©2020 Астана Ақшамы
Көк түріктерінің қағандығы
Әнес САРАЙ
Түрік тайпалары
Модэ б.д.б. 204-203 жылдары өзінің терістігінде отырған бес тайпа елді бағындырды. Олар – қан жағынан ғұндарға жақын хуньюйлер, Алтай сыртындағы кюшелер, Саяннан жоғары Енисей арқылы Аңғараға дейін қоныстанған динлиндер, Батыс Монғолиядағы Қырғызнор көлінің маңайын қоныстанған гэгунь және шаньлилер (цайли). Тұра-келі байырғы тазминдіктердің жеке тайпаларға жіктелгені байқалады. Осындағы хуньюйларды Қытай ғалымдары «Хунгр» деп әліптейді (Қараңыз: Ә.Сарай, Көнеліктер. Алматы, 2008.
«Қыпшақтар»). Аталмыш қауым кейін Шығыс Еуропа, Қара теңізге ұзап, ақыры Хунгриядан (Венгриядан) шықты. Қоңыраттар сол жұрттың қара орында қалған сілемдері. Кюше-қыпшақтар, қытай тарихнамасы оларды тамыры тоғыз тарам ағашпен байланыстырып, «сары түсті, қурай бастаған ағашты білдіреді» деп анықтама береді (Қараңыз: Ә.Сарай, Көнеліктер. Алматы, 2008. «Қоңыраттар»). Шамасы, кюше-сары қыпшақтарға меңзеу болса керек. Динлин – терістік Сая-ннан Аңғарға дейін қоныстанған өте іргелі жұрт. Қытай жылнамалары оларды «ди», «чилэ», «телэ», «гаочэ» деп те атаған. Олар «ақ дилер», «қызыл дилер» боп екіге бөлінген. Түрік заманындағы телэлер екенінің басы ашық. Шаньли (цайли) – түрік заманында бұл қауым Синьли деп хатталған. Дұрысы – «Шаньли» болса керек. Өйткені: ғұндар аспанды шаньли деп атаған. Ғұн заманында осы Шаньли тайпасы қатарында Көге этникалық тобы ауызға алынады. Көк, аспан, көктің ұлы, көктен, гөклен, көктім аймақ атауларының барлығы осы қауыммен сабақтасып жатыр. Байырғы қоныстары Көгмен, яки, батыс Саян. Көк түріктері мемлекетіне ұйытқы болған Ашина әулеті осы тайпадан шыққан.
Аталмыш қауымдар түрік заманында Түрік қағандықтарының қатарынан бой көрсетуі – ежелгі түріктер осы ұлыстар екенін дәйектей түседі.
Жужандар күшпен Алтайға көшіріп әкеліп, Ашиналарға тау қопартып, темір өндірткенде, Абанбу бастаған 17 түрік тайпасы Ашиналарға кеп қосылды. Бұл кезде жоғарғы 5 тайпаның біреуі ғана – қырғыздар сәл сырт жылжып қонып, Минусин ойпатында отыр еді. Басқалары бытырап кеткен-ді. Дегенмен де, динлиннің де, синьлидің де Монғолияда көшіп жүрген телэлер арасынан сілемдері көрінеді. Абанбу бастап келген 17 тайпа негізінен кюшелер болса керек. Олар бағзы кәсіби малшылық пен аңшылықты тастап, Алтай мен Саяннан кеніш ашып, алтын, жез, темір өндіруді меңгерген кеншілер еді.
Түріктер Алтай тауынан құлап аққан асау күркіреме Шүй өзеннің бойында, оның Би мен Қатунға құяр аңғарында, қасиетті Сумер (Белуха) тауының іргесінде өсіп-өніп, түрік жұрты боп қалыптасқаны даусыз.
Ашина. Түрік қауымы осы тайпаның ықпалымен «Көк түріктері», болмаса «Тәңір түріктері», яки «Аспан түріктері» атанды. Бітіктас жазуларында «көк» деп емес, «көөк» деп әліптелген. «Көк» – түс атауы болса, «көөк» – аспанның баламасы.
Ғұн мемлекеті ыдырағанда осы Көөк қауымының бір шағын тобы Хами аймағындағы тохар тілді кіші юечжи арасына тап болып, солардың тілдік ықпалымен көөк тайпасы асана атанды. Асана –көөктің калькалық аудармасы, екеуі де аспан деген ұғым. Қытай жылнамалары асананы – ашина деп жазулары себепті – ашина болып ғылыми айналымға енді.
