«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Көк мұздан көктем өрген…

0 182

Есіл ауданының әкімдігі мен «Астана қаласының Суретшілер одағы» қоғамдық бірлестігі мұздан жасалған мүсіндер халық­аралық байқауын ұйымдастырды. Қазақстан, Қытай және Ресей мемлекеттерінен жиналған 15 команда бес күн бойы Ботаникалық бақта мұздан қалашық тұрғызды. Кеше аталмыш байқаудың қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар марапатталды.

Жарысқа елорданың өзінен 4 команда қатысты. Бұған қоса, Ақтөбе, Қарағанды, Ақтау, Орал, Риддер, Қызылорда, Талдықорған қалалары және Ақмола мен Қостанай облыстарынан қатысушылар тіркелді. Әр команда шығыс ертегілері стилінде бір-бір мүсіннен соқты.
«Шығыс ертегілерінің сазын танытатын бұл қалашықты көрген де арманда, көрмеген де арманда қалуы мүмкін. Бұрын-соңды Қазақстанда шеберлердің басын қосқан мұндай ауқымды бәйге болмаған. Шеберлердің бұл сайысының мақсаты – тек жарысу емес, Астананың сән-салтанатына тән көрік бере отырып, елордамызды әсемдік әлеміне айналдыру. Қала тұрғындары мен қонақтарына қазақ өнерінің биіктігін таныту және қуанышты көңіл-күй, шарықтаған шабыт сыйлау» дейді «Астана қаласының Суретшілер одағы» қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Жанұзақ Мүсәпір.


Елорданы мәдени туризм орталығына айналдыру туралы Елбасының тапсырмасы бар. Есіл ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Омаровтың айтуынша, бұл байқаудың бір мақсаты – қалаға туристерді тарту. Ұйымдастырушылар осы шараның соған септігі тиетініне сенім артып отыр және жыл сайын өткізуді дәстүрге айналдырмақ. Мүсіншілер бұл байқауға қатысып, шығармашылық тәжірибе де алмасады.


10 жылдан бері мұздан бөлек гипс, цемент сияқты түрлі материалдардан ескерткіш жасаумен айналысатын қарағандылық мүсінші Амангелді Серіков бұл жолы Шығыс ертегісіндегі қырғауыл тектес құсты кескіндепті. Айтуынша, аталмыш мүсінге 5 текше метр мұз жұмсаған. Ал Астана мен Харбин қаласының ауа райы ұқсас екенін тілге тиек еткен қытайлық мүсiншi Джан Кыжа мұнда келудегі мақсаты – тәжірибе алмаса отырып, екі ел арасындағы достық байланысты нығайтуға өзінің үлесін қосу екенін айтады.
Байқау қорытындысы бойынша Ақмола облысының командасы бас жүлдені қанжығаласа, Астана командасы ІІ орынды еншіледі. Ал Қытайдың Харбин және Гонконг қалаларының командалары І және ІІІ орындарды өзара бөлісті.
Сондай-ақ Сарыарқа ауданының әкімдігі де ең үздік аққалаға байқау ұйымдастыр­ды. Ересектермен қатар байқауға қатысқан балдырғандардың көбісі қардан сүйікті мультфильмдерінің кейіпкерлерін жасады. Жеңімпаздар қаржылай сыйлықпен марапатталды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ,
Нұрдәулет КӘКІШТЕГІ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды