Көк түріктерінің қағандығы

0 235

( Басы)

Әнес САРАЙ

Екінші Шығыс Түрік қағандығының іргесін көтерген Елтеріс Құтлық қаған туралы «Синь Тан шу» былай дейді: «Гудолу – Селидің руласы. Ол Юнчжунның дудуы Шэли Юаньиннің қол астарындағы тайпа көсемі, мұрагер ретінде тұтұн лауазымына ие боп келген» (ҚТТҚД. «Синь Тан шу». 215-цзюань, «Туцзюе баяны». 179 б.). Жылнама Құтлықты Селидің руласы деп әрі Шэли дудуының ру көсемі деп, әрі сары тайпасының өкілі етіп көрсеткен. Мұнда тұрған үлкен қателік жоқ: сарылар Ашинаның құрамдас бір бөлігі еді. Қалай дегенмен де, Құтлық қаған, оның емелдес інісі Қапаған қаған, Күлтегін мен Білге қағанның бірде-бірі өздерін Ашина атамады. Сондай-ақ, сары-долы деп те атаған жоқ. Олар өздерін түрік деп қана білді.

714 жылы Қапаған қаған ұлы Инел қаған бас болып, оның туған інісі Тона-тегін, Қапа­ғанның күйеу баласы, елтебер Хоба-шиашиби қосшы болып, Бэтинге (Бесбалық) шабуыл жасап, қала іргесінде күлталқан боп жеңілді. Тона-тегін қолға түсіп, басы шабылды. Хоба-шиашиби Қапағанның көзіне көрінуден қорқып, зайыбымен бірге Тан сарайына берілді. Осындағы Хоба – хобы тайпасының билеушісі болса керек. Шығыс Түрік арасында қыпшақтың хобы тайпасы болғанын «Синь Тан шу» жылнамасы да куәландырады: «Тоғыз тайпа бүлік шығарды. Лунгунжэнь әскер бастап Гобиден өтіп, Бэйчэнлиньге (Ақжыңғылға) барып, хоба тайпасына тізе бүктірді» (Сонда, 110-цзюань, «Лунгунжэньнің өмірбаяны». Түсінік – 438. 226 б.). Хоба, қобы өзінің қыпшақ атауымен қатар қолданылатын «қыпшақ қобы» тіркесі, негізінде Қ.Салғараұлының талдауы ілтипат білдірерліктей. Зерттеуші Күлтегін ескерткішіндегі «қобартмыш», Тонұқұқ жазуындағы, «қобурануп» сөзтұлғасы «қобымен» түбірлес, «өсу, көтерілу» деген мағына білдіретініне дәлелдер келтірді. (Қ.Салғараұлы. Ұлы қағанат. Астана, 2008. 102-103 бб.). Қобы сөзінің қыпшақ атауымен жанаса жүретіні тіпті кейінгі кезге дейін сақталып, Қобыланды есімі мен оның сүйегі жатқан Қобда жер атауынан көрініс табуы ойландырмай қоймайды.

Сонымен сары, хоба, беріш, себек, айбас, ашина, чік, тайпалары болып, Екінші Шығыс Түрік қағандығының қыпшақ қатпарын құраған сыңайлы.

Екінші Шығыс Түрік қағандығының тізгінін ұстап, қаған ордасының төңірегіне ұйысқан қыпшақтарды «ішкі қыпшақ» деп, ал түрік құрамында болған, бірақ билікке араласпаған қыпшақтарды «сыртқы қыпшақ» деп атады. Бұл – ойдан шығарыла салған шартты атау емес, түріктің мемлекеттік құрылымында орын алған құбылыстар. Әңгімелеп отырған кезден көп кейін Дешті Қыпшақ жұртын араб жиһанкездері қыпшақ және «андар аз – кифчак» деп екіге жіктеп қарастырған. Б.Көмеков «андар аз-кифчакты» -«ішкі қыпшақ» деп танып, бұл пікірді құптаған өзге ғалымдардың дәлелді сөздерін көлденең тартады (Кумеков Б.Е. Государство кимаков IX-XI вв. По арабским источникам. Алматы, 1972. 65 б.). Сондай-ақ, «Дәдәм Қорқыт кітабы» оғыздардың «ішкі оғыз», «сыртқы оғыз» боп екіге бөлінгенін әңгімелейді. Ғылымда ізге түсіп қалыптасқан осы пікір қып­шақ­тарды «ішкі қыпшақ», «сыртқы қыпшақ» деп қарастыруға мұрындық болды.

