтарға осы кезде қосылып, тарихтың бұралаң сапарына бірге аттанса керек.

Цифэнь. Батыс өлкеге ауып келген 12 тай­­па­­ның бірі. Осы аттас ру 8 тайпалы қидан қауы­­­мын­да да бар. «Сивэнь» деп хатталған. Олардың бөлшектенген бір тайпаның бөлек-бөлек ұшықтары екені түсінікті. Асылы, Моң­ғо­лия даласында жасаған қаңқалылар ара­сын­да сыбан тайпасы болған. 487 жылы Жужан­нан бөлініп, қашқанда бір бөлігі Жужан арасында қалып қойған да, кейін қиданға қосылған.

Қазақта дыбысталуы аталмыш тайпаға ұқсас сибан да, сыбан да бар. Сибаны – керейде, сыбаны – найманда. Асылы, аталмыш цифэнь – найман сыбан. Шығыс Түркістан өңірінен шүйе (садыр), көкжар, қаратай қауымдарымен қатар сыбан тобының ұшырасуы – аталмыш өңірді найман жұртының өсіп-өнген бір ошағы екеніне меңзейді.

Найман арасында тұрып, «Тауарих Хамса» еңбегін жазған Құрбанғали Халид найман шежіресінің маңызды бір нұсқасын ұсынады. Найманнан Сүгірше, Сүгіршеден – Төлегетай, Төлегетайдан – Қытай, Қытайдан– Матай, Қара-керей, Садыр, Төртуыл. Қара-керейден – Ерторы, Байторы. Байторыдан – Тайлақ, Жайнақ, Айрам, Мейрам. Мейрамнан – Байыс,­ Мақта апай. Байыстан Сыбан, Ақымбет, Мәмбет (Қыржы) (С.Аманжолов. Вопросы диалек­то­логии и истории казахского языка. Алматы, 1997. 77-78-б.).

Қиян (циюань). Ежелгі иероглифтік жазулар­да­ к, ч, ц дыбыстарының алмасып түсуі жиі ұшы­­ра­­сады. Мәселен, қиданды – иероглиф­тер­ чидэнь, цидэнь деп, танғұтты – кянь, сянь деп әліптеу тәжірибесі жиі ұшырасады. Сон­дық­тан циюаньды – қиян деп оқудың әбес­тігі жоқ. Қытайдың ежелгі деректемелері Хинган, Иньшан тауларының тұрғындарын «шаньжун», «тау жундары» деп атаған. «Тау жундары» сынды аударма атаудың түпкі мәні – қия жундары, болмаса қияндар болса керек. Әбілғазы қиян сөзіне «таудан құлап аққан сарқырама» деген түсінік берген.

Ся әулетінің Сары патшасы б.д.б. 2600 жылы қияндарға шабуыл жасады. Ол көп шабуыл­дар­дың басы не кезекті бірі болса керек. Ақыры шыдай алмаған қияндар батысқа кетуге мәжбүр болды. Қияндардың Орта Азияға ауып, Иранды басып, Египетке жеткені перғауын жазбаларында хатталған. Мысыр тарихшысы Менефон б.д.б. 1710 жылы жауынгер күйме арбалармен қаруланған гиксос атты көшпелілердің Египетке жойқын шабуыл жасап, 110 жыл билегенін баян етеді (Культура древнего Египета. М., 1976. 30-б.). Бұл көшпелілерді бастап келген Хиян мен Апепи патшалар еді. Олар кешікпей Нілдің шығыс жағалауына Абарис атты қала салып, орныға бастайды. Гиксос атал­ған көшпелілер қияндар мен абарлар еке­нін аңдаймыз. Сол қияндар ма, жоқ Қытай тегеуі­рі­нен лықсып келген екінші легі ме – Иранды жаулап алып, ұзақ жылдар патшалық құрады. Ахеменидтерге дейінгі Иранның патшалары­ кейянид әулетінен. Кейянид әулетінен шыққан патшалар Кей Кубад, Кави Усан, Кей Хосроу, Апиваху, Аршана, Пшинаха, Бияршана,­ Сия­вуш.­ Бұлардың көпшілігінің есімі «Шах­на­ма­ға» енген. Қияндардың дені Орта Азияда тұрақтап қалды. Хорезм тұрғындары хиондар – осы қияндардың бір сілемдері. Қиян, кан атау­ла­рының түбірлік жағынан жақын кан, қан­жуй, қаңлы жұрттарымен де шендестіруге мүм­кіндік береді.