Қайсыбір қаламгерлер Түрік қағандықтарының төл жұртының аты – көк түрік, Ашина – билеуші әулет атауы деседі. Ғұн арасында алғашқы түріктермен шендестіруге болатын куый ту – қу тур (қу түрік), ту-тұң-тур-тонг (түрік-тонга) тайпалары кезігеді. Ал айырықша көзге түскені – көөк тайпасы болды.
Түрікті ұйыстырушы қауымның аты да Асана, яки, көөк болғандықтан, түрік жұрты «көөк түрік» атануы ақылға шетін емес. Алайда, Бірінші Түрік қағандығының түрік тілінде жазылған жәдігерлігі болмағандықтан, олай деп аталды ма, жоқ па – анығын білмейміз. Бұл кезеңнің жазба айғақтары боп табылатын Қытай жазбалары, жылнамалары түрікті «туцзюе» немесе «Ашина түріктері» деп көбірек хаттаған. Бірінші Түрік қағандығының қағаны Таспарға қойылған, соғды әліппесімен қашалған мәтінде «Ашина қағандары» деген тіркес бар. Демек, түрік арасында Ашина атауы қолданыста болған. Қытай жылнамалары Ашина атауын әулет мағынасында емес, тайпа мағынасында қолданады. Бірінші Түрік қағандығы ыдырап, Тан патшалығына бодан болғанда, оларды ру-ру бойынша жік-жік қып қоныстандыру қолға алынды. Бірінші Түрік қағандығының соңғы қағаны Селидің оң қанат жұртынан Шофан уезінде бес дуан құрылды: Шэли, Ашина, Чочжоу, Сыби, Байдэн. Бұлар Юньчжун тұтұқтығына қарады. Түріктердің 630 жылы аудандастыру мәселесін арнайы зерттеген жапон ғалымы М.Мори: түрік құрамындағы Ашина мен Ашадэ белгілі тайпалардың болғаны басы ашық дей келе: «хоби,шэли, сунун, чили (чилюэ), чжиши, биши, нула (нулай) аталарының түрікке жататын-жатпайтынына көзім жетпейді» деп жазады. (А.Г.Малявкин. Танские хроники о государствах Центральной Азий. Новосибрск, 1989. 17 б.).
Батыс Түрік қағандығында Ашина текті қағандар тақ үшін таласып жатқанда, Екінші Шығыс Түрік қағандығының қағандары ол атау-ды лауазымдық ерекшеліктеріне қосақтамады. Себебі: олар Ашина тайпасынан емес-ті. Еңбек бастан-аяқ аталмыш қауымның тарихына арналғандықтан, бір айтқанды екі айтып, әңгімені созу лайық емес.
Ашадэ. Ашина аталық, яки, қағандық қауым болғанда, Ашадэ – аналық, қатундық қауым. Ашина қағандары, негізінен, Ашадэдан ғана қалың алды. Қаған қатунының түріктің ішкі-тысқы тірлігінде статусы өте жоғары болды. Ол барлық кеңестерге, тіпті, әскери кеңестерге шешуші дауыспен қатысып, шешім қабылдауға ықпал етті. Төрде қағанның жанында өз орны болды, басына билік белгісін білдіретін, мемлекеттік нышандармен безендірілген Ұмай-Ананың кескіні бедерленген сырғалы, алқалы сәукеле киді. Ол Ұмай-Ананың жердегі өкілі іспетті еді. Қағанның басқа әйелдерінде ондай сәукеле болмады, сол себепті де олар «тоқал», яки, «сәукелесіз» атанды. Қатун дәрежесіне қағанның арнайы жарлығымен тағайындалды. Өзара қақтығыс, төңкерістерде қаған өлтіру болғанмен, қатун өлтіру болмады. Оның отауына ешкім тиіспеді, баса-көктеп ешкім ене алмады.
Мемлекеттік деңгейде осылай ұлықталған қатун төркіндері қағандықта мансапты қызметтерді қолда ұстады. Ашина өкілдері қаған, ұлыс билеушілері, оң, сол қанаттың әскерінің қолбасылары-тегін, шад, бұйрықтар болғанда, Ашадэ өкілдері көбіне көп уәзірлер, елшілер, кеңсе қызметін жүргізушілер, қағанның, қолбасылардың кеңесшілері, салық жинаушылар қызметін атқарды. Білге қаған кезінде аналық қанатқа жататын Сәбек тайпасының өкілі орда бұйрығы дәрежесіне көтеріліп, жиендердің тегін лауазымын алғандары болды. Қағандар тегін, шадтардың арасынан іріктелді. Қағандардың Тан сарайынан қалың алып, оларды «қатун» дәрежесіне көтерген кездері жоқ емес, бірақ араға уақыт салып, «Ата жолы» деген қара сүрлеуге қайтып оралып отырды.