Әңгімені Шығыс Түркістан жеріндегі Чешы бектіктігінен басталық. Гаочан, Тұрпан, Коджо, Қара-Коджо осы ежелгі Чешының жалғасы. Чешы тарихшылар аузына жиі іліккенмен, бектіктің этникалық құрылымы туралы мардымды ештеңе айтылған емес. Чешы ғұн тәңірқұты Модэ заманынан белгілі. Б.д.д. 177-176 жылдары үлкен юечжилерді бостырғанда, Чешыны Батыс өңіріндегі бекінісіне айналдырды.

Чешы туралы ең көне дерек б.д.д. 104-99 жылдар арасында түзілген Сыма Цянның «Тарихи жазбаларында» кездеседі: «Кроран (Ләуләнь), Чешы жұрттарының кей елді мекендері Тұздыкөлдің (Лобнор) жанына орналасқан. Тұздыкөл мен Чанань арасындағы қашықтық шамамен 5 мың ли (2500 км)» – деп көрсеткен Қытай тарихының атасы («Тарихи жазбалар», 123 бума, 63-баян. 49 б.). «Қытай жыл­на­ма­ларындағы қазақ тарихының деректері» (Б.з.б. 177-б.з 222 ж.ж.) кітабын аударып, түсінік жазушы авторлар мәтіннің осы дерегіне орайлас пікірлерін былайша қорытады: «Чешы – ежелгі ұлыс. Алдыңғы Чин (Хан патшалығынан бұрынғы әулет – Ә.С.) кезеңінен Оңтүстік және Солтүстік патшалықтар заманына дейін Тұрпан ойпатында, Тәңіртаудың солтүстік және оңтүс­тік­ ала­бында мемлекет құрды. Батыс Хан әулеті тұсында Тәңіртаудың түс­ті­гін­де­гілер «Алдыңғы Чешы», Тәңіртаудың солтүс­ті­гін­де­гілер «Артқы Чешы» деп аталды. Бақтұғ тәңірқұт батыс өңірді өзіне қаратқаннан бастап Чешы ғұндарға бағынышты. Батыс Хан әулеті Чешыға таласып, ғұндармен 6 рет соғысты» (Сонда, Түсінік – 321. 255 б.).

Ғұн мен Хан патшалығының кезекті жау­герші­лік жорығынан қорыққан Чешы билеушісі Угуй б.д.д. 73 жылы 1890 аттылы сарбазбен Үйсінге қашты. Ежелгі Үйсін мемлекеті құрамында шечжун тайпасының пайда болуы осы оқиғамен байланысты болса керек. Ал жаңаша жыл қайыруымыздың 10-шы жылы Батыс өлке билеушісінің орынбасары боп Чжен Фын деген тағайындалды. Бұл кезде Артқы Чешының билеушісі Сюй-чжили еді. Ол кеңесшілермен ақылдаса келіп, былай деді: «Чжен Фын Батыс өлкені билеуші боп тағайындалды. Оның алдына мал, аузына ас салып, жанындағы нөкерлерін асырауға міндетті боламыз. Бұрынғы пристав Вувэй-гянды бағу да оңайға түспегенін білесіздер. Барымызды осылардың аузына тосып, елді күйзеліске ұшыратқаннан гөрі ғұндарға ауғанды жөн көріп отырмын». Мұны естіп білген пристав оны тұтқындап, Лйелэуға алып кетеді. Оның қайтып оралмайтынын білген елі жылап қоштасты. Шынында да, Арытқы Чешы билеушісін басын шауып, өлтіреді. Ал билеушінің ағасы Хұлань-чжы деген батыр адам еді. Ол інісінің елін, мал-мүлкін жиыс­тырып, 2000 адаммен ғұнға ауып кетті. Ғұн тәңірқұты Хұланды ықылас­пен қарсы алып, есе қайтару үшін Чешыны шабуға әскер берді. Хұлан-чжы қытай билеу­ші­ле­рі­нің біреуін өлтіріп, екіншісін жара­қат­тап, Чешыны астан-кестен қылды (Н.Я.Бичурин Средняя Азия и Восточный Туркестан. Алматы, 1997. 123-125 бб.).