Қытайдың терістігіндегі қияндардан таң­ғұт нәсілі қалыптасты. Олардың қайсыбір топ­та­ры­ның қаңқалы, телэ қауымы қатарынан табылуы ақылға шетін емес.
«Алпамыс» жырының 11 сюжеті Гомердің «Одиссея» поэмасымен сәйкес келетіні сияқты, қазақ эпостарының қай-қайсысының да­ тарихи іргетасы мықты. Бұл орайда «Қобы­лан­ды батыр» жырын мысалға алса да болғандай. Жыр­дағы Қазан алып, Қараман, Көбікті, Ал­ша­ғыр, Шошай хан, Қарлыға, Құртқа, Көктім Аймақ, Қырық бес кез Қызыл ер, Айбас, Дәуіт ұста, – түрік, қыпшақ, оғыз, ноғайлы тарихын­да­ орны бар тұлғалар. Осы «Қобыланды батыр» жыры қият және оның рубасы көсемі Қара­ман­ды ауызға алады. Кейін қият тайпасы­ қараман атанып, қазақтың тана, ошақты руларының, қалғандары түрікмен мен оғыздың арасына сіңді. Қияндардың ІХ-ХІ ғасырда Дешті Қып­шақ­қа келгенін «Қорқыт Ата» кітабы да растайды. Оғыздың Қазан алыптан кейінгі атақты батыры Қиян Селжұқұлы Дели Дундаз атанып, ол туралы аңыз оғыз жырлары қатарынан орын алады.

Мұны қият, қиян тайпасының Дешті Қып­шақ­қа бірінші көші десек, екінші көші ХІІ ғасырдың соңғы ширегіне жатады. «Қобы­лан­ды­ батыр» жырындағы қияттардың оғыз­дық ен-таңбалары анық болғанмен, ХІІ ғасырда ауған қияттар моңғолданған қияттар болса керек. Әбілғазы Баһадүр бұл орайда «Моңғолдың патшасы Бөрте –шина деген қият нәсілінен, құрлас руынан шыққан адам еді» дейді (Әбілғасы. Түрік шежіресі. Алматы, 1992. 29-б.). ­Бөрте-чино – моңғолдың Адам Ата құралпы бабасы да, оның зайыбы Гуа-марал – Хауа Ана құралпы анасы. Зерттеуші Л.Л.Викторова Бөрте-чиноның өмір сүрген уақытын ҮІ ғасыр­ға,­ Д.Гонгор ҮІІІ ғасырға жат­қызады. Қыс­қасы, моңғолдың билеуші әулеті қиян атанады. Бөрте-чиноның берідегі ұрпағы Добу мерген. Добу мерген өлген соң оның зайыбы Алаңқо шаңырақтан түскен нұр­дан үш ұл табады. Осы үш ұлдың үлкені Бодан­чор – Шыңғыс ханның түпкі атасы. Бұл үш ұлдан жаралғандар нирун – «алтын ұрық» атанады да, қият есімі Шыңғыс ханның үшінші атасы Қабыл хан балаларында қалады. Билік тимеген бұл балалар Дешті Қып­шаққа ертерек ауады. Ұлытаудағы Алаша хан,­ Жошы хан,­ Домбауыл мазарлары тарихи өлшем­мен ал­ғанда бір кезең­нің – ХІІ ғасырдың аяғы, ХІІІ ғасырдың басындағы жәдігерліктер.
Сыпыра жыраудың 1391 жылы Ақсақ Темір­ден қорыққан Тоқтамыс орданы тастап қаш­пақ болғанда, оны бетінен қайтармақ боп айт­қан толғауында: «Ұлы бабаң Домбауыл, соны көрген кәріңмін…» деген жолдар бар (Ж.Тілепов. Тарих және әдебиет. Алматы, 2001. 31-б.). Домбауылды «бабаң» дегенде – қиятқа мең­зе­гені болса керек. Ұлытау кешен­дері ара­сын­да археологиялық зерттеу нысанасы болғаны – Алаша хан мазары. Оның кіреберіс және қабырға кірпіштерінен «шәңгек» таң­ба­лары кездеседі (Роль номадов в формиро­ва­нии культурного наследия Казахстана. Алматы, 2010. 370-б.). Бұл – «Қият ұлысына» Шыңғыс ханның өз қолынан берген таңбасы, Алаша хан мазары орталап келгенде бітпей қалып, жоғарғы жағы кейін өрілгені белгілі. Кіре­беріс кір­піш­тер­дегі «Қият таңбасы» осы кезде пайда болса керек. Сонымен Жошы зама­нын­да Ұлытауда қияттардың шоғырланған бір ошағына кезігіп, Сыпыра жыраудың сіл­те­ме­сіне иек артқанда, Домбауылдың қият екені архео­ло­гиялық деректермен де нақтылана түседі.

