Көгілдір отын көп тиімді

0 31

«Сарыарқа» магистральді газ құбыры елордаға жетіп, көгілдір отынды әр отбасына енгізу жұмыстарының басталғанына біраз уақыт болды. Жоспар бойынша елордаға 2020 жылдың тамыз айынан бастап газ беріліп, 2025 жылға дейін бас қала тұрғындарын толықтай газбен қамту көзделген. Алайда әлемді әлекке салған індет астанаға газ тарту жұмысына да аздап салқынын тигізді. Дегенмен газ тамызда тұтаспағанымен, қазірдің өзінде көптеген отбасыларға газ тарту жұмысы тас-түйін аяқталған.

Елорданы газдандыру жұмысын екі бағытта жүзеге асыру жоспарланған еді. Бірінші бағыт бойынша қалалық өндіріс және тұрғын алаптарын газдандыру желісі салынса, екінші бағыт бойынша ЖЭО-1 және ЖЭО-2-ге газ беріледі. Қала әкімдігінің ресми мәліметіне сүйенсек, жылдың соңына дейін 8500 отбасы газға қосылады. Сондай-ақ газдың бағасы да төмендетіліп, әр текше метрі 45 теңге болып белгіленді.
Үш кезеңнен тұратын газдандыру жобасының алғашқы кезеңі – ЖЭО-1, 2, 3, «Көктал-1, 2» тұрғын алаптары, «Агроқалашық», «Теміржолшылар» кенті, «Оңтүстік-Шығыс» (оң және сол жақ беті) шағын ауданына газ жеткізу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Оған елорда бойынша 17 компания тартылған. «Нұр-Сұлтан газ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сол 17 серіктестіктің бірі. Қарамағында 25 жұмысшысы бар бұл жұмыс тобы «Көктал-1, 2» тұрғын алаптары мен «Оңтүстік-Шығыс» алабында қазірге дейін 65 отбасына газ тартыпты.
– Қазір жұмыс қауырт жүріп жатыр. Жұмысшыларды көбейтейік десек, астанада маман табу қиын болғандықтан, басқа облыстардан шақыруға мәжбүрміз, – дейді аталған серіктестіктің қожайыны Айдар Салауатұлы.
Сонымен қатар серіктестік қыз­меткерлері қала тұрғындарының қауіп­сіздігін ескере отырып, үйдегі газ құрылғыларынан газ шығып, өмірге қауіп төнген жағдайда сигнал беріп, газды автоматты үзетін есептегіштерді тегін беріп жатқанын жеткізді.
Отбасыларға газ тарту жұмысындағы ең кілтең мәселе – газ тарту ақысының қымбаттығы. Компания қызметкерлерінің айтуынша, бір отбасына газ кіргізудегі ең төменгі баға 363 мың теңге екен. Бұл кез келген отбасының қалтасы көтере бермейтін қомақты ақша.
– Біз көбінде Кореяның пештерін қоямыз. Олардың жерге қоятын және қабырғаға орнатылатын түрлері бар. Ресейде (ішкі жабдығы Италияда жасалған), Қытайда өндірілген пештер де бар. Салыстырмалы түрде айтқанда Корея пештерінің сапасы қанағаттанарлық. Жылыту қуатына қарай олардың бағасы да әр түрлі. 88 мың теңгеден бастап, 2 миллион теңгеге дейін барады. 88 мың теңгелік пеш 100 шаршы метрлік үйді жылыта алады. Тұрғындар үйінің көлеміне қарай пештерді сатып алады. Оған орнату ақысы және басқада қаражаттарды қосқанда бір үйге газ кіргізу 360 мыңнан жоғары болады, – дейді серіктестіктің атқарушы менеджері Абай Кенжесұлы.
Тұрғындардың қаржы мәселесін шешу үшін банктерден 16 айға бөліп қарыз алу мәселесі де қарастырылған. Алайда банк өтінім берушілердің қарыз алу тарихына көбірек үңіліп, қарыз қайтару қуатына баса мән беретіндіктен, кейбір тұрғындардың өтініші қабылданбай қалады екен. «Тұрғындардың бәрі газ тартқысы келеді екен. Алайда қаржысы жоқ болғандықтан, газ тартқыза алмай отыр. Сонымен біз тұрғындарға альфа банк арқылы несие алу жағын қарас­тырдық. Оған 16 ай ішінде ешқандай өсім алынбайды. Бірақ шарты жоғары, жұмысы жоқтарға, мүгедектерге, бала бағып үйде отырған, кірісі жоқ әйелдерге «қарызын төлей алмайды» деп несие бермейді. Несие алу тарихы да қаралады. Мәселен, қазірге дейін біз арқылы 16 тұрғын өтініш берген. Алайда тек 5 адамға ғана несие берілді» дейді серіктестіктің есепшісі Меруерт Рамазанқызы.
– Мен бір жарым миллион теңге несие алу үшін өтініш бердім. Бірақ банк «табыс көзі жоқ, төлей алмайды» деген себеппен рәсімдемеді. Сонымен туысқандарымнан қарыз алып, газ тарттырғалы жатырмын. Менің көршілерім де бөліп төлеуге өтініш берген. Бірақ олардың да өтініші қабылданбады, – дейді көкталдық тұрғын Әлия.
Үйлеріне газ тартылып, енді көгілдір отынның игілігін көретін тұрғындар елордаға газ келгеніне ризашылық білдіріп, астананы газбен жылту тұрмысқа ыңғайлы, экологияға тиімді болатынын айтады.
– Үйіме газ кіргізу үшін 700 мың теңге төледім. Былай қарағанда қымбат сияқты. Бірақ бір қыста жағатын көмірімізбен салыстырғанда қымбат емес. 300 шаршы метрге жуық үйді жылытуға бір қыста 40 тонна көмір жағатынбыз. Оның тоннасын 15 мыңнан есептесеңіз де, бір қыста жарты миллион теңге көмір сатып алуға жұмсалады. Қақаған аязда күйе-күйе болып, көмір жағу да оңай емес. Енді міне газ келді. Бұл бізге қолалы болатыны анық, – дейді «Оңтүстік-Шығыс» алабының тұрғыны Асайын Олжабайұлы.
– Газ құбыры есігімнің алдына келді. Енді ішке енгізу үшін «Нұр-Сұлтан газ» компаниясымен келісім жасап қойдым. Менің ойымша газ бен көмірдің бағасы бірдей болуы мүмкін. Бірақ газ келген соң, көмір жағатын әуреден құтылдық. Экологияға да тиімді. Қыс болса, осы аумақты түтін торлап, ыс сасып тұратын. Бұл денсаулыққа зиян ғой. Осы жағынан алғанда газ тартылғаны өте жақсы болды, – деді Елтай Сүлейменұлы.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × one =