Мәтіндегі Хұлан-чжыны – Құлан батыр деп, оның астарынан қыпшақтың Құлан атасын көрудің ақылға әбестігі жоқ. Арада біршама уақыт өткенде Шу бойында Құлан кенті бой көтеріп, жиһанкездердің жазбаларына ілікті. Асылы, оның іргесін қалаған Құлан батырдың жұрты болса керек. Құлан тұрғындары әлі күнге дейін «құлан қыпшақ» аталады.
Ганьсу дәлізіндегі Хэси өлкесінде Цзюй-кюй Мэнсун дегеннің бектігі болды. 367 жылы тугэ (түркеш) тайпасының көсемі Лю Вэйченьді Табғачтар талқандағанда, оның ұлы Хэлэнь Бобо Пинляньға қашып, осы Цзюй – кюй Мэнсуннен пана тапқан-ды. Жылнамалар мен зерттеушілер аталмыш есімді Цзюй-цюй деп те, Цзюй-кюй деп те әліптейді. Таңғұттарды цянь, кянь деп жазу да жиі кездеседі. Ал кюй, цюй-кюйше, цюйше, яки қыпшақ атауының қысқарған түрі деп ұғынылады. Ол пайымдауда жан барын Цзюй-кюй Мэнсун тарихынан байқаймыз. 439 жылы Тоба-Вэй патшасынан қаймыққан Мэнсун қауымы Гаочанға (Тұрпанға) қашты. Осында жужандар Цзюй-кюй тұқымын жойып, олардың құрамындағы ашиналарды Алтайға темір өндіруге айдап кетті. 439 – 640 жылдар аралығында Гаочанды кюй әулетінен шыққан Кюй Гя, Кюй Гянь, Кюй Бо-я дегендер биледі. Олардың Тан патшасына жолдаған хаттары сақталған. Аталмыш әулет көсемдерінің кейінгі ұрпақтары Вынь Тхай, Кюй Юндар бабаларына қарағанда басқаша бағыт ұстанды. Олар бір емес, бірнеше рет Қытай иеліктерін тонап, Қытайдың Батыс өлкеге шыққан әскерлеріне шабуыл жасап, артынша сарайға елші жіберіп, кешірім сұрауды әдетке айналдырды. Тан патшасы өзінің екі хатында оларды «тұрлаусыз», «бұлтың» деп сөккен. Аталмыш әулетке «бұлтың» атауы осылай жамалған-ды. Бұлар­дың кейінгі «бұлтың қыпшақтар» екені онша күмән туғыза қоймас деп ойлаймыз.

Қытай зерттеушісі Үй Тәйшән «Хан кітабында» кездесетін сақтар атты еңбегінде: Чешы өлкесінде «Шажа байтағы» бар екенін айта келіп, Шажаны «күрлі» деп, бұл өңірді «күрлеуіт қыпшақтармен» байланыс­тыр­ға­нын да есте ұстағанымыз жөн (Таным тармақтары. Алматы,1998. 75 б.)

Батыс Түрік қағандығының төл жұрты он оқ бұдын құрамындағы шэшэди (шашты) тари­хын жоғарыда баян еткендіктен қайталап жат­паймыз. Қыпшақ тайпасының ғұн, түрік заманына қатысты ежелгі тарихы­мен «Көнеліктер» атты кітабымыздан егжей-тегжей таныса аласыз. (Ә.Сарай. Көнеліктер. Алматы, 2008 «Қыпшақ» тарауы.)

Шыңли /көөк/. Маудун (Модэ) ат арқасына аяқ артып, Ғұн империясын құруға ниет түзеген б.д.д. 204-203 жылдары ғұнның терістігінде бес тайпа ел отыр еді. Олар: Хуниун (қоңыр), Күйшы (қыпшақ), Динлин (телэ), Шыңли (көөк) және Гэгунь (Хагяс). Қытайдың «Хан жылнамасына» иек артқан Қ.Салғараұлының Маудун тәңірқұт туралы: «Чәнүйдің есімі «Чиңтишы» деп аталған. Оның мемлекеті өзін «Чыңли гуту чэнуй» деп атайды. Сиуңнулар көкті «чыңли», ұрпағын (ұлын) «гуту» дейді» сынды тарихи деректі көлденең тартады. (Қ.Салғараұлы. Түрік әлемі. Астана, 2000. 228 б.). «Хан кітабының» осы айғағы Шыңли тайпасының төл атауы «Көөк» болғанына көз жеткізеді.