Тохта хан тұсында қияттар Алтын орда төңі­­ре­­гіне тартылып, қият Исатай бек көзге түсті. Мұрагерсіз қалған Алтын Орда тағына Чер­кес­тен алып келіп Өзбекті отырғызатын да осы Исатай бек. Өзбек, Жәнібек хандар Исатай мен оның ұрпақтары Жыр-құтлу, Теңіз-Бұғаға Алтын Орданың сол қанаты Дешті Қыпшақты билеуге берді. Оң қанат – Дон даласы қият Мамай беклербектің қолында болды. Бұл қият­тар­дың билік баспалдағымен шырқаған бір кезі еді.
Шығыс Дешті Қыпшақты, Ақ Орданы Алтын Ордадан бөліп әкетіп, жеке хандықтың іргесін қалаған қият әулеті. Зерттеушілер қият қазақта қалмады, негізгі тобы қарақалпаққа кетіп, қият руын құрады дегенмен, қазақ қауымы арасында да олардың ізі анық байқалады. Шайбан Әбіл­хайыр заманында Исатай бек ұрпақтары шай­бан­дарға қол бергендердің қатарында болды. «Таварих-и гузида-йи нусратнаме» кітабы: «Оның (Әбілхайырдың – Ә.С.) құдірет күші орныққан кезде қол берген бектер мыналар: Қият Исатай бектің ұрпағынан – Бозанжар бек…» (Материалы по истории казахских ханств ХҮ-ХҮІІІ веков. Алматы, 1969. 16 б.). Шамалауымша: қияттың Бозанжардан тараған ұрпақтары Кетенің Бозаншар атасын құрады.

«Сүйшу» жылнамасы телэ қауымының қата­рын жаңа тайпалармен байытады.­ «Иву­дың­ (Құмыл, Хами) батысында, Яньцидің (Қарашар) солтүстігінде, Бэйшанды (Ақтау­ды)­­ қап­тал­дай циби (киби, қыбыр), болочжи (бұлақ), ичжи (шігіл), супо (субар), нахэ (ит­барақ), ухуань (сэнби), хугу (көге), учжи (едіз) және юйнихуань (?) қатарлы ру-тай­па­лар­ тұрады, олардың әскер саны 20 000 жетеді (Қазақстан тарихы туралы қытай дерек­те­ме­лері. Том ІҮ. Алматы, 2006. «Суйшу», 84-цзюань, «Телэ баяны». 54 -б.). Аталмыш тай­па­­лардың біразының түрікше атауын анықтау мүмкін болмады. Анықталғандары төңірегінде ой қорыту аз олжа емес.
Тағы бір телэ қауымы туралы жылнама:­ «Ал­тын­­ таудың (Алтай-Оңтүстік-батысында сюе­янь­то (сір-енда), чжилээр (таринах), ши­пань (зебендер), даци (?) тұрады» деген­ анық­та­ма береді (Сонда, 54-б.). Қағандық құрып, Түрік­пен бақ таластырған сір-енда­лар­дың бастапқы қонысы туралы мәлімет – олардың шыққан тегіне болжам жасауға мүмкіндік береді. Ал олардың көршілері тари­нах,­ зебендерлер­ кейін Хазар қағандығын құры­­су­ға ат салысқан сабир (сібір) ғұндары боп­­ табы­­лады. «Сүйшу» өзінен бұрынғы «Бай­шу» (солтүстік әулеттер) жылнамасына иек­ ар­­тып, Арал-Жайық ара­лы­ғын­дағы ұлыс тай­­па­­ла­­ры­­нан да хабар береді.
«Кан (Самарқанд) мемлекетінің сол­түс­­ті­­гін­де Адэ (Хобда, өзенін бойлап: хэч­жи (едіз), хэса (хасок), боху (бұлғар), би­цянь (бече­не), цзюйхай (жылан), хэбиси (қып­шақ),­ хэцо (?), суба (субар), емо (емек) және кэда (кердер) қатарлы ру-тайпалар тұра­ды, оларда 30 мыңдай әскер бар» деген мәлі­мет­ті көлденең тартады (Сонда, 54-б.). Зерт­теу­ші­лер­дің көпшілігі Адэ өзенін Еділ-Жайық немесе Ырғыз-Жайық аралындағы сулы өңірлердің бірі болар деп жора­малдайды. Ертеде батысқа қоныстанған елдің ат шалдырып аялдар бір тұрағы Хобда өзені болған. Бұл өңірде Ойыл, Қиыл, Елек және басқа да ірілі-ұсақты оншақты өзен тоғысып, жер асты сулары қайнар бұлақ боп ағытылып, атқылап жатқандықтан Қобы атанған. «Қобы судан» – Хобда боп қалып­тас­қан.­ Аталмыш өңірде Байтақ сияқты көне қала, кенттер де көп болғаны үйінді оба орындарынан анық аңғарылады.

«Сүйшу» тағы да: «Дэй теңізінің шығысы мен батысында сулуцзе, саньсояньме, цу­лун­­­ху­ ру-тайпалары тұрады, оларда 8 мың­­нан ас­там әскер бар» көрсетеді (Сонда, 54-б.). Дэйді-Балқаш көлі деп, сулунцзені – сиық, сань­­соянь­­мені – яньмо, кейінгі яғма деп түсінсе болады. Цулуху туралы тиянақты байламға келе алмадық.

«Фулиньнің шығысында эньцюй, алань, байжуцзюли, фувахунь қатарлы елдер тұра­ды, олардың жан саны 20 мыңға таяу» (Сонда, 55-б.). Мәтіндегі Фулинді Рум деп, Рум – Византия деп пайымдалады. Ал Қаратеңіздің солтүстік жағалаулары Румның отары, яки шека­ра­лық аудандары болғандықтан, тайпаларды­ осы өңір­ге орналастырғанда ғана ақиқатқа бір табан жақындаймыз: эньцзюй-угор, алань-алан, бай­жу­цзюли – бастран, фувахунь – абар-хун деп шамаласақ, шындықтан шалғай кет­пей­тін­ сияқтымыз.

