Көк түріктерінің қағандығы

0 2  822

(Басы)

Әнес САРАЙ

Аталмыш тарихи есімді Л.Гумилев – Хуге, Е.И.Кычанов – Кугэ, ал «Жаңа таңнаманы» тәржімелеуші шынжандық тарихшылар Кугы деп әліптепті. Мұның барлығы Көге екені талассыз.

Қиданның Көгеге бағынған ұлысы Қытай­ға 658 жылдан кіріптар болғанмен, 644­ жылға дейін дербестігін сақтағанын бай­қаймыз.

Жоғарыдағы мәтінде Көгеннің немерелері сөз болғанмен, баласы ауызға алын­бай­ды. Оның себебін зерттеуші Е.И.Качанов ашып береді. Көгенің ұлының есімі Цзинь-жун (Алтын бек). Ухоу патшайым билік құрған заманда (690-705) ол Қытай­дан кетіп қана қоймай, өзін қаған жариялаған. Бірақ қыспаққа алған айнала жауға төтеп бере алмай, Екінші Түрік қағандығына бір ұлыс боп кіріп, елтебер лауазымымен билік жүргізген. Оның екі ұлы Қытай қызметінде болды. Цзинь-жуннан кейін билік сол әулет­тің елағалары Шихоуға, одан Согу, Ойюй, Шогуға көшті. Көге әулеті билеген қидан­дар­­дың бұл ұлысы біртіндеп түріктерге сіңіс­ті,­ Көгеден Таманың Көге батыры, Шо­гу­­дан Таманың Жөгі аталары көрініс табады.

630 жылы Бірінші Түрік қағандығы күй­реп, Тан пат­ша­лы­ғына бодан болғанда, кіріп­­­­тар­­­лық­қа көнбей, Сір-енда қағандығына қаш­­қан­­дар­дың қатарында Синьли қауымы да болды. Ғұн дәуіріндегі Шыңли Тан заң­ын­­да Синьли болып әліптелді, мағынасы – көөк. Жаңа қағандықта өздеріне де ор қазы­­лып жатқанына көзі жеткен Чэби өз тай­пасы Чэби (чэбнилермен), оның ұлы Цзе­манто өзі билейтін Синьли тайпасымен Алтайға қашты. Цземанто Қытайға бері­лей­ік деп, әкесін көндіре алмаған соң, өз бетімен сарайға елші жіберді. Кейін Чэби Қытай­ға­ кіріптар болғанда, оның ұлының ізгі қада­мы­ ескерусіз қалмады. Цземан­тоға Ішкі Моң­ғо­лия­ жерінен Вулатэ хошуыны құрып, Синьли қауымын сонда орна­ластырды. Екінші Түрік қағандығы кезінде аталмыш қауымның аты аталмайды,­ олар­дың басқа өлкеге ауғаны туралы да мәлі­мет жоқ. Әу бастан-ақ түріктің төл жұрты болған Синьлидің – қағандықтың орда­лық тобымен астасып кеткенінде дау жоқ. Асылы, көөк тайпасының бұл тобынан қоңы­­рат­­тың Көктің ұлы, түрікменнің гөклен, «Қобы­лан­ды­ батыр» жырындағы «Көктім аймақ» қауымы шықса керек.

Аз. Пайымдауымызша, аз қауымы – Орта Азия сақтарының сілемі. Геродоттың куә­гер­лік етуінше олардың арасында ясси, яти, атаси тайпалары болған. Ясси – ежелгі Түрікстанға өз атын берген жұрт. Аталмыш қауым­дарға жататын Батыс Түрік жұртында екі ұлыс асицзе, Шығыс Түрікке жататын аз тайпасы болды. «Синь Тан шу» жылнамасы Батыс Түріктің екі ұлыс елінің бірі – асицзецюесыцзин (түрікше баламасы – асицзе чор іркін), екіншісін – асицзенишусыцзин (түрікше баламасы – асицзе низук іркін) деп хаттаған. Қытай-қазақ тарихшылары асиц­зені – Асскіл деп аударады. Өз еңбегін ІХ ғасырда жазған Ибн Хордабек ҮІІІ ғасыр­ды баяндаған тұста: «Түрік елі: жер жағы­нан үлкені тоғыз – оғыздар… Олар Қытай­мен, Тибетпен, карлұқпен шектесіп жатыр. Одан кейінгісі қимақтар, ғұздар, жігер­лер (чігілдер), печенектер, түркештер, азгиш­тер, қыпшақтар, қырғыздар…» деп мәлім­дейді (Материалы по историй турк­мен и Түркмений. М-Л., 1939. Том І. 144-б.). Осындағы «азгишті» қытай жыл­на­ма­ла­рын­да­ғы асскіл деп түсінген жөн. Бұдан бір ғасыр өткенде М.Қашқари бұл қауымды азық деп жазып, өзі де сол тайпаның түлегі екенін атап көрсеткен.

