Көк туда көк түріктің киесі бар

0 83


Несіпбек АЙТҰЛЫ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

АРҚАТІРЕК

Басынан көне тарих төмен құлдап,
Тағдырын туған елдің келем жырлап.
Өзегім талып жеткен, Тәуелсіздік,
Өмірде не бар екен сенен қымбат?!

Құбылып соққан желдей заман неше,
Қан кешті толарсақтан бабам кеше.
Күн емес бодандықта көрген күнім,
Төбемнен алтын құйсын маған десе.

Азапты бірге тартып қалың елмен,
Аһ ұрып атамекен тебіренген.
Көк туды көкке бойлап желбіреген,
Қазақтың арманы жоқ көріп өлген.

Жарқырап атқан таңым – Азаттығым,
Танылды шартарапқа қазақтығым.
Өз жерім, өз Отаным, өз астанам,
Қарашы, Бостандықтың ғажаптығын.

Болмасаң, Азаттығым, арқатірек,
Жүректің шерін қашан тарқатып ек?
Адасып көштен қалған күшіктей боп,
Бүлкілдеп боздалада жортатын ек.

Өткенді екшемесе, тектемесе,
Қайтар ма өздігінен кеткен есе?
Қара орман – қалың елім жайқалар ма,
Өртеңнің орны қаулап көктемесе?

Құлпырып елорданың қос қапталы,
Биікке Бәйтерегім асқақтады.
Басына бақыт құсы қонған елдің,
Білінбес табанына тас батқаны.

Қызыл тіл – Құдай берген қолқанатым,
Кезім ғой түптен тартып толғанатын.
Бәлкім мен Бостандықты жырлау үшін,
Болармын мына өмірге келген ақын.

 

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

ҰЗАН

Мен – Отпын, өртпін ғой мен лапылдаған,
Лебіме жан шыдымас жақындаған.
Болғанда өзім – жерде,
Тәңірім – Көкте,
Шерімді Соған айтып, лақылдағам…

Ұстаған соң, мені Ол биіктетіп,
Пендеге – жат,
Өзіңе – сүйікті етіп.
Жаныма жақындасаң күл боларсың,
Жасыным бір жеріне тиіп кетіп.

Көкірек – шер де, кеудем – ыза менің,
Түркі-Оғыз заманында Ұзан едім.
Тәңірім алқап,
Жебеп Аруағым,
Ноқат боп көз ұшында ұзап едім.

Алаштың жүріп тағдыр-таланында,
Енді кеп табанында қаламын ба?!
Доспанбет,
Асан қайғы,
Шалкиіз ем,
Керей хан – Әз Жәнібек заманында.

Бір тауар бір кісінің жарты құны,
Бүгінде базар – думан,
Сарт – үкілі.
Кімге айтам құл тұқымы түгіл, онда
Аузыма қараған деп хан тұқымы.

Өңезге болмай айтқан өкімі – екі,
Өлеңнің жүрген кезі-ай, өкілеті:
Сүйген-ді мені Тәңірі,
Соны сезіп,
Именді тексіз совет өкіметі!

Арсы мен гүрісіге бір шарқ ұрғасың,
Һас тұлпар қалай қажып, алқынбасын.
Болғанда Алаш – азат,
Аяр – мазақ,
Абдырап қалды-ау, қайран, алтын басым.

Мирас АСАН

ТУ

Намысын таптатпаған текті елім ең,
Кеудеңді көрінгенге етпе кілем!
Туыңды ту-талақай қылғызба, Алаш,
Туғаның рас болса көк бөріден!

Бұл туда бүкіл менің шер-шеменім,
Бұл көк Ту – байтақ далам, еңселі елім!
Бұл көк Ту жай ғана көк мата емес,
Ол – менмін, ол – Алты Алаш, ол – сен едің!

Отанға деген сезім нәзік неткен,
Отансыз олжа алмаппын озып көптен.
Көк Туда менің бүкіл тарихым бар,
Бабалар көк семсермен жазып кеткен!

Дұшпанның сезілсе анық жан қастығы,
Қылышты суыр қыннан алмас қыры!
Көк туда Көк түріктің киесі бар,
Қорлаған оны адамның оңбас түбі.

Өлшенер өр рухымен тектілігі,
Қазақты құлатпас құл жоқ түбірі.
Туралып кетсін менің сом жүрегім,
Туымның шайқалғанша бек тұғыры!

Сезіліп тұрсын десең көпке айбарың,
Қылышқа жаны үнемі кек қайрағын!
Ту алып атына қон ар-намыстың,
Тулақ боп кетпеу үшін көк байрағың!

 

Абылай МАУДАНОВ

ХАН КЕНЕНІҢ МОНОЛОГЫ

Жаратқан паң қып Тәңірім мені,
Хандықты мансұқтамағам.
Құтқарса дедім әмірім елді,
Жан-жақтан қаншық талаған.

Қорамсақта оқ, өр сенім барда,
Қақыратып жаудың сөктім көбесін.
Ұрпағың кейін семсерің барда,
Сілтей бір алмай кеттің демесін.

Бұйырмас дедім аярға тағым,
Иесіз қалмай көкбурыл.
Абыройы үшін «шаян-бақаның»,
Ноқтаға сыймай кеттім-дүр.

Арқада қалып ойранда Алашым,
Тәңірім мұнша қинады-ау.
Сарыарқа түгіл, қайранда басым,
Астына жердің сыймады-ау.

Тәрк ете жүріп тұл ғасырды да,
Тәңірге тізе мен бүктім.
Құрметтепті жауым қу басымды да,
Құлы деп намыс, ерліктің!

Мың лағнет естіп жатыр құлағым,
Қу басты Құдай қорлауы, ә!
Туырлықты елдің ақырғы ханын,
«Ез» демес ешкім сонда да.

Бір дәуір елге қорған қылғасын,
Ғұмырым қалмас дерексіз.
…Ұлыққа қажет болған дүр басым,
Ұрпаққа неге керексіз?

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

10 + ten =