Қытай жылнамаларының түрік, телэ қауым­дары туралы жинақтаған мәліметтері түбе­гей­лі мінсіз деу қиын. Тізімде Түркістан сыр­тында отырған Қаңлы хандығы, Дешті Қып­шақ­тың далалық аймағын мекендеген кенге­рес­­тер, Маңғыстау, Арал-Жайыққа созыла қоныс­тан­ған уздар (бозоқ пен үшоқ) назардан сырт қалған.

Дегенмен де, түрік әлемінің алыс-жақын өлкелеріне көз қырын салып, оларды мекендеген тайпалардың атымен ғана таныссақ та,­ түсі­нік­ көкжиегіміз біршама кеңейеді. Оқырман үшін де, ізденімпаз үшін де оның мәні зор. Бір орнында тұрақтап отыруға жоқ, бір күн ойда, бір күн қырда көші-қоныға бой алдырған халық­тың­ тынымсыз қозғалысында олардың ізінен көз жазып қалмауға септігі аз емес.

«Сүйшу» түріктер арасындағы телэлерге тоқ­тал­ғанда: «Толы өзенінің солтүстігінде пугу (буку, бөклі), тунло (кейінгі тонг-хойт-керей), вэйхе (ұйғыр), баегу(байұлы, баят), фуло (бөрі) қатарлы ру-тайпалар бар, олар бір­тұ­тас «иркін» деп аталады. Сондағы мэн­чэнь (миленгэ), турухэ (тутурға), сыцзе­ (сығыр), хунь (көн, көнші), хусюе (?) қатар­лы­ ру-тай­па­лар­дың әскер саны 20 мыңға жетеді» деп тұжырымдайды (Сонда, 54-б.). Асылы, жылнама дерегі телэ қауымының қатары бір шама кеміген біртұтас түріктің Шығыс Түрік, Батыс Түрік боп екіге бөлінген кезіне жатса керек. Сондықтан, олқының орнын толықтыру үшін 647 жылғы телэлерді аудандастыру мәлі­мет­те­рі­не жүгінгеніміз жөн болады. Онда былайша әліптелген: «Келесі жылы (647 ж.) олар патша сарайына тағы бір мәрте келді, сонымен хуэйхэ (ұйғыр) ұлы­сында Ханғай, баегу (байұлы, баят) ұлы­сында Юлин, тунло (керей) ұлысында Гуилинь, сыцзе (сығыр) ұлысында Лушань деген дудуфуларды (басқақтық) құрды. Хунь ұлысында Гаоланьчжоу, хусюэ ұлысында Гаоцюечжоу, аде (ада) ұлысында Цзитяньчжоу, цибиюй (киби, қыбыр) ұлысында Юисичжоу, сицзе ұлысында Цзилучжоу, сыцзенің басқа бір ұлысында Дайлин­чжоу, байси (ақ си) ұлысында Чжиянь­чжоу деген чжоуларды (аймақ) құрды. Батыс терістіктегі цзегу (қырғыз) ұлысында Цзянкунь деп аталатын фу (аудан), терістік жақтағы гулигань (саха) жерінен Сюаньцюэ деген чжоу құрды. Ұлыс басыларына дуду (тұтұқ), цыши (чжоу ұлығы), чанши (жергілікті мансап аты) және сыма (жергілікті мансап аты) деген ман­сап­тар берілді. (Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелері. Том ІV. Алматы, 2006. «Синь Тан шу», 217-цзюань, «Хуэйгу (Хуэйхэ) баяны». 332-б.). Деректемеде телэ тайпалары батыс оғыз қауымдары басмыл, қарлұқтардан басқасы, біршама көрініс тапқан. Енді аталмыш тайпалар туралы жинақтаған дерек­терді барынша сығымдап, қысқаша баяндап көрелік.

