«Көк қағаз» бәрімізге міндет пе?

0 60

Бір кездері дипломға тілі келмегендер «көк қағаз» деп атайтын. Бұл қағаз қазақ баласының қалтасында, ұзатылған қыздың сандығында жатпаса, ата-ананың көңілі тыншымайтын болды. Қатты қағазы бар бала шеге қағу біле ме, қатты қағазы бар қызы қамыр илеу біле ме, маңызды емес.

Қазақтың кәсіп үйренуге емес, тек дипломға құмарлығының сыры неде? Сол қағаздың иелері алған білімін іске асырып, дәл сол дипломның нанын жеп жүргені аз. Көбі жұмыссыз, сол балалардың ағаш егіп, үй салып, отбасылы болып, ұрпақ өсіруге қыры жоқ. Бар үміт көк қағазда еді, алайда оның да құдіреті шектеулі екен. Ортаға сіңіп кететін көркем мінез, істің көзін білетіндей етіп тәрбиелемейді екен.
Ата-ана ретінде ойлап қарасам, мектеп бітірген жас бұрынғыдай тепсе темір үзетін өрен жігіт емес, әлі де бала. Өзіміз де өбектеп, шылбырын бос жіберуге қорқақтаймыз. Он сегіз жыл үйінде жүргенде өмірге икемдеу ата-анасының есіне келмеген, мектепте де қолдары салаңдап, тыңғылықты алған білімі жоқ, жартысы босқа жүрді. Ата-анасының обалы не, оқуға тығамыз. Оқиды. Алды заңгер, экономистің қатты қағазын алып шығады. Тықпалап жүріп менеджер қылып бір мекемеге орналастырамыз. Құшағын ашып тұрған қоғам жоқ. Мамандығымен барған жерде жұмысқа алып, ізіне ертіп, тәлім беріп үйрететін ешкім жоқ. Универде алған білімі далада қалып, жұмыстың не екенін өздері түсінбей, алғашқы айдан кейін-ақ қызығы басылып, одан да береке таппаймыз. Тіпті, алып кел, барып келге де жарамайтыны бар. Сондықтан да болар, осындай зомби шәкірт оқытып жатқан отызға жуық оқу орны жабылғанда иелерінен басқалары жоқтай қойған жоқ. Аты бар да заты жоқ оқу орындары кімге керек?!
Дегенмен министр мырза бұл оқу орындарының түгел жаппай, икемге келетінінің бағдарын өзгертіп, маман даяр­лап шығаруды қолға алу керек еді. Неге олай дейтінімізді түсіндіре кетейін.
Осы күні бал арасын өсіріп, бал жинауды білетін қазақтың баласы жоқ деуге болады. Балдың құны күннен күнге өсіп бара жатыр. Жыл сайын шығыстан келетін балды аңдимыз. Сатып отырғандардың арасында қаракөзі жоқ. Бал өсіруге қолайлы аймақта осы кәсіпке үйрететін, бал арасын бағуға баулитын жоғары емес тіпті орташа оқу демейін, курс ашылса да көптеген жастың қолына жұққан бал аузына тиетін еді ғой. Жоқ, бізге кемі университеттің көк қағазы керек.
Ауылда жұмыс жоқ дейді. Расында да жоқ. Ауылдың баласын ағаш еккізіп, ағаш өсіріп, жемісін жинайтын кәсіпке кім баулыпты? Ол да жоқ. Штатта агроном болса да, бағбан деген атымен жоқ. Себебі оны ешкім оқытпайды. Ауылдың ағашы қурап, гүл өспейтініне кімді кінәлаймыз?
Елорда саябақтарында жер шабақтап жүргендер шеткі ауылдардан келеді, дұрыс шығар. Өздерінің жерін көркейтсе әрі алғанда планетамыздың экология­сына сауабы болар еді. Осындай штат болып жердің құнарына мән берсе, отбасының да нәпәқасы артылар еді.
Жасыратыны жоқ, қыздарымыздың ас бөлмесінің бикесі болғаннан гөрі кеңсенің бір бұрышында отырғанын қалайтын халықпыз. Жақсы делік. Бірақ солардың ішінде қазақтың қол өнерін көркейтіп, керек десеңіз, өз көйлегін тігіп алатыны да кемде-кем. Сол себепті алжапқыш тігіп үйрететін оқу орындары жоқтығынан көптеген қыздарымыз көк инені бір жерінен түртуді білмейді.
Арқан есу, тері илеу, былғарыны ұқсатып қажеттілікке жарату, кілем тоқып, өрмек өріп, киіз басу деген де жоғынан. Ағаштан түйін түйгендердің балғасы мен шотын өздерімен бірге көмгендейміз. Егер өзіміздің бабалардан келе жатқан осы технологияларды жаңғыртсақ, көштен көп қалмас едік. Көзін тауып сатылымды етсек, кім ұтылады? Бірақ жоғымызды түгендеп жатқан кім бар?! Несін айтайын, етік жамайтын етікшіміз де өзбектің баласы. «Тәте», «тәтелеп» үйіміздің сантехнигі сары бала шүмектен аққан суды жөндеп кетеді. Бұл да қазақтың баласына бұйырмаған.
Сонда мұндай кәсіп игеру бойымызға мін бе әлде «қатты қағазға» аңсарымыз адастырды ма, білмеймін.
Түйгенім, «көк қағаз» біз үшін өмір сүрудің жолы, кәсіп те мамандық та, көркем мінезіміздің де, тәрбиеміздің де мәнін осы көкқағаздың мойнына байлап қойғанбыз. Сол қағазын қолға алған күні бір құдіретпен баламыз көркіне ақылы сай болып шыға келетіндей. Осылайша баланы асыл мұратына жеткізетін тәрбиенің негізін қалаудың орнына, бар жауапкершілікті өзімізден алып тастап көкқағазға тапсырыппыз. Ол қағаз өз дегенін істеп жатыр. Баламыз үй салуды, ағаш отырғызуды, ұрпақ өсіруді білмейді дейтінім сондықтан.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

12 − 3 =