Көк түріктерінің қағандығы

0 176

(Басы)

Әнес САРАЙ

Үстірт, Узбойдан шығып, батыс өлке­лер­ге ентелеген олар Дон даласы­на баса-көктей еніп, 200 жыл сол өңірдегі көшпелі тайпаларға үстемдік жүргізді. Тари­хи миссиясын тамамдап, орнын басқа қауымдарға берді.

Аландардың шығысқа жылыстап, шығыс түріктермен етене болғаны байқалмайды. Олар – қытайлар өзінің терістігіндегі көшпелі тайпалар қатарында Инь (1776-1122), Чжоу (1122-770) заманынан білетін шиунжун қауымының Орта Азияда отырып қалған бір шағын шашыранды тобы болуы мүмкін. Алайда,­ олардың кейінгі тарихы ғұн заманындағы лань,­ түрік заманындағы ала қауымдарымен байланыссыз, бөлек дамыды.

«Хан кітабы» ғұн туралы баянын: «Шун-вей есімді кісі сиуңнулардың атасы Шиа-хыу­-шы (Ся әулетінің патшасы деген ұғым – Ә.С.) әулетінің ұрпағы болатын. Шән-жүң,­ шиәңиун және шиунжун ұрпақтары, тіпті, сонау Тан мен Үй (Юй) патшалардың заманынан-ақ Қытайдың терістік шекарасында өздерінің малын бағып, бір жайлау­дан­ бір жайлауға көшіп жүретін» деп бас­тай­ды (Сиуңну. Хан кітабынан. Алматы, 1998. 24-б.). Ся әулеті төңкеріс салдарынан б.д.б. 1764 жылы биліктен кетті. Міне, осы кезеңде Ғұн қауымының қатарында шән-жун–тау жундары, яки қияндар, шиәниун – күшүгір, шиунжун – жұпар иіс шөппен қоректенетін тайпалар аталады. Маудун өзін шаньюй жариялайтын б.д.б. 209 жылдарда күшүгірк тайпасы – сюйбу, шиунжун тайпасы – лань (ала) атымен ауызға ілікті.

Біз назар аударып отырған тайпа ғұн зама­ны­нан бұрын шиунжун (жұпар иісті гүл), ғұн заманында лань (орхидея гүлі), хилань атанса, түрік кезеңінде хэлань (ала), бома (алақшын), била (ала), элочжи (алаш) деп әліптелді. Хэлань, элочжи түрік атауы болса, бома, била – қытайша аударма атаулар. Түрік зама­нын­да аталмыш қауымның төрт тобының ізі байқалады.

Бома туралы «Ду Ю Тун дянь» энциклопедиясы өзгелерге қарағанда кеңірек баяндайды: «Бома мемлекеті, олардың жері солтүстік теңізге жақын, астанадан (Чанань) 14 мың ли. Ол елге жеткенше түріктің бес тайпасының қонысын басып өтесің. 30 мың сарбазы, 300 мың жылқысы бар. Бома мемлекетінің билеушісі иркін дәрежелі, түріктен мүлде айырмашылығы жоқ. Садақ, жебе, семсер, найза, қалқанмен қаруланған, түнгі күзет, оққағар нөкерлері, мекен-жайларында қоршау жоқ. Елдерінің о шеті мен бұ шеті шығыстан батысқа бір айлық, түстіктен терістікке елу күншілік жер.

Ауа райы мейілінше қатал, қыста үйме қардан үйлерінің төбесі қылтиып шаққа көрінеді. Күн жылып, қар ерісімен тау бөктерлерінің шуақты түстік беткейлерін атты соқамен жыртып, бес түрлі дақыл егеді. Балық аулауға, аңшылыққа әуес. Тәуір балықтардың, бұғы, қамқа, бұлғын­ның­ етін тамақ етіп, терісінен киім киеді. Елде­рін­де темір ыдыс жоққа тән. Қыштан, ағаштан аяқ-табақ істейді.