Аздардың шағын бір тобы чіктермен бір­ге­ Саянда отырды. Тонұқұқ 711 жылғы Қыр­ғыз­ға жорықта олардан жол көрсетуші алғанын атаған. Қаған ордасына қарсы бас­көтерістерге қатысып, түріктердің жойқын шабуылдарына ұшыраған аздардың бұл тобының бастан кешкендерін Тонұқұқ, Күлтегін, Білге қаған мәтіндеріне сүйене отырып сөз еткендіктен, қайталап жатпай­мыз. Аздардың бұл қауымы кейін Юс өзеніне қоныстанып, ХІІІ ғасырға дейін ус,­­ кейін ұсақ, уақ атауына ие болды. Атал­мыш қауымдар түрік этногенезіне елеулі үлес қосты. Әсіресе, Батыс Түрік қаған­ды­ғын­дағы аз, азгиш, азық жұрты саяси-әлеу­мет­тік оқи­ға­лардың бел ортасында болып, бел­сен­ді­лікпен көзге түсті.
Чік /шекті/. Ашина шежіресі бойынша 17 рулы Алтай түріктерінің Бөрі-Анадан жаралған киелі төрт тайпасының бірі. Шежі­реде Цигу деп әліптеліп, көпшілік ғылым­дар тарапынан қырғыз деп уәждел­ген­­мен, Л.Қызыласовтың пікіріне иек артып және де қырғыздың Бөрі төтемді жұртқа жатпайтынын ескеріп, Цигуді чік деп қабылдауды жөн көрдік. Шежіреге аты­ ілік­кенмен, Бірінші Түрік қағандығы кезін­де жеке іс-әрекеттерімен көзге іліге қойған жоқ. Ол мүмкін де емес-ті, бір тудың астына жұдырықтай жұмылған иісі түрік Ашина атымен ғана әрекеттенді. Бірінші Түрік қағандығы күйрей жеңіліп, Тан пат­ша­лы­­ғына кіріптар болатын 630 жылы Ашина арасында Чік қауымы өз алдына жеке тайпа екені анықталып, олар үшін Чоч­жоу дуаны құрылды. Мұндағы «чо» ғалым­дар тарапынан бірауыздан «чік» деп мақұл­данды. Қытайға бодан кездерінде шетін мінездерімен көзге түсе қойған жоқ. 24 округті қамтыған 679 жылғы Ашадэ көтерілісіне қатысты деп ойлаймыз. Екінші Түрік қағандығы ірге көтеріп, Елтеріс Құтлық қаған мен Тонұқұқтың басшылығымен түрік даласына қашқанда, дүрмекпен ілесе кеткенмен, қағандық топқа сіңіспей, өздерінің дербестігін сақтап, Саянның күңгейінде аз, хагяс, қырғыздармен көші сыбай жеке ұлыс болып отырды. Қапаған қағанның шектен шыққан қаталдығына шыдамай бірде аздармен, екіншіде қырғыздарға қосылып, бүлікке бой алдырғанда, Тардуш шад (Білге қаған) оларға бас білгізді. 710 жылғы түрік жасағының жеңісті бұл жорығы Білге қаған ескерткішінде қашалған. Екінші Түрік қаған­ды­ғының тарихында бұл оқиғалар егжей-тегжей көрініс тапқандықтан және чік-шекті қауымының өткен-кеткендері «Ноғайлы» атты еңбегіміздің «Алты шекті» тарауында таратыла баяндалғандықтан, белгіліні қайта ежіктеудің қажеті шамалы. Аталмыш чіктер Екінші Түрік қағандығының орнына келген Ұйғыр қағандығымен де шиеленісті жағдайда болғаны «Могойн Шинэ-ус» ескерткішінде көрініс тапқан. Чіктер 750 жылы Ұйғыр қаған­ды­ғымен Кем өзенінің аңғарында соғы­сып, ал 753 жылы қырғыздармен тізе қосысып көтеріліс жасады (Қаржаубай С. Объединенный каганат тюрков. Астана,­ 2001. 81-б.). Ал Ұйғыр қағандығының Тариат­ ескерткішіндегі: «Жағма, алум-чикил иелігін Құтлық білге сенгүн мен Урсу Құтлық тархан сенгүнге бердім» деген жол­дар­дың тарих үшін үлкен маңызы бар (сонда, 47-б.). Бұл алум (әлім) атауының тарихи жазбаларда алғаш ұшырасуы және алум-чикил деп әліптелуінен кейін есімі дабыралы болған чікіл қауымының әлім жұр­ты­мен сабақтасып жатқанына жіп ұшын ұстатады. Екінші Түрік қағандығы құла­ған­нан кейін мемлекеттің ұйытқы тобын­дағы тайпалар Ұйғыр қағандығының үстем­ді­гіне көндікпей батысқа жылжыды. Чіктер де Дешті Қыпшаққа ауды. Осында олар кенгірес (кенегес) қауымымен кезігіп, жаңа тайпалық одаққа біріккені «Ноғайлы» кіта­бының «Алты Шекті» тарауында баян етілді.

Ала. Б.д.д. 1200 жылы Кіші Азиядағы Хетт мемлекетінің патшасы Суппилулуммас І Кипрді жаулап алғанда, ол аралдың атын Алашия, ал тұрғындарын алаш жұрты деп көрсеткен (Яйленко В.П. Архаическая Греция и Ближний Восток. М., 1990. 128, 129-б.). Сондай-ақ, жаңаша жыл санауымыздан бұрынғы кезеңде Меотида (Азау) теңізінің жағалауын алазон тайпасы мекендеп отырғаны барлық тарихи еңбектерде айтылған. Осы екі дерек ерте замандарда Қаратеңіз бен Каспий аралығында әлде Алаш, әлде Ала қауымы жасады деп пайымдауға негіз бола алады. Лингвист-түрік­танушы Ю.Н.Дроздов: «… Алазон түрік­тің алысын сөзіне жақын, мағынасы – жас, көк шөп» десе (Ю.Н.Дроздов. Тюркская­ этнонимия древнеевропейских народов. М., 2008. 19-б.), Қ.Салғараұлы да алшын сөзінің этимологиясын көк, жас шөппен байланыстырған. Ал М.Тынышпаевтың алазонды алшын деп танығаны баршамызға белгілі. Осы алазондардың шағын бір тобы алеман (аламан) атымен Қаратеңіз готтарымен Батыс Еуропаға ұзағаны және ақиқат.

Осы ала қауымының бір елеулі тобы Ғұн бірлестігінде болғаны байқалады. Осы ретте­ Лань тайпасының сыр-сипатына назар тоқ­тат­қан­ды жөн көрдік. Ғұнның тіректі жұр­ты үш тайпа: Хуянь, Лань, Сюйбу. «Лань – қытайша орхидея гүлінің атауы» деп тұжы­ра­ды Л.Гумилев (Л.Гумилев. Хунну. Хунны в Китае. М., 2003. 80-б.). Ал ғұнның қата­рын­дағы орхидея гүлін, жұпар иісті шөп­тің атымен аталатын шиунжун тайпасы Инь (1776-1122), Чжоу (1122-770) заманы­нан белгілі. Осы ретте әлгі астары хош иісті гүлге, әлде, шөпке қатысты шиунжун мен алазон жұртын сабақтастыра қарауға себеп жет­кі­лікті сияқты. Тек қайсысынан қайсысы бөлі­ніп шыққанын анықтау мүмкін емес. Сонымен Инь, Чжоу заманынан белгілі шиун­жун ғұн кезеңінде лань деп қысқартыла таң­ба­ла­нады. Олай дейтін себебіміз: б.з. 48 жылы Ғұн империясы оңтүстік, солтүстік боп екіге бөлінгенде, Қытайға кіріптар оңтүстік ғұндардың арасынан табылған лань тайпасы енді хилань деп толығырақ хатталды. Аталмыш атаудың осы тұлғасы сәл-пәл дыбыстық өзгеріспен түрік зама­нын­да хэлань болып қалыптасты. Бұл орайда Э.Шаванның «Шаньси тунчжи» жинағынан келтірген үзіндісі ілтипатқа аларлық: «Хэлань тауы Нинся әскери бекінісінің баты­сын­да 60 ли жерде. Тауда жасыл түсті шөп­ пен ақшыл түсті шөп аралас өседі. Алыс­тан ол ала аттың терісіне ұқсайды, әлгі тау­ды­ да соған ұқсастырып Хэлань атаған» (А.Г.Малявкин. Танские хроники о государ­ствах Ц.А. Новосибирск, 1989. 324-326-б.). Тақырыпты тарата зерттеген ғалым «хэлань-сюнну руының аты» дей келіп, Қытай зерттеушісі Яо Вэйюанның еңбегіне иек артып: «Түріктер жылқыны хэлань деген» сынды пікірді көлденең тартады (А.Г.Малявкин. Историческая география Ц.А. Новосибирск, 1981. Түсінік-175. 145-146-б.).
Сонымен, лань, хилань, хэланьның – ала, ала атты, алаюнтлы деген ұғыммен астасып жатқанына көз жетеді. Түрік заманында аталмыш қауым бома, била, хэлань, элочжи деген атпен әрекеттеніп, жеке тайпа ретінде де, түркеш, басмыл қауымдастығы қатарындағы ру ретінде де көзге түсті. Соң­ғы­ ізденістер түрік тайпалары арасында ала қат­па­ры күшті болғанын аңдатып отыр.

Қайсыбір зерттеушілер түрік арасындағы ала қауымын дыбысталу жағынан осы атауға ұқсас алан жұртымен сабақтастыра қарас­ты­ру ниетін байқатады. Тарихшы Н.Мұқа­мет­ханұлы: «Аландар – қазақ халқы этно­ге­не­зінің бір тармағы. Анығырақ айтқанда, қазақтың Кіші жүзінің арғы ата-бабалары» деп ой тиянақтайды («Алаш» тарихи-этнологиялық журнал. №4 (25), 2009. 52-б.). Иә, б.д.д. ІІ-І ғасыр шамасында Арал теңізінің сыртында Яньцай деген ел жасағаны Сыма Цяньның «Тарихи жазбаларына» түскен. Онда: «Яньцай қаң­лы­ның батыс-солтүстігінде шамамен 2 мың­ ли жерде тұрады, көшпелі мемлекет, әдет-ғұрыптары қаңлыларға негізінен ұқсас келеді. Садақ ұстағанның саны 100 мыңнан асады. Жерінің шеті үлкен теңізге тіреледі, теңіздің жаға-жиегі жоқ. Солтүстік теңіз деген, бәлкім, сол шығар» делінген (сонда, 52-б.).

Б.д.б. 206 жылмен б.з. 23 жылы аралығын қамтитын «Көне Ханнама» (Хоуханьшу) Яньцай мен солтүстіктегі Янь ұлысы Қаңлыға бағынышты екенін атаған (Н.Я.Бичурин. Средняя Азия и Восточный Түркестан. Алматы, 1997. 145-б.). «Соңғы Ханнама»: «Яньцай мемлекеті атын Аланчин мемлекеті деп өзгертті» деп мәлімдейді. («Алаш» журналы… 53-б.). Осындағы «Аланчинді» зерттеушінің «Алшын» деп түсінгені бай­қа­лады. Түрік әлемінің көкжиегін кеңейтуге жол ашатын бастамалар дәлелі жеткілікті болса, қолдау таппай қоймайтыны түсінікті. Алайда, Алан мен Алшын арасына теңдік белгісін қоюға әлі де ертерек сияқты.

