«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Классиктер көрмесі

0 419

Жаугершілік заманда үш жүздің басын қосқан Абылай ханның кескін-келбетін көпшілігіміз 1963 жылы Нью-Йорктен Алматыға жеткізілген суреттен танимыз. Бұл сурет 1972 жылы жарық көрген Қазақ энциклопедиясының 1-томында алғаш рет жарияланды. 1993 жылы төл теңгеміздің жүздік купюрасына бедерленді. Ал суреттің авторы – Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тұтқынға түсіп, сүйегі неміс жерінде қалған, Қобызшы Қорқыт бүркеншек атымен «Абылай хан» кітабы шыққан ақын Мәжит Айтбаев.

Қазақ бейнелеу өнері тарихында өшпес із қалдырған кескіндемеші, Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген өнер қайраткері Салахитдин Айтбаев – осы Мәжиттің туған перзенті. Өнерге өткен ғасырдың алпысыншы жылдары келген «Қатаң стиль» өкілдерінің алдыңғы қатарынан орын алатын қылқалам шеберінің туғанына – биыл 80 жыл. Өкінішке қарай, суретшінің мерейтойы еленбей жатыр. Ол түгілі бірқатар картинасынан айырылып қала жаздағанбыз.
Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын Лондонның атақты «Крис­тис» аукционына оның «Дала қосынындағы түскі ас» атты картинасы қойылып, талас тудырды. Белгілі бизнесмен Нұрлан Смағұлов бәссаудада жеңіп, картинаны елімізге қайтарды. Олай болмаған жағдайда бұл суретті қылқалам шеберінің әкесі салған Абылай ханның суретіндей шетелден іздер ме едік…
«Дала қосынындағы түскі ас картинасын» жуырда елордада «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ашылып, Астананың 20 жылдығына арналған «Өнердегі өмір» атты көрмеден тамашаладық. Онда Нұрлан Смағұловтың коллекциясындағы Салахитдин Айтбаев, Молдахмет Кенбаев, Айша Ғалымбаева, Сабыр Мәмбеев, Жанатай Шәрденов, Шаймардан Сариев, Тоқболат Тоғысбаев, Үкі Әжиев, Сахи Романов, Бақтияр Тәбиев, Әбдірашит Сыдыханов, т.б. Қазақстан бейнелеу өнері классиктерінен бастап, кейінгі буын суретшілерінің картиналары қойылды.


«Картиналарды суретшілердің шеберханаларынан, олардың отбасыларынан жинадым. Біразын Англиядағы «Кристис» аукционынан, Израильден, Мәскеуден сатып алдым. Көп картиналар шетел асқанда соларды тауып, Қазақстанға қайтаруды өзіме парыз санадым. Әрине, өзім ғана қызықтамай, қалың көпшілікке көрсетуді мақсат тұттым. Алпысыншы жылдардағы жылымық кезеңінде бейнелеу өнеріне келген буында әрнәрсеге қалыптасқан көзқарасы болды. Олардың туындыларын социалистік реализмге балауға болмайды. Осымен жеке коллекциямдағы картиналардан төртінші көрме өткізіп отырмын. Компаниямыздың және отбасымның да ұраны – «Біз Қазақстан өнеріне сенеміз». Халқымыздың рухани мұрасынан өзім ләззат аламын» дейді Н.Смағұлов.
«Kulanshi» қазіргі заман өнері орталығы кураторлық кеңесінің төрайымы Ләйлә Махаттың пікірінше, бұл көрме Қазақстанның бейнелеу өнері мектебінің қалыптасуы мен дамуын жақсы ашып көрсетеді.
«Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары бейнелеу өнеріне қадам басқан қылқалам шеберлері қазақстандық сурет мектебін биік деңгейге көтеріп кетті. Бұл көрме маған сонысымен ыстық. Олардың көпшілігімен дос, аралас-құралас болдым. Қазір осы деңгейге жете алмай қалдық. Бүгіндері өнер адамдары арасындағы ынтымақ әлдеқайда пәс. Оның өзіндік себеп, салдарлары бар. Картиналарға қойылатын талап пен талғам да төмендеді. Халық жылтыраған дүниеге құмар боп кетті» дейді белгілі суретші, мүсінші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сембіғали Смағұлов.
Нұрлан Смағұловтың коллекциясында картиналардың саны 1 мыңнан асты. Астанадағы көрмеге олардың 60-қа жуығы қойылды. Алғашқы картиналарды ол