Көк бөрінің ұрпағы

0 104

Желтоқсан, сен бізге қасіретке толы оқиға мен қасиетті тәуелсіздікті қоса сыйладың. Басқа ешбір елдің тарихында болмаған небір зұлматты көрген халқымыздың көз жасы мен арман-тілегін жауапсыз қалдырмадың. Иә, біз бүгін азатпыз. Біз бүгін Сарыарқаның қытымыр аязында сағаттап далада жүруден де жасқанамыз. Бірақ осы аязды басынан өткерген 1986 жылғы жастардың ерлігін ұмытқан жоқпыз. Ұмыта да алмаспыз. Желтоқсан көтерілісі кезінде Целиноград (қазіргі Нұр-Сұлтан) жастары да Алматыдағы қанды оқиғалардан бейжай қалмады. Олар өз пікірлерін білдіру мақсатында Орталық партия басшылығының атына хат жазып, шеруге шықты. 1986 жылдың 20 желтоқсанында Целиноград педагогика институтының студенті Асқар Сағынаев жастар арасында қол жинауды ұйымдастырған адамдардың бірі болды. Ағамыздың өмірі – киноға сұранып тұрған дайын сценарий.«Ана тілің – арың бұл»

– Бұрынғы Целиноград қаласында дүниеге келдім, – деп бастады сөзін ағамыз. – Бала кезімде кітапты көп оқитынмын. Бір өкініштісі, орысша оқыдым. Бертінге дейін қазақшаны мүлдем түсінбей келдім. Өзіңіз білесіз, ол кезде Ақмола облысы орыстанып кеткен. Жазғы каникул кезінде ата-анамыз бізді ауылға жіберетін. Бірде жиен ағам екеуміз көшеде сөйлесіп тұрғанбыз. Қасымызға кавказ азаматы жетіп келіп, бар орысшасымен: «Мынау не сұмдық? Бағанадан бері екеуіңе қарап тұрмын. Екі қазақ өзара орысша сөйлесіп тұрғаны несі?» деді. Сонда ағам: «Мен қазақша сөйлесе беремін ғой. Мына бала қаладан келген. Қазақша түк түсінбейді» деп жауап берді. Осыдан кейін ана тілімді үйренемін деген мақсат қойдым, көп қиналдым. Өйткені ол кезде қазақша оқулықтар да болмады. Мен радио тыңдауды әдетке айналдырдым. Сосын қазақшаға аударылған Александр Дюманың «Үш ноян» деген романын оқуға кірістім. Бірдеңе түсіндім деп айта алмаймын. Әскерде жүргенде бір қырғыз: «Менің қырғызша сөйлегенімді неге ұқпайсың?» деп сұрады. Мен: «Сен қырғызша айтып тұрғандықтан түсінбей тұрмын» деп едім. «Жоқ! Сен менің сөзімді түсінбейсің, өйткені сен қазақша да түк білмейсің» деді. Ал шын мәнінде, қазақша жақсы сөйлейтін адам түркі тілдес халықтардың кез келгенімен емін-еркін түсініседі. Демек, қазақ тілінің деңгейі халықаралық тіл рөлін атқара алады. Балалық шағымда қатарластарыма қарағанда көп кітап оқитындықтан, арманшыл, әңгімешіл болдым. Балалар мені көргенде қастарына шақырып алып ертегі айтқызатын. Оқыған кітаптарымның мазмұнын әңгімелеп беретінмін. Сол кездегі Целиноград қаласының атынан шахмат жарыстарына қатыстым. Әдебиет­тен сабақ беретін мұғалімімнің ынталандыруымен шығармалар жазып жүрдім. Бірнеше жыл гимнастикамен, он төрт жасымда каратемен шұғылдандым. Ал қазір айналамнан ең бірінші қазақша сөйлесуді, екінші спортпен айналысуды талап етемін. Өзім де сол жағынан көпке үлгі болудамын, – деді алыста қалған балалық шағын еске алған кейіпкеріміз.
Жастайынан спортқа жаны құмар Асқар Шаяхметұлы мектепті бітіре сала мұғалімдік институттың дене шынықтыру факультетіне тапсырады. Алайда бабы келіссе де, бармақтай бақ бұйырмай оқуға түсе алмады. Бір жыл училищеде оқығаннан кейін айтқанынан қайтпайтын студент мұғалімдік институттың жалпы техникалық факультетіне қабылданады. Екінші курста жүргенде әскерден шақыру келіп, борышын өтеп қайтты. Ал үшінші курста Желтоқсан көтерілісіне қатысқаны үшін сотталды.