Ашадэ тайпасының өткен-кеткен бір кезеңі «Алтын мүйізді ақ бұғы» аңызында көрініс тапқан:
«Түріктердің ата-бабалары Имо-шели (шели – сары-Ә.С.) және Теңіз рухы деп аталды. Имо-шели тылсымның сырын меңгерген жан-ды. Жанында ақ бұғысы бар (әлде өзі ақ бұғы кейпінде) Теңіз рухының қызы күн батарда оны теңізге ілестіре кетіп, таң атарда кері шығарып салатын. Арада ондаған жылдар өткенде тайпа болып, аңшылыққа жиналды. Түнде Теңіз рухының қызы Имоны шақырып алып былай деді: «Ертең ата-бабаларымыз жаралған үңгірге барғандарыңда одан алтын мүйізді ақ бұғы шығар. Егер оны атып жықсаң – мәңгі бірге боламыз, мүлт кетсең, қатынасымыз үзіледі».
Таң бозарысымен ау құрып аңшылыққа кіріссе, шынында да, ата-бабалар үңгірінен алтын мүйізді ақ бұғы шығады. Имо жанындағыларды қашаны бекітуге жұмсайды. Ақ бұғы қашадан қарғымақ болғанда, әлгілер атып өлтіреді. Ашуланған Имо аши көсемінің басын шауып салады. «Оны өлтірген соң, аспанға құрбан шалуымыз керек» дейді Имо. Әлгі көсемнің ұрпақтарынан аспанға құрбан шалатын болды. Түріктер ұлы өзгерістер алдында аспанға адамнан құрбан шалады. Құрбандық аши тайпасынан таңдалды. Аши көсемінің басын алған Имо кеш түсе теңізге келді. Теңіз рухының қызы бүй деді: «Сен өз қолыңмен адамның басын алып, қан сасып тұрсың, осымен қарым-қатынас үзілді». (С.П.Нестеров. Конь в культах тюркоязыных племен Центральной Азий в эпоху средновековья. Новосибирск, 1990. 97 б.).
Аңыз VIII ғасырда құрастырылып, «Юян цзацзу» («Юян қойыртпағы») жинағына енгізілген. Аңыздың нені меңзеген, нені жоққа шығаратынын дәл басып айту қиын. Оқиға Ашадэ тайпасы бабалары үңгірі төңірегінде өрбиді. Аши әлі ашадэ аталмаған. С.П.Нестеров, Ю.А.Зуевтер ашиден аш, аз тайпасын көреді (Сонда, 97 б.) Ал олардың ата қонысы батыс Саян, Орхон ескерткішіндегі – Көгмен. Аши қауымының ата-баба үңгірі де осында болса керек. Ю.А.Зуев аңыздағы теңізді – Зай-сан көлі деп біледі. Пайымдауымызша: аши қауымы сарыларға кіріптар болып, өз төтемі – Ақ бұғыдан бас тартқан бір кезеңі суреттеледі. Аши қауымы Имо жұртының адэ аталарымен біріккен соң Ашадэ аталған сыңайлы. Асылы, бұл адэ Алтай сыртындағы Апанбу басқарған түріктің 17 тайпасының бірі болса керек. Олардың төртеуі ғана «бөрі» төтемді екені Ашина шежіресінен белгілі. Ашадэлар ол қатарға енбей, арыстан әлде жолбарыс төтемін қабылдаған сияқты. Өйткені, түрік қағандары кешендерінде аналық бұтақ құрметіне арналған арыс-тан, әлде жолбарыс мүсіндері жиі ұшырасады.
Аталмыш қауымды аши-дэ, аш-ида, аш-адэ деп әртүрлі әліптеу кездеседі. 630 жылы Бірінші Түрік қағандығы құлап, Қытай тарапынан оның қарамағындағы жұртты аудандастыру қолға алынғанда Ашадэлар үшін Адэ дуаны құрылды. Өзге дуандар да тайпа аттарын алды. Демек, Ашадэ қауымы құрамында Адэ тайпасы болған және дуанды Адэ атауы олардың аз, аштардан сан жағынан басым болғанын аңғартады.
Ашадэ қауымы төрт тайпалық одақ: ашадэ, сунун, баян-ашадэ және тат-ашадэ. Аудандастыру жылдары Ашадэ қауымы беріш, сір-енда тайпаларымен молыққаны байқалады.
646 жылы ұйғырлардың соққысынан бет-бетіне бытыраған сір-енданы Тан генералдары енді қайтып ес жимастай ғып жан-жақтан түтті. Ли Цзи сір-ендаларды Отүкен жынысында қуып жетіп, 5 мың сарбаздың басын алып, 30 мың тұтқынды қолға түсірді. Тан империясының жандайшабы Чжиши Сыли 648 жылдың 8-ші айында Моңғол Алтайында олардың екінші тобын шабуылдап, ойсырата соққы берді. Ал сол 648 жылдың 8-9-шы айларында Ашина Шэр сір-енда мен оларға көмекке келген чуми, чуюэ тайпаларын күйретті. Сір-енданың тірі қалғандарының басын қосқан Ашадэ иркіні Ашадэ Шицзянь. Оларды орналастыру үшін Гаолань, Цилянь дуандары құрылды. (А.Г.Малявкин. Историческая география Центр. Азии.Новосибирск, 1981. Түсінік 63. 103 б.).
Сонымен, сір-ендаға қамқор болып, тозғындаудан сақтап қалған Ашадэ. 681 жылы Тан қосыны көтеріліп, Ашадэлардың басшысы Фунянь мен Вэньфуға шабуыл жасағанда олардың орнын сипап қалды. Бұл кезде түріктердің оңтүстік астанасы Хэйшачэньде (Қарақұмда) сір-енданың бір тобы отырған, соларды бағындырып қайтты. (ҚТТҚД. «Синь Тан шу» 215-цзюань, «Туцзюе баяны. 178 б.) Ашина Шэр Моңғол Алтайы-на қуып тыққан сір-ендалардан басқасы Ашадэға кеп бас сауғалағанына көз жеткіземіз. Осыдан келіп, Тонұқұқтың аманат сөзінің мәні ашылады: «Түрік Білге қаған түрік сір халқын, оғыз халқын жарылқап отырар» (Тон., 62 баған.)
Беріштер туралы 627-641 жылдарға жататын төменгідей дерек бар: «Ертеде Долосы (Талас) өзенінде тұрып, кейін Сичжоудан 1500 ли (750 км) терістікке қарай бес тайпа тұрды-чуюэ, чуми, гусу, гэлолу, биши» (Сонда, Түсінік-33. 91 б.). Беріштердің Ашадэ қауымы арасына келуі 660-663 жылдардың аралығына жатады. Бұл кезде Тан мен телэ қауымдары арасында кескілескен ұрыс жүріп, ұйғырлар Бірінші Ұйғыр қағандығын жариялаған-ды. Осы шайқастар кезінде төрт тайпа: юйшэ, иши, биши, чилюэ қытай шекарасына ауып келген-ді. Сонымен, ашадэ аш және адэ қауымдарының бірігуінен пайда болған. Қытай жылнамаларында дыбыстық өзгеріске ұшырап «аш» деп жазылған тайпа атын «аз» деп оқыған жөн. Аталмыш қауымдастықтың құрамындағы аз да, атэ да б.д.д. V ғасырдан Геродот еңбегінен белгілі ортаазиялық сақ тайпалары. Геродот оларды ясси, яти, атаси деп таңбалаған. Б.д.д. IV ғасырда ясси, ятилер сарматтармен Қаратеңіз жағалауына ұзап, Азау, Қобан аңғарына орнығып «языг» деген атпен белгілі болды. Б.д.д II ғасырдағы Қаңлының терістігіндегі Яньцай осы языгтер еді. Сарықамыс, Узбой, Маңғыстауды қоныстанған массагет-аландар өздерінің батыс жорығында оларды жаулап алып, біршама уақыт Алан атандырды. Жаңаша жыл санауымыздан кейін олар өздерінің Яньцай атын қайтарып алды. Түрікстанға Ясса атын беретін, бес нушиби қатарындағы екі ұлыс асицзелер осы қауым. Түрік заманында олар «аз», ал Қараханид заманында «азық» атанды.
Қыпшақ. VIII ғасыр жәдігерлігі тоғыз-оғыз мемлекеттік одағының билеушісі Ел-Етміш Білге қағанға арналған Могойн Шина немесе ғылымда Селенга тасы аталған жазуда: «Түрік қыпшақтары 50 жыл биледі» деген жазу бар. С.Г.Кляшторный осы шындықтың бетін ашып, сенсация жасағанмен, осы жаңалығын дәйектеуде елеулі қателіктерге бой алдырды. Ол ұйғырдың, Тан генералдарының 646-648 жылдар аралығындағы шапқыншылығынан тоз-тоз болған сір қауымын қыпшақ деп жаңсақ түсініп: «Екінші Шығыс Түрік қағандығының басты тірегінің бірі болған сір тайпасы күйреп жеңіліп, бақытсыздыққа душар болғандықтан, ұйғырлар осы қырсыққа ұрынған сірлерді қыпшақ атады», – деп ой тұжырды (С.Г.Кляшторный. Кипчаки в рунических памятниках. Л., 1986 в. 159-160 бб.). Ғалым сір қауымының тарихын жете білмегендіктен үстүрттікке ұрынған. Сір Екінші Шығыс Түрік қағандығының басты тірегі емес, олардың қағандығы 646 жылы жойылды. Ал, Екінші Түрік қағандығы 682 жылы дүниеге келді. Ел-Етміш Білге қағанның сөзі Екінші Түрік қағандығының билеушілеріне бағышталып айтылған. Қалай дегенмен де, осы зерттеулердің негізінде Екінші Түрік қағандығындағы қыпшақ феноменнің басы ашылды.
Қыпшақтар ішкі қыпшақ, яки Екінші Түрік қағандығының билік басында болған қыпшақтар және сыртқы қыпшақтар болып екіге бөлінеді. Қыпшақ қауымы және оның тармақтары туралы арнайы зерттеумен «Көнеліктер» кітабынан таныса аласыз (Ә.Сарай. Көнеліктер. Алматы, 2008. 362-387 бб.) Алдымен зерттеу нысанымыз – Екінші Түрік қағандығының ұйытқы тобындағы қыпшақтар болмақ.
Модэ б.д.д. 204-203 жылдары Ғұн мемлекетінің терістігіндегі бес тайпаны жаулап алды. Олар: Хуниун, Чуйшы, Динлин, Шыңли және Гэгунь. Осындағы Чуйшыны – Н.Я.Бичурин Цюйшы деп баламалады. (Бичурни Н.Я. Собрание свед. о народах обитавших в Ср. Аз. в древние времена. М, 1950. 50 б.). Ортаазиялық әйгілі зерттеуші А.Н.Бернштам цюйшені – кюйше деп аударып, қыпшақ атауымен шендестірді (Древние тюркские элементы в этногенезе Ср.Аз. СЭ.,1947. №6-7. 154 б.). Бұл пайымдауды бірі құптаған, екіншісі жоққа шығарған, тақырыпты ашуға берер пайдасы шамалы пікірталас әлі жүріп жатыр. Одан гөрі «Қытай-орыс үлкен сөздігінің» чуйшы, цюйшы сөздерінің этимологиялық әргі астарына үңілген пікірі құндырақ. Чуйше немесе цюйшы – «тоғыз тамырлы, қураған қисық ағаш» (Қытай-орыс үлкен сөздігі. М., 1983. Том III. 450 б.). Сөздіктің екінші бір тұсында осы түбірдің «ақ сары» немесе «жасыл сары» деген де мағынасы бары айтылған. Жоғарыда Білге қағанның кешеніне жұпар иісті бәйтеректің тігілгеніне куә болғанбыз. Бәйтеректі «өмір осымен таусылды» дегенді меңзеп, тамырын жоғары қаратып отырғызған. Қаған кешендерінде кездесетін бәйтерек жұқаналарын байқаған зерттеушілер бар, бірақ оған мән беріп, пікір білдіргені жоқ. Сонымен тамыры жоғары қараған, қуарған қисық ағашты төтем тұтқан цюйше-кюйшелер дәстүрінің қаған кешендерінен көрініс табуынан – олардың жалғастығын аңдаймыз. Және цюйше-кюйшенің «ақ сары», «жасыл сары» болуы бұл қауымды «сары қыпшақтармен» жақындастырады.
Көк түріктері арасындағы «сары» этникалық тобы «Алтын мүйізді ақ бұғы» аңызында және 630 жылғы жеңілістен кейін аудандастырылған Ашина түріктері арасынан кездеседі. Бұл тайпаның аты Қытай жылнамаларының әліптеуінше «шэли-тули» болған. Ғалымдар оны «сары дули» деп әліптейді. Асылы, дұрысы – «сары долы» болса керек. Қыпшақ-оғыз заманынан қалған «Долы-Ана» аңызы осындай ойға жетелейді. «Долы» «делі» бағзы заманда қайтпайтын ержүрек, көзсіз батыр дегенді білдірген.
( Жалғасы бар)