«КӨГІЛДІР ОТЫННЫҢ» ИГІЛІГІН КӨРЕ БАСТАДЫ

0 21

Желтоқсан айында Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының кезекті сессиясында елорданы газдандыру бағдарламасын жүзеге асыру барысы қаралады. Бұл жоба 2023 жылға дейін үш кезеңмен іске асырылады. Қазіргі таңда алғашқы кезең жұмыстары біршама еңсерілді. Кеше қалалық мәслихат депутаттары осы уақытқа дейін істелген істерді тексеріп шықты. Бірінші кезекте газға қосылып жатқан қаланың тұрғын алаптарын аралап, 1-ЖЭО және 2-ЖЭО-ға барды.

 «Көгілдір отынның» игілігін алдымен «Железнодорожный» тұрғын алабының тұрғындары көре бастады. Бұл елді мекенде газбен жабдықтаудың ішкі желілерінің құрылысы толығымен аяқталып, осы аптада тұрғындардың алғашқы легі газға қосылды.
– «Көгілдір отынның» келгеніне өте қуаныштымын. Газды тартуға атсалысқан барлық адамға алғысымды айтамын. Қазандықты 55 градусқа көбейтсек, үйдің іші жылынады. Қатты ыстық болып жатса, температураны түсіруге болады. Мұның түк қиындығы жоқ екен, – дейді «Железнодорожный» тұрғын алабының тұрғыны Дәулет Бекбосынов.

Елорданы газдандыру жобасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың пәрменімен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тиісті тапсырмаларымен жүзеге асырылып жатыр. Осыны еске алған аталмыш тұрғын алап тұрғыны Қаламқас Баймұратова газдың бір текше метрінің бағасы 45 теңгеден 35 теңгеге түсірілгені үлкен көмек болғанын, қалтаға түсетін салмақты жеңілдеткенін атап өтті.
«Железнодорожный» тұрғындары, ерлі-зайыпты Зейнолла және Айман Абдыровтар енді пешті көмірмен жақпайтын болғандарына қуанышты. «Газдың бір артықшылығы, үй жылы болуымен қатар таза болады. Газ баллонды сатып алудың қажеттілігі де жо­йылды. Табиғи газбен тамақ істеп, шай қайнатуды бастадық. Қазандықтың өзі шағын ғана. Оның дыбысы да шықпайды. Газдың игілігін алғашқылардың бірі болып көріп отырғанымызға ризамыз» дейді Зейнолла Абдыров.
Осы жылдың аяғына дейін «Көктал-1», «Көктал-2» кенттері, «Агрогородок», «Промышленный» тұрғын алаптары да газға қосылады. Қазіргі кезде аталмыш елді мекендерде құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып, қысымды тексеру жүргізіліп жатыр.
Жалпы осы уақытқа дейін 700-ден астам тұрғын техникалық шарттарға қол қойып, 3 мыңнан аса адам фронт-кеңселердің кеңесіне жүгінді. Газбен жабдықтаудың ішкі желілерін тартқан тұрғындар «көгілдір отынға» қосылу үшін Республика, 24 мекенжайындағы «Парасат» бизнес орталығында орналасқан «Қазтрансгаз Аймақ» АҚ кеңсесіне хабарласу қажет. Бұл ұйым ішкі желілердің ­қауіпсіздігі мен тікелей қосылуын тексерумен айналысады. Газды әрі қарай пайдалануға да жауап береді.
Басқа тұрғын алаптар ­кезең-кезеңімен газға қосылады. Атап айтқанда, екінші кезеңде «Мичурино», «Интернациональный», «Күйгенжар», «Тельман», «Пригородный», «Garden Village» және «Family Village» елді мекендері, ал үшінші кезеңде «Ильинка», «Шұбар», «Өндіріс» тұрғын алаптары газдандырылады.
Газдандыру қала экологиясын жақсартып, жеке сектор тұрғындарының өмірін айтарлықтай жеңілдетеді. Қалаға газдың келуі қаладағы зиянды қалдықтардың 6 есеге, қатты заттардың 40 мың тоннаға дейін азаюына мүмкіндік береді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 + fourteen =