Судың тазасы мен шөптің шүйгінін іздеп, үнемі көшіп-қонып жүреді. Талдан дөңге­лек­теп тоқып үй істеп, төбесін қайың тозы­мен көмкереді. Жерге шөп төсеп, шөп үстіне киіз жайып, соған жатып-тұрады. Жайылым тозса, жаңа жерге көшіп-қона­ды. Аттарының түсі ала, сол себеп­ті мем­ле­кет­тері де Бома (Ала) аталады.­ Олар ат мінбейді, сүтін сауып, қымыз ғып­ ішіп, етін тамақ етеді. Қырғыздармен үнемі қыр­қы­су­мен күн кешеді, ол екі жұрт­тың бет пішіндері бір-біріне ұқсас, бірақ тілдері бөлек. Юн-хуэй билік еткен кезеңде (630-636) Тан империясына елші жіберді» (Малявкин А.Г.Танские хроники и государства Центральной Азий. Новосибирск, 1989. 104-105-б.).

Бомалар жерінің шалғайлығына байла­ныс­ты Тан сарайымен де, Түрік қаған­дық­та­рымен де етене араласпаған сияқты. Қалай дегенмен де, белсенділікпен көзге түсе қоймайды. Түріктің жорықтарына қол беріп, салық-салғыртты уақтылы төлеп тұрса керек. Бірінші, Екінші Түрік қағандығы мен Бома арасында бірде-бір шиеленісті жағдай тір­келмеген.
Әбілғазы баһадүр Бома жұртын Алақшын елі деп атап, әжептәуір құнды деректер қал­дыр­ды: «Бірсыпыра елдер Айқара мұран деген судың жағалауында отырар еді.­ Ай­қа­ра мұран қырғыз уәлаятының тұсы­нан­ өт­кен­нен кейін жан-жақтан кішкене өзен­дер­ қосыла-қосыла үлкен өзенге айна­лып, Ащы теңізге барып құяды, құяр жерде теңіз жағасында үлкен шаһары, айнала кенттері көп болар еді. Көшіп жүретін малды ауылдар да кездеседі. Жылқылары ірі, жабағысы біздің құнан жылқымыздай, жыл­қы­­ла­­ры­ның бәрі ала, өзге түсі болмас еді. Шаһарларының аты Алақшын еді, шаһарға жақын жерде күміс кеніші болатын. Ол елдің қазаны мен аяқ-табағы бәрі күміс­­тен жасалар еді. Өзбектің оларды «ала­ жылқылы, алтын ошақты» деуі содан.

Шыңғыс хан өлген соң қырғыз жұрты және оның төрт жағындағы жұрттардың баршасы Толы ханға бағынды. Толы хан өлгеннен кейін билікті оның үлкен әйелі, барлық балаларының шешесі Сүйір­көк­тай­ бике алды. Ал өзінің үш бегін бас қы­лып,­ мың кісіні «қолдарыңнан келсе шабың­дар,­ келмесе хабар алып келіңдер» деп Алақ­шын­ шаһарына жіберді. Көп уақыт өткен соң жіберген мың кісінің жеті жүзі өліп, үш жүзі үш бегімен қайтып келді. Олар айтты:

– Естігеніміздің бәрі рас екен. Күмісті көп алып едік, ағысқа қарсы кемені жүр­гі­­зе ал­май, көбін тастадық. Ауасы жаман ыстық екен, адамдарымыз содан қырыл­ды»­ (Әбілғазы. Түрік шежіресі. Алматы, 1992. 35-36-б.).

Қытай жылнамаларындай емес, Әбілғазы алақшынды қазба кеніштері, қалалары көп, өте бай ел ретінде суреттейді. Онысы түсінікті де. Алақшындардың қытай жылнамасына іліккеннен бері 600 жылдай уақыт өткен-ді.

1733-1743 жылдарғы экспедиция нәтиже­сін­де­ жа­рық көрген «Сібір тарихы» еңбе­гін­­де Г.Ф.Миллер Алакцин қаласының бұзыл­ған орнын көріп, күміс кеніштерін зерт­теп, Әбілғазы деректерінің шындыққа сай ке­ле­ті­нін­ құптайды. Әбілғазының Айқара мұраны – Амур екенін, ал Алакцин қаласының Аргун өзеніне құятын Алакцин арнасының бойында екенін хабарлайды (Миллер Г.Ф. История Сибири. Том І. М., 1999, стр.172-173).

Көшім хан заманында Обь пен Құланды даласының арасын қоныстанған Ала орда, орыс деректемелеріндегі Пегая орда осы алақшын қауымының батысқа ауған жұрты болса керек. Бұл орданың билеушілері ұрпақ­тан­ ұрпаққа Алаша атанған.

Ала қауымының тағы бір бөлігі Пинлян өңірінен кезігеді. Әкесі Лю Вэйчэнді Тоба-Вэй өлтіргенде, оның ұлы Баба Сарыөзеннің батысына қашып еді. Оған Ордостан 20 мың адам кеп қосылды. Ол 407 жылы Ся бектігінің іргесін көтерді. Оның Пинляннің ала-құла жұртынан құралған елінің ұйытқы тобы хэлань, ашина және цзюкюйлер еді. Асылы оның соңына ілескен 20 мың түтін негізінен хэланьдар болса керек. Бабаның Хэлань Баба аталуы да хэлань қауымының әсерінен.

Жақсы орталықтандырылған Бірінші Түрік­ қа­ған­дығы кезінде көзге түсе қоймаған хэлань тайпасы, телэлер бодан болатын 647 жылы жүр­­гі­зіл­ген ау­дан­дас­тыру кезінде ауызға ілі­ге­ді. «Синь Тан шу»: «Сондай-ақ Хан­ғай­ духуфу мекемесін құрып, Цзиньвэй (Алтай), және Синьли (Көөк) қатарлы 7 дуду мекемесі мен Сяньэ (Селенга), Хэлань сынды 8 чжоуды сол Ханғай духуфу меке­ме­сі­нің құзырына қаратты…» деп көрсетеді (ҚТТҚД. «Синь Тан шу», 215-цзюань, «Туцзюе баяны». 176 б.). Хэлань округі – Ганьсу өлкесінің бас қаласы Ланьчжоу кентінің шығысында болған (Малявкин А.Г. Историческая география Центральной Азии. Новосибирск, 1981. Түсінік – 175. 145-146-бб.). Асылы, округ аты – Алашань тауының атымен сабақтас болса керек. Бұл округтің билеушісі 666 жылдан бастап циби тайпасының өкілі Циби Миннің болуы – хэланьдарға Тан сарайы­ның онша сенбегендігінің айғағы боп табылады. Аталмыш хэлань тайпасы түріктің алаюнтлы қауымымен байланысты болса керек.

Бесбалықтан Дунхуанға қарай оңашаланып созыла отырған арғын-басмылдардың жаугер­ші­лік­ке ұшырап, қашып-пысқан түрік тайпала­ры­на бас сауғалар сая болғаны рас. Екінші Түрік қағандығы кезінде ол үлкейіп, іргесі кеңіп «отыз оғыз» атанды. Міне, осы арғын-басмылдар қатарынан боманың бір тармағы билаларды, хэланьдарды ұшырастырамыз. Батыс­ Түрік қағандығының тағына талас кезінде бома (ала) қауымы чуюэ, чумилермен тізе қосысып, Үкік шадты қолдағаны туралы дерек кездеседі (Гумилев Л.Н. Древние­ тюрки… 217 б.). Сондай-ақ, Екінші Түрік қағандығы кезінде басмыл билеушісі Ашина Шидің «хэла-пицзя-кэхань» деп лауазымдалуы алалардың басмыл бірлестігінде елеулі күш болғанын аңдатады. Асылы, бома, била, хэланьдардың бір бөлігі батысқа жылысып, арғын-басмылдардың қатарын көбейтсе керек.­ Сүйтіп, түрік арасында ала қатпа­ры­ның мол болғанына тілге тиек деректер жеткі­лік­ті. Алшын атауының әргі бастауын осы қауым­нан іздеген тарихи шындыққа орайлас болатын сыңайлы.