Оқуға оралу оңай соқпады

– 1988 жылы қайтадан оқуымды жалғастырмақшы болып мамыр айында оқу орныма келіп, арыз жазып кеттім. Ол кездегі факультет деканы Балташ Сүлейменов: «Мен сені оқуға қабылдамаймын» деп кесіп айтты. Ал мен «Арызыма қағаз бойынша жауап беріңіз» деп талап қойдым. Бір айдан соң кездесетін болып келістік. Ал келесі барғанымда тағы да сондай сылтау айтты. Не керек, осындай жағдай үш рет қайталанды. Соңғы рет деканмен сөзге де келіп қалдық. Маған: «Сен желтоқсанда алаңға шыққансың. Ал мен коммунистпін. Мен сені қайта оқуға қабылдай алмаймын» деді. Бұл іске институт ректоры, тарихшы Алексеенко мырза да араласты. Ол бізді тыңдады да: «Сен сияқты Үкіметке қарсы шыққандар 5 жылдай оқи алмайды» деді. Мен оның аргументіне: «Кезінде Ленин мемлекетке қарсы шықты. Ағасы патшаны өлтірмек болды. Соған қарамастан Владимир Ульяновке Қазан университетін бітіруге мүмкіндік берді ғой. Ал сіздердің оқуымды жалғастыруыма мүмкіндік бермей отырғандарыңызды түсінбедім! Кеңес өкіметі патша өкіметінен де жаман ба?!» деп айттым. Не керек, осы жанжалдан кейін мені оқуға алды. 1992 жылы аңсаған арманыма жетіп, ақыры аяқтадым. Бірақ ешбір мектеп мұғалімдікке алған жоқ, – деді ол.

Сағын сындыра алмады

Өмір біз ойлағаннан да күрделі, біз ойлағаннан да шым-шытырық болып шықты. 1986 жылы қазақ жастары отаршылдық жүйеге қарсылық танытқанда, желтоқсан көтерілісінің дүмпуі Алматыны ғана емес, еліміздің басқа қалаларын да шарпыды. Ішке жиналған ашу мен ыза, әділеттілікке деген сенім мен үміт студент жастарды алаңға алып шықты. Қанша жыл айтқанына көніп, айдауында жүрген момын халықтың тосын мінезін көрген кеңес өкіметі қақаған аязға қарамастан көтерілісшілерге ойларына келгенін жасап, қинап бақты. Целиноградтағы оқиға бойынша Асқар Сағынаевты 60-баппен және 170-баптың 3-тармағымен соттап, күштеп психоневрологиялық диспансерге емдеуге жіберді. Оның айтуынша, 8 ай бойы оған психотроптық дәрілерді қолданған.
– Саналы түрде халқымның намысын қорғауға тырыстым. Өзімнің адал екеніме, қылмыс жасамағаныма сендім. Менің арым таза. Мен халқыммен біргемін! Сотқа апарған күннің өзінде ақтық сөзімде осы мемлекетке, коммунистік жүйеге қарсы өз пікірімді айтуға дайын едім. Алайда менің айтқан сөздерімді жоққа шығару үшін мені жүйке аурулары бөліміне апарып тықты. Мен ол жерде де өз құқығымды талап етіп, қайда екенімнен бейхабар әке-шешемді айтып, шағымданатынмын. Ал олар мені басу үшін аминазин, галоперидол, мажептил деген ауыр дәрілерді екті. Басыма ыстық қан шауып, есімнен танып жанұшыра айғайлап, кереуеттен жерге домалап түсетін сәттерім болды. Осылайша сотқа апармастан сырттай соттай салды. Кейін сот материалдарымен танысқанымда: «Көшеге шығайық. Алматылықтармен бір екенімізді көрсетейік. Ағаларымыз 1979 жылы Целиноград қаласында Неміс автономиясын құруға қалай қарсы шықса, біз де соны қайталайық» деген жолдастарым сот процесінде мүлдем басқаша жауап беріпті. Менің сотта болмағанымды пайдаланып, бар пәлені маған жапқан екен, – деді Асқар Сағынаев ауыр жылдарды еске алып.

Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ

Ауыр соққыдан кейін ағамыз ақындыққа бет бұрды. Ақ қағаз бен қара сия жаужүрек ақынның еліне деген шынайы махаббаты мен ауыр тағдырын жырлауға жетіп жатыр. Кейіпкеріміздің айтуынша, ақындық өнер оған түп нағашысынан дарыған екен. Қазаққа аты мәлім жазушы, журналист Жайық Бектұров Асқар ағамыздың анасының бөлесі болып келеді. Қарағанды қаласында жазушы есімімен аталатын көше мен жасөспірім балаларға арналған кітапхана бар. Ең қызығы, Жайық Бектұров та саяси қуғын-сүргінді басынан кешіпті. Сондықтан шығар Асқар Сағынаев өз тағдырын нағашысына ұқсатады. Себебі екеуі де ақын, екеуі де жапа шегіп, теперіш көрген азамат. Белгілі өнертанушы Бектұр Қадыров кейіпкеріміздің шығармашылығына: «Бұл ақын 1986 жылы желтоқсанның қақаған аязында дүниеге келді» деп баға берген. Осындайда атақты психолог Зигмунд Фрейдтің «Шығармашылықпен тек қана бақытсыз жандар айналысады» деген сөзі ойға оралады. Иә, желтоқсан ақын өмірінің өшпес жарасы болып қана қоймай, мәңгілік жырлайтын тақырыбына да айналды. Кейіпкеріміз бір кездері бала-шағасын асырау үшін етікші болып та жұмыс істейді. Бірақ ақын жаны поэзиядан алыс­тап кете алмай, соңында бәрібір шығармашылықпен тоғысқан.

Батырға неге  құрмет аз?

Үйсіз-күйсіз қалған Асқар Сағынаевтың көңілдегі күр­меуін шешіп, отбасына бақыт сыйлап отырған жеңгеміз ақынның шығармашылығын да, тағдырын да сыйлайды. Асқар Шаяхметұлы алты жылдай «Нағыз Желтоқсан» қоғамдық қорының бірінші төрағасы болып, талай игі істердің өтуіне атсалысады. Ауған соғысы ардагерлерінің құрметті мүшесі деген атағы да бар.
– Алаңға «У ішсем де ұлтым үшін» деп шықтым. Желтоқсан мен үшін үлкен соққы болды. Сорлатты деп айтуыма да болады. Тиісті өтемақы алған жоқпын. Ақталуым тек қана ресми қағаз күйінде қалып қойды. Басқа желтоқсандықтарға үй берді. Тіпті кейбіреулері бір емес, бірнеше үй, ақшалай өтемақы алып отыр. Сол кездегі Целиноград бүгінде елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында менімен бірге сотталған Амангелді Нүкенов те үй ала алмай жүр. Келесі жылы еліміздің тәуелсіздігінің отыз жылдығын тойлағанда, мүмкін бізге де үй берер деп үміттенеміз, – деді ешкімнің алдына барып жағдайын айтып, жалынбайтын жаужүрек кейіпкеріміз.
Кеңестік биліктің зардабын, әділетсіз шешімнің салдарын бүгінге дейін тартып отырған Асқар Сағынаевқа Үкімет тарапынан ешқандай көмек жасалмай келеді. Ар-ождан мен денсаулыққа қасақана нұқсан келтірген айып­тылар жазасын тартқан жоқ. Қазақ халқының тағдыры қыл үстінде тұрған шақта рух берген желтоқсаншылардың ерлігін ұмыту тәуелсіздігімізге сын емес пе?..

Көктем ҚАРҚЫН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 − 6 =