Ендеше, сармат, алан тайпалары туралы түсі­ні­гі­мізді нақтылағанның артықтығы жоқ.­ Сар­­маттар туралы алғашқы мәлімет б.д.д. V ғасыр авторы Геродотта кездеседі: «Танаистің арғы жағында енді Скифия жоқ, ол өңір қазір сарматтардың меншігі, Меотида көлінен терістікке қарай 15 күншілік жер соларға тиесілі» (Геродот. ІV, 21). Арнайы зерт­теудің нысанасы болмағандықтан, Геро­дот­тың ұзақ бая­нына тоқталып жатпаймыз. Сарматтардың тайпалық құрамын алғаш көрсетіп берген Страбон, ол языг, роксолан, аорс, сирак сынды төрт тайпаның атын атайды (Степи европейской части СССР в ски­фо­сар­ма­тан­ское время. М., 1989. 155-б.). Языг пен роксаландар Дон мен Днепр аралығын, аорс пен сирак Дон мен Еділ аралығын жайлаған. Сарматтардың Каспий теңізінің шығыс тара­пынан кет­кені жалпылама ғана ауызға алынады. Біздің ойымыз­ша, сарматтар Кир, Дарий жорықтары салдарынан батысқа қозғалған Орта Азия сақтары. Языг (яссы), сирак (сир) осы өңірдің ежелгі тұр­ғын­да­ры. Ал аландардың жаңаша жыл қайыруымыздың 50-60 жылдары терістік Қаратеңіз далалық аймақтарына аяқ басқаны Еуропа тарихшылары Сенека, Лукан еңбектерінде көрсетілген (сонда, 157-б.). Алан қауымының байырғы топырағы Үстірттің оңтүстік бөктері, Узбой өзені, Сарқамыс көлі, Адақ, Дебкес­кен, Аяз-қала кенттері деп уәжделіп, оларды массагет қауымымен шендестіреді. Олардың б.з.І ғасырында Арал сыртындағы Яньцай­ елін жаулап алып, ол мемлекеттің атын Алан, Аланшынға өзгертуі – аландардың жаугер­шілік жорықтарымен тікелей байла­ныс­ты. Мұнымен де шектелмей, аландар ұзамай Қаратеңіз алабына еніп, языгтар мен роксоландарды Дунайға ысырып, Дон-Еділ арасындағы аорстар мен сирақтарды өзіне қосып алып, алан атандырды. Олардың дәуір­леуі 200 жылға созылып, 370 жылмен тәмам­да­лады. Бұдан 200 жыл бұрын Еділ-Жайыққа ауып келіп, угор тайпаларымен қатарын толықтырған ғұндар 360-370 жыл­дар­дың арасында аландарды күйретіп, өзіне қосып алып, Еуропа сапарына ілестіре кетті. Аландардың қалған-құтқандары Дон-Днепр аралығындағы көшпелі қауымға сіңіп, тарих бетінен көшті. Б.з. 184-280 жыл­да­рын қамтитын Қытайдың «Үш пат­ша­лық деректері» атты жылнамалық еңбек­те: «Солтүстік Уйбе елі қаңлының теріс­ті­гінде тұрады және де Лиюго елі, Яньго және Яньцай елдері бар. Яньцайдың және бір аты Алан деп аталады» деуі тегін емес, Яньцайлар өзінің мемлекеттік атын қайтып алған. Алан тек қосымша ғана атауы. Н.Мұхамбетханұлы: «Қытайдың V ғасыр және VІІ ғасырда жазылған жылнамала­рын­да соғдылар мен аландардың ара жігін ажы­ратпай шатысып жазған деректер кезде­седі. Мысалы, «Вэйнама. Батыс өлке» тарауын­да: «Соғды мемлекеті Сунлиннің (Памирдің) батысында тұрады, ертедегі Яньцайлар, оларды және «Вэйннаша» деп те атайды» деген оқшаулау дерекке мән береді. Бұл жерде ешқандай қате жоғына «Тан шу», 22 тарау, Батыс өлке баяны» жыл­на­масы 618-626 жылдарға жататынын дерек­те­ме­сімен жауап береді: «Ань иелігі Бухо, бугэ (Бұхара – Ә.С.) деп те аталады, Юань-вэй әулеті кезінде Нэуми делінген. Ол солтүстік-шығыста 100 лиге созылып Биге жетеді, батыста өзенге тіреледі. Билік­ ор­та­лы­ғы Аланьми қаласында» (Н.Я.Бичурин. Средняя Азия и Восточный Түркестан. Алматы. 1997. 235-б.) делінсе, 656-660 жылға жататын дерегінде: «Хянь-кин билі­гі тұсында, 656-660, Алан Ань округі болып өзгеріп, Чжаову Ша билеуші боп тағай­ын­­далды» деп көрсетеді (сонда, 236-б.). Сөйтіп, түрік заманында Бұхара өңірінде Алан қаласы болып, оның иелерінің Соғдыға билік жүргізгеніне көз жеткіземіз. Бір кезде далалық Яньцай ұлысын билеген аландар ғұн­дар­дан жеңілген соң, Бұхараға кеткеніне жоғарыдағы дерек көз жеткізеді.

( Жалғасы бар)

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × 2 =