Көбейтұздың кінәсі не?

0 153

Елордадан екі сағаттық қашықтықта, Ақмола облысының Ерейментау ауданында жатқан Көбейтұз көлі санаулы күндердің ішінде көпшіліктің жаппай демалатын, саяхаттап баратын мекеніне айналды. Жұрттың қызығушылығын тудырған – көлдің ерекше түсі. Көбейтұз араға бірнеше жыл салып қызғылт түске боялады. Ол көлде өсетін Dunaliella salina балдырының әсерінен болатын құбылыс көрінеді.Мұндай ерекше тұзды көл әлемде санаулы-ақ, ол сонысымен құнды. Бізден басқа Австралияда, Испанияда, сосын Сенегалда бар. Әсіресе, қазіргі індет өршіп тұрған заманда көлдің тұзы көптеген ауруға, соның ішінде атышулы тәжтажалға да ем деген дақпырт таралғалы халық Көбейтұзға толассыз ағылды. Көлге бір аунап, үсті-басын тұзбен сылауға асықты. Тіпті мамандардың көл тұзының індетке қарсы ешқандай қасиеті жоқ деген мәлімдемелеріне де ешкім құлақ аспады.
Шынтуайтында, Көбейтұздың суына шомыла алмайсыз. Көлдің суы тобықтан аспайды. Әйтсе де табиғаттың ерекше құбылысын тамашалау­шыларда есеп жоқ. Адамдар тек көлді кешіп жүреді. Судың ішінде жатып, күнге денесін қыздырады. Біреулер көлдің түбіндегі балшықпен, тұзбен сыланады. Адамнан айла қалған ба, пысықайлар қызғылт көлдің тұзын қазып алып, оны саудалап, жаңаша бизнес жасауға кіріскен. Соның кесірінен қазылған орындар қарайып, ұсқыны кетіп, табиғатқа орасан зиян келтіруде. Эколог мамандар көлдің қазылған тұстары қайта қалыпқа келуі үшін 15 жыл керек деп дабыл қаға бастады. Енді біреулер Көбейтұзға жеке көліктерімен кісі тасып, осы кәсібін күнделікті күнкөрісіне айналдырған. Қалай болғанда да карантин уақытында жұмысынан айырылған, үйге қамалған көпшілік үшін Көбейтұз жан сергітер, тәнге қуат болар құтты мекенге айналғаны рас.
Адамның бәрі бірдей емес. Жұрттың бәрі мәдениетті демала алмайды. Көбейтұзға келгендердің арасында да осындай келеңсіздіктер көрініс тапқан. Соның кесірінен көл осыдан бір ай бұрынғы келбетінен айырылды, түбі қазылып, айналасы қоқысқа толды. Бұл мәселе Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың да назарынан тыс қалмады.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚР Президенті:

Азаматтардың табиғи демалыс орындарындағы жаппай мәдениетсіздігі тоқтамай тұр. Отандастарымыздың ерекше қызғылт түсті Көбейтұз көліне келтірілген орасан зор зиянға қатысты алаңдаушылығы орынды. Бұл жағымсыз әрекеттер өскелең ұрпаққа жүргізілетін экологиялық ағарту жұмыстарының түйткілдерін ашып берді. Білім, Экология, Ақпарат министрліктері бұл мәселені жұмыс­тарының басым бағыты ретінде қарастыруы керек

Президент айтса айтқандай, адамдардың табиғатқа деген тасбауыр қылығы бір айдың ішінде ерекше көлді талқандап болды. Көлдің бетін айғыштаған көліктердің айқыш-ұйқыш іздері, қазылып алынған «емдік» тұз бен балшықтың үңірейген орны, жағалауда жағылған алаулардың күйігі, бейберекет шашылып жатқан тамақ пен ыдыс қалдықтары қалды. Әйтеуір, кейіннен еріктілер келіп, осы қоқыстарды жинап кеткеніне ғана шүкір дерсіз.
Бұған дейін Ақмола облыстық Табиғи ресурстар басқармасы Көбейтұзды ­рекреациялық мақсаттар үшін пайдалануға жекеге 49 жылға жалға беру туралы конкурс жариялаған еді. ­Рекреация дегеніміз – адамның ішкі жай-күйі мен жұмыс қабілеттілігін қалпына келтіруге және жақсартуға бағытталған сауықтыру шараларының жиынтығы. Әдетте бұл санатқа шипажайлық-курорттық ем-дом, туризм, әуесқойлық спорт түрлері кіреді.
Алайда көл аймағының аяусыз зардап шегуі, табиғат жанашырларының наразылығы мәселенің қаншалықты ушығып кеткенін көрсетті. Облыстық басқарма Көбейтұзды жалға беру конкурсының тізімінен шығарды. Енді тек соның жанындағы Қоржынкөл ғана жалға берілетін болды. Сондай-ақ індет тұрақтағанға дейін қыз­ғылт көлге баруға тыйым салынды. Көбейтұзға «мемлекеттің ерекше қорғалатын аймағы» мәртебесі берілді. Көлдің үш тұсынан тағантас күзеті қойылды. Олар су қоймасы аумағына келіп-кетушілерді бақылайды. Бұған қосымша, көл аумағын полиция жасағы торуылдайтын болды. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар тағы бірқатар өзендерді уақытша жапты. Олардың қатарында Бурабай, Теңіз, Құрбет және Қоржынкөл де бар.
Ал Экология, геология және табиғи ресурстар министр­лігі құқық қорғау органдарына заңсыз тұз тасушылар мен көлді ластаушылардың үстінен арызданды. Жақында ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди полиция қызғылт көлдің тұзын сатушыларды анықтағанын және айыптылар Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің бірнеше баптары бойынша жауапкершілікке тартылғанын жеткізді.
Алайда айыппұл мөлшері қаскөйлердің экологияға келтірілген зор зардаптармен сәйкеспейді, тым мардымсыз­дығын айтады. Сол себепті бүгінде Экология министрлігінде жаңа кодекс әзірленіп жатқан көрінеді, онда айыппұл көлемін ұлғайту және табиғатқа келтірілген зардаптың ауырлығына қарай тіпті қылмыстық жаза да қарастырылған. Аталған өзгерту алдағы күзде Мәжіліске түсетін болды.
Бірер күн бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің кездесуінде министр экология­лық мәселелерді шешу бо­йынша екі ұсынысын айтты. Біріншісі – мектептерде оқу бағдарламасына экология­лық білім беру пәнін енгізу, екіншісі – табиғатқа зардап келтірушілерге кесілетін жазаны күшейту, оның ішінде айыппұл мөлшерін ұлғайту да бар.
Одан басқа, табиғат жанашырларынан, ел азаматтарынан да көптеген ұсыныстарды естіп жатырмыз. Олардың ішінде көлдерді ерекше бақылауға алу, су қоймасын пайдаланудың қатаң ережесін енгізу, жағалауда от жағуға тыйым салу, ал ол үшін арнайы орындар белгілеу, т. б. ұсыныстары бар.
Ғылым мен техника дами түскен сайын қоршаған ортаға зиян келтіретін факторлар да көбейе береді. Оған адамдардың экологияға деген тасбауырлығы мен немқұрайлығы қосылса, оның салдары зор өкініштерге ұрындыратыны сөзсіз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × 2 =