Беріш. Бұл қауымның 487 жылы Афучжило­ бас­­тауы­мен жужаннан бөлініп, Гаочанға (Тұр­пан­ға) кеткен фуфло (бөрі) тайпасы­мен байланысы байқалады. Гаочанның билеу­ші­ле­рі­нің бірі Миэту болса, Ифу оның інісі еді. Беріш есімді тұлға осы Ифудың ұлы. 534-537 жылдар аралығындағы шайқастарда Ифу Жужаннан жеңіліп, опат болған соң, билік тізгінін оның ұлы Беріш қолға алды. Беріш қауы­мы­ның жеке тайпа ретінде қалыптасуын осы шамамен белгілесе болады.

627-641 жылдарға жататын дерек бойынша Тұрпанның терістігінде 1500 ли (750 км) жырақта чуюэ, чуми, гусу, гэлолу, беріш тайпалары тұрған (А.Г.Малявкин. Историческай география Центральной Азии. Новосибриск, 1981. Түсінік-33. 91-92 б.). Дәйектеме Тарбағатай тауына меңзейді. Демек, олар Батыс Түрік қағандығының құрамындағы жұрт болған.
Беріштердің Шығыс Түрікке ауып, ашадэмен еншілес болуы – 660-663 жылдарға жатады.­ Бұл кезде Түрік даласында Тан пат­ша­­лығы мен телэ қау­ым­дары арасында кескі­лес­кен ұрыс жүріп жатты. Нәтижесінде ұйғыр­лар бел алып, тұңғыш рет өздерінің дербес қаған­ды­ғын жария­ла­ды. Осы дүрбелеңнен бас сауғалап төрт тайпа: юйшэ, иши, биши (беріш) және чилюэ қауымдары шекаралық аумақ­тарға ауып келді. Ашадэлар қоныстанған Динсян басқақтығынан Саньган дудуын бөліп шығарып, осы төрт тайпаны орналастырды. Беріштердің Шығыс Түрік құрамынан бой көрсетуі осы жағдайларға байланысты.

Міне, осы Беріш тайпасының сәбек (себек) руынан түрік абызы Тонұқұқ шықты. 646 жылы туған ол 6-7 жасында Саньган резервациясына тап болып, қауымдастарының кіріп­тар­лық хәлін бала кезінен көріп өсті. Тан им­перия­сы­ның астанасы Чананьда оқып, әскери мамандықты меңгеріп, Шаньюй­ дудуфуына қызметке ауысып кел­ген соң, кө­тері­ліс­ші­лер­дің қатарына қосыл­ды. Қытай тарихшысы Ма Шаншу: «Тонұқұқ – Алтайдағы Қара Ертісті мекендеген қарлұқ елінің Сәбег руы­нан шыққан адам»­ деп се­нім­ді түрде ой қорытады (Мыңжан Н. Қазақтың көне тарихы. Алма­ты,­ 1993. 11-б.). Тонұқұқтың селбеуімен Беріш­тер қаған ордасы, тақ төңі­ре­гін­де­гі елеулі күшке айналды. Сір-енда, Беріш, Сәбек, Айбас қауымдарымен молыққан қаған­­дық­­тың­ ана­лық­ бұтағы Ашадэ қауымына бас­шы­лық етіп қоймай, қағандықтың шешуші лауа­зым­да­рын қолда ұстады. Тонұқұқ әрі бүкіл түрік абызы және Білге қағанның кеңес­ші­сі болса, оның қызы, Білге қағанның қатуны По-бегім мемлекетті басқару ісінде бел­сен­ді­лік­пен көзге түсті, ал оның інісі Сәбек Күл-еркін орданың бұйрығы болды. Ал қағандықтың оң қанаты Айбас тайпасының өкілі Айбас ябғудың құзырына көшті. Демек, Екінші Түрік қағандығының соңғы кезеңінде империяның әскери күші Беріштің Сәбег, Айбас аталарының қолында болды деуге негіз бар. Екінші Түрік қағандығын ақтық деміне дейін қорғағандардың қатарында Айбас батыр­дың болуы тегін емес.
Беріш қауымы мен аналық бұтақ Ашадэ арасында біз әлі де жете түсініп болмаған бай­ла­ныс бар сияқты. Алтай түріктері, яки Абанбу бастаған 17 тайпа, Ашиналарға кеп қосыл­ған­ға дейін өздерінің діни сенімдері болған. Олар ең ұлы құдайларын Үлкен, жер асты құдайын Еріклік, ал Үлкеннің зайыбын Дайық­ деп ата­ған. Дайықтың – Жайық екені, Беріш­тің белді бір атасы екені белгілі (Семан­тика древних образов. Новосибирск, 1990. 152-157-б.). Алтай түріктерінің діни сенімі Ашиналардың әсерімен Тәңір, Ұмайға өзгер­ді. Осы ретте аналық бұтақты пір тұтқан Аша­дэ­лар­дың Ұмай – Анамен ғана емес, Жайық – Анамен де жалғасып жатуы ықтимал. Беріш­тер­дің Ашадэ төңірегіне топталуында осындай сыр болса керек.

Біз Беріш қауымының Түрік заманындағы тарихын ғана әңгімеге нысана еттік. Ал аталмыш­ қауымның толық тарихы «Ноғай­лы»­ кітабының «Беріш» тарауында егжей-тегжей баяндалды.

Түркеш. Бұл қауымды абар, мукриндермен (Л.Гуми­лев) бай­ланыс­­тыр­­май, оңтүстік ғұн тайпа­ла­ры­ның­ арасынан іздеген жөн болады. 48 жылы Жыжуван Би тәңірқұтпен Қытайға бодан­ болған оңтүстік ғұндар 19 ру болып, Ордосқа орналасты. Олардың арасында баяғыдан белгі­лі Хуянь, Сюйбу, Лань, Цяо тай­па­лары бар еді. Бірақ билік Тугэ тайпасының қолында болды. Маудун (Модэ) тұқымы тау­сы­лып біткен соң, тәңірқұттар осы қауым өкілдерінен таңдалды. Пайым­дауы­мыз­ша: осындағы Тугэ – түр­кеш­тер. Тугэні туцзюе-түріктермен сабақ­тас­ты­ру орынсыз. Олар оңтүстікке аумай Алтайдың сыртында қалғанына 17 тайпалы Абанбу түріктері дәлел бола алады.

392 әлде 393 жылы тугэ-түркештердің көсемі Лю Вэйчэнь Тоба Гуйдің қолынан жазым болғаннан кейін, түркеш әулеті ыдырады.­ Түркештің хэлань тайпасына арқа сүйеген Хэлань Баба Ся мемлекетін құрып, қағандық жұртын қайта көтергенмен, жаңа бектіктің өмірі ұзақ болмады. Тугэ – түркештер бір­тін­деп Гаочанға кетуге мәжбүр болды. Осы орайда төмендегі деректің байыбына барға­ны­­мыз жөн. «Туньдянь» мен «Вэньсян тун­ као» кітаптарының «Гаочэлар» тарау­ша­сын­да: «Сүй патшалығының дәуіріне келгенде (581-618) Ту-ше-ши мем­лекеті бол­ды, ол яғни соңғы Вэй (Солтүстік Вэй) зама­нын­дағы Гаочэ мемлекеті» деп жазыл­ған. «Тай пин хуан юй цзи» кітабында да осылай жазылған, тек мұндағы мемлекет атауы Ту-ше-ши емес, Ту-цзюе-ши (ТПХЮЦ, 194-цзюань II Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелері. Том ІҮ. Алматы, 2006. Түсінік-157. 47-48-б). Түрік сөзі түркешпен түбірлес болғандықтан, деректемелер бірде Ту-цзюе-ши деп, екіншіде Ту-ше-ши деп, яки түріктен басқа тұлғада әліптеген. Мұны қытай жылнамаларындағы туциши – түркеш атауының қалыптасу жолындағы алалық деп түсінген жөн.

( Жалғасы бар)

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twelve + 15 =