Көөк ұлысы – Көгменді яки Батыс Саянды мекендеді. Ғұн тарихында аталмыш ұлыс жиі болмаса да ауызға алынады. Әп дегеннен-ақ Маудун тәңірқұттың оларды жаулап алып, бағындырғаны сөз болса, б.д.д. 51 жылы Хұддыс тәңірқұт (Чжичжы ) оларды екінші рет бағындырды.

Хуханье тәңірқұт заманында (б.д.д. 58-31 ж.ж.) Ғұн мемлекетінде ішкі ірткі асқындады. Хуханьенің туған інісі Хұддыс (Чжи-чжы) өзін тәңірқұт жариялап, ағасына қарсы күресті. Орталық тізгін босаңсыды-ақ, тайпа көсемдерінің бөлініп, даралануға ұмтылатын әдеті. Ғұн мемлекетінің ырың-жырыңды осы бір кезеңін Л.Гумилев нақты деректермен тамаша суреттеп береді: «Солтүстік батыста хагастармен көрші тұратын Хуге руының бегі тәңірқұтқа келді. Ол тәңірқұттың кеңесшісі Вэйли-данхумен тіл табысып, батыс чжуки-бегі­нің үстінен сөз айтты».

Тәңірқұт сөзге сеніп, батыс чжуки-бекті ұлымен бірге дарға асты. Оларға жала жабыл­­ғаны анықталып, тәңірқұт Вэйли-дан­ху­ды өлім жазасына кесті. Хуге бек еліне қашып барып, өзін тәңірқұт жариялады. Сол-ақ екен өзін тәңірқұт жариялаушылар қаулай бастады. Юйди руының бегі өзін Чели тәңірқұт, бір дуюй (офицер) өзін Уцзи тәңірқұт жариялады… Ақырында Хуге мен Уцзи тәңірқұттықтан бас тартып, тізгінді Чели тәңірқұтқа берді. Бүлікшіл бұл топтың 40 мың әскері болды (Гумилев Л. Хунну. Хунны в Китае. М., 2003. 168 б.).
Байқағанымыздай, Хуге әуелде рулық қауым ретінде әліптеліп, артынша бектің есімі ретінде аталған. Қытай жазбаларында бұл екі ұғым үнемі ауысып қолданылатынын, көп жағдайда көсемдер мен бектер рулық бірлестіктің атымен аталатынын ескерсек, әңгіме Хуге руы туралы болып отырғанын аңдау қиын емес. Мәтіндегі «солтүстік батыстағы хагястармен көршілес» деген тіркес – Батыс Саянға, түрік ескерткіштерінде жиі ауызға алынатын Көгмен жынысына меңзейді. Көгмен жер атауы да, Хуге ру аты­ да­ Қытай жылнамаларындағы Шыңли қауы­мы­ның баламасы Көөк немесе Көге екеніне көз жеткізеді.

Жаңаша жыл қайыруымыздың 155 жылы сэнбилерден күйрей жеңілген солтүстік ғұндар Еділ-Жайыққа ұзады. Моңғолия жерінде тұрғын сиреді. Ғұндардың терістігін жайлаған тайпалар бос жерлерге ойысты. Біртіндеп Алтай мен Хинган арасында үш этникалық топ пайда болды: «бай дилерден» – терістік динлиндерден телэ бірлестігі, «чи дилерден» – қызыл динлиндерден гаочэ – қаңқалы бірлестігі, қыпшақ, көк қауымдарынан түрік бірлестігі қалыптасты. Қытайға бодан болған оңтүстік ғұндар шекара маңында, негізінен Сарыөзеннің қос қапталы мен иілісінде шашырап отырды.

