«Көгілдір отын» келді!

0 29

Елорданың әлеуметтік нысандары мен жеке тұрғын үйлерге табиғи газ келді. «Көгілдір отынның» игілігін алдымен «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы мен №29 орта мектеп, «Көктал-1» және «Железнодорожный» тұрғын алаптарының бірқатар тұрғындары көре бастады. Бас қала тарихындағы ерекше оқиға басынан Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов табылып, тұрғындарды құттықтады.– Бұл – шын мәнінде тарихи оқиға. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған бес әлеуметтік бастаманың басты жобаларының бірі – елорданы газдандыру. Елордаға өткен жылдан бері 1 мың шақырым магистралды газ құбыры тартылды. Қазір орамішілік газ тарату желілерін салып жатырмыз. Әсіресе, бұл жұмыс жеке секторда қарқынды жүргізіліп жатыр. Қыстың тымық күндері пеш жағудың салдарынан қаланы түтін басатынын білесіздер. Әрине, қала экологиясына бұл жағдай кері әсерін тигізуде. Газдандыру – Мемлекет басшысының тікелей бақылауында. Биыл біз 8 мың жеке үйге газ тарату желілерін салуды жоспарлап отырмыз. Астана күні қарсаңында алғашқы әлеуметтік нысандар мен жеке үйлер газға қосылды.

Жылыту маусымы басталғанша осындай мүмкіндікті жеке сектордың басқа тұрғындарына беруіміз керек. Сол кезде экология да жақсарып, тұрғындардың, әсіресе қарт адамдардың өмірі жеңілдейді. Газдандырудың бірінші кезеңінде-ақ зиянды қалдықтардың ауаға таралуы 6 есеге немесе 40 мың тоннаға азая­ды. Алдағы уақытта «Көктал-1» және «Көктал-2», «Агрогородок», «Промышленный», «Железнодорожный» тұрғын алаптары және «Оңтүстік-шығыс» ауданының бірқатар үйлері биыл газға қосылып, ЖЭО-1 және ЖЭО-2 газға ауыстырылады. Пандемияға қарамастан жұмыс қарқынды жүргізіліп жатыр. Мақсатымыз – елорданы абат аймаққа айнал­дыру, бас қала көркіне көрік қосу. Сондықтан баршаңызды осы тарихи оқиғамен құттықтаймын, – деді А.Көлгінов.
Алғашқы әлеуметтік нысандар мен жеке үйлерге газдың келуі газ тарату желілеріне ғимараттарды қосуға болатынын көрсетті. Басқа тұтынушыларды «көгілдір отынға» қосу рәсімі желілерді іске қосу-жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін жалғасады. Қазір «Железнодорожный» тұрғын алабында газбен жабдықтау, тарату желілерінің 96 пайызы салынды. ЖЭО-1 және ЖЭО-2-ден тұрғын алаптардағы үйлерге желілерді тікелей бұру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
– Астана күні қарсаңында ерекше қуанышты жағдайда тұрмыз. Бізге «көгілдір отын» келді. Пеш жағып көрген жандар ғана бізді түсінеді. Қыста аспанымыз түтіннен көрінбейтін. Енді бәрі өзгереді. «Көктал» тұрғындары, негізінен, қарт адамдар. Енді оларға әлдеқайда жеңіл болады. Көмір сатып алудың қажеті болмайды, – деді «Көктал-1» тұрғыны Галина Антонюк.
«Железнодорожный» тұрғыны Сәуле Жүнісова Елбасына тарихи жоба үшін алғыс айта келе, табиғи газға қосылуды ұмытылмас оқиғаға балады.
– Нұрғиса Тілендиев даңғылы бойында және онымен қиылысатын көшелерге газ құбырлары салынып, «көгілдір отын» жеке үйлерге жеткізілді. Бұл игі іс болды. Енді жастарымыз, ұрпағымыз таза қалада таза ауамен тыныс­тайды, – деді «Көктал-2» тұрғыны Жеңіс Жанаев.
Қазір қала әкімдігі тұрғындар үшін газды есептеу құралдарын тегін орнатуды қарастырып жатыр. Тұрғындарға газ тарату желілеріне қосылу үшін газ пешін дайындау қажет.
Айта кетейік, өндірістік сектор мен тұрғын алаптарын газдандыру 3 кезеңде жүргізіледі. Екінші кезеңде «көгілдір отын» «Мичурино», «Интернациональный», «Күйгенжар», «Тельман», «Пригородный» тұрғын алаптары мен Garden Village және Family Village коттеджер қалашықтарына жеткізіледі. Үшінші кезеңде «Ильинка», «Шұбар», «Өндіріс» тұрғын алаптары газдандырылатын болады. Жобаны іске асыру мерзімі 2020-2023 жылдарға жоспарланған.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 + fifteen =