Хуэйхэ (ұйғыр). Қытай жылнамаларында бұл қауымның аты көп: ертеректегі Юаньвэй заманында уху, угэ, Жужан кезінде хойху, гаогюй, Сүй патшалығы кезінде вэйхэ, Тан дәуі­­рін­­де юаньхэ, хуэйгу, хуэйхэ атанды. Батыс­ өлкеге ауған 12 тайпа қатарында юаньхэ атымен кез­де­­се­­тініне қарағанда телэнің гаочэ-қаңқалы тарма­ғына жатады. Ғұн тәңірқұтының қыздары тура­лы аңыз, асылы, осы қауымға қатысты шежі­ре­ленеді.

«Ғұн тәңірқұтының айдай сұлу екі қызы болыпты, жұрт оларды құдайдай көріпті. Сон­дық­тан да тәңірқұт: «Айдай сұлу қыздарымды қалайша жай адамға ұзатамын? Мен оларды тәңірге беремін» дейді екен. Ол елінің сол­түс­тігіндегі иен бір жерге биік мұнара тұрғы­зып,­ екі қызын сол мұнараның төбесіне шыға­рып, «тәңірімнің өзі келіп қыздарымды алып кет­сін» депті. Содан үш жыл өткенде шеше­­лері қыз­да­рын қайтарып алмақ бола­ды. Сонда тәңірқұт: «асықпа, аз уақыт тосайық» дейді. Сөйтіп, тағы бір жыл өткенде мұнара маңында кәрі бөрі пайда болады, ол күндіз-түні мұнара маңынан кетпей ұли береді, содан мұна­ра­ның астын үңгіп кіріп, сол жерде жатады. Сонда кіші қыз: «Әкем мені мұнда Тәңірге қосу үшін әкелген, мына бөрі қасиет­ті жан иесі көрінеді, оны­ құдай айдап келген шығар» деп, мұнарадан түсіп, әлгі кәрі көкжалға қосылмақ бола­ды. Сіңлісінің қылығынан шошын­­ған әпкесі: «Бұл хайуан­ ғой! Әке-шешемізді ұятқа қалды­рып­ жүрме» дейді. Сіңлісі оған көнбейді, мұна­ра­дан түсіп, бөріге әйел болады, одан бала көріп, ол баланың ұрпағы көбейе келе бір қауым ел болыпты. Содан да болар,­ бұл елдің адам­дары дауыстарын созып,­ азандатып ән салғанды жақсы көреді, әуендері бөрінің ұлығанына да ұқсайды» (Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелері. Том ІV. Алматы, 2006. «Вэйшу», 103-цзюань, «Гаочэ (Гау­гюй)­ баяны».­ 23-24-б.).

Демек, қаңқалылар шеше жағынан ғұн болғанымен, әкесі жағынан бөріден тарайды, түріктерде керісінше – әке жағынан адам да, шешесі жағынан бөрі.
Ұйғырлар тоғыз рудан тұрады: яглакар, утур­кар, турламвюр, бокасыкар, авучаг, қарсар, хогор­сур, ябуткар, аявир. Бұлар «тоғыз хуэйхэ»­ – «тоғыз ұйғыр» делінеді. Алғашқыда хуэйхэ – байырқу, тонра, пугу, аде, ақ силермен тізе қосып, 6 тайпа болып бірге әрекеттенсе, Бірінші Түрік қағандығының соңғы кезінде қатарлары көбейіп, 9 тайпалық одаққа айналды.­ 647 жылғы іргелі тайпаларға басқақтық (дуду­фу),­ шағын тайпаларға чжоу (аймақ) құрылып, аудан­дас­­ты­ру жүзеге асқаннан көп ұзамай, басқа­ру жүйесі жаңаланды: 9 телэге арналып Ханғай басқақтығы ұйымдастырылып, ұйғырдан тұтұқ қойды. Міне, осы кезде ұйғыр тайпасы мен телэ одағының ара айырымы тегістеліп, «тоғыз оғыз» делініп сөйленген кездері бар. Алай­да «тоғыз ұйғыр» мен «тоғыз оғызды» ажы­рата танудың тарихи ақиқат үшін маңызы ала­бөтен.

(Жалғасы бар)

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen − 11 =