Енді шығыс ғұн – дунхулар бел алып, Қытай жерінде Тоба-Вэй, Ғұн даласында жужандар билік жүргізе бастады. Моңғолиядағы телэ қауымы Жужанға кіріптар болды. Осы телэлердің гаочэ-қаңқалы аталатын 100 мың түтінді тобын фуфуло тайпасының көсемі Афучжило мен оның немере інісі Цунци билейтін. 487 жылы Жужан қағаны Доулунь Солтүстік Вэйдің шекаралық бекіністеріне шабуыл жасамақ болғанда, Афучжило оны бетінен қайтармақ болды. Доулунь оның тілегін құлағына ілмеді. Сөзін аяқ асты еткенге шамданған Афучжило Жужаннан бөлініп, батысқа төңкеріле көшті. Тұрпан мен Жемсары аралығындағы Алдыңғы Чешыға жетіп, өзін елбилеуші «Көктің ұлы» деп жариялап, інісіне «патша мұрагері» атағын берді. Екеуі екі бөлініп тұрды: Афучжило солтүстікті (Кейінгі Чешыны), Цунци оңтүстікті (Алдыңғы Чешыны) биледі. Жужан қағаны Доулунь оларды талай жазаламақ боп, атқа қонғанмен, жеңіске жете алмады да, ақыры жайына қалдырды. Міне, аталмыш Афучжило қауымы төменгідей 12 рудан құралды: цифули, тулу (дулу), ичжань (ежен), далянь (долонгэ), кухэ (көге), дабогань (басайған), алунь (алтын), мо-юнь (мойын), цифэнь (сыбан), фуфуло (бөрі), циюань (қиян), юшупей («Вэйшу», 103-цзюань, «Гаочэ (Гаугюй) баяны». 29 б.).

Ғұн дәуірінен кейінгі ұлы сапырылстан соң, Түрік дәуірінің қарсаңында Көөк әлде Көге руын, міне, осы қауымның арасынан кездестіреміз. Аталмыш қауымның қомақты бір тобы Хэсиде синьли атымен отырды. Тан патшалығының жылнамашылары байырғы шыңлиді – осылай синьли деп әліптеді. Тағы бір шағын тобы – Пинлянның аралас хуларының арасында болып, 407-431 жылдар аралығында Хэлян Баба іргесін көтерген Ся мемлекетінің құрамында ашина деген атпен көзге ілікті. 546 жылы он екі тайпалы қаңқалылар Жужанға жазалау жорығына аттан­ған­да, Оңтүстік Алтай сіле­мінде Бұмын­ға тап келіп, Түрікке бағынышты жағдай­ға көшті. Бұмын осы қаң­қалылар арқылы күшей­іп­, Жужанға соққы беріп, олар­дың қарамағындағы телэлер­дің­ те­ріс­тік тобын өзде­рі­­не қосып алды. Жужандар мемлекет ретінде жойылған соң, қаңқалылардың кейбір тайпа­ла­ры­ шығыс тарапқа көшіп-қонды. Солардың қатарында көге тайпасы да болды. Бірінші Түрік қағандығы жойылып, оның құрамында болған қидандардың бір бөлігі мен кумоси­ (қай) тайпасы Тан патшалығына кіріп­тар болды. 644 жылғы Тан патшасының Кореяға жорығы туралы хаттамаларда­ тақырыбымызға қатысты деректер кезде­се­ді: «Император Кореяға жорыққа аттан­­ған­да бүкіл ел ағалары мен Сидің (Кумо­си­дің) басшысын өз қосынына қосып алды. Қайтар жолда Ин-чжоу арқылы өткенде барлық ел ағаларын өзіне шақырды. Кугы мен ақсақалдар көрсеткен қызметтеріне қарай сыйлыққа жібек маталар алды, ал Кугы оның үстіне әскери шенге ие болды. Көп уақыт өтпей Кугы да өз елімен Қытайға бағынды. Осыған орай Сунмо дудуфуы құрылып, Кугы Сунмоның билеушісі болып тағайындалды. Оған он аймақтың әскери ісін басқарудың өкілеттігі берілді, кінәздік атақ және Ли деген фамилия алды… Кугы өлгеннен кейін олар силіктермен бірігіп, көтеріліс жасады. Кугыдан екі немере қалған еді. Соның бірі – Кумоли әскери шен алып, дэнхэнің билеушісі және Гуй-шен аймағының ваны етіп бекітілді. Зинжуң (екінші немересі) әскери шен алып, Сунмо бас басқарушысының орнына қойылды» (Дунху. Алматы, 1999. 67 б.).

( Жалғасы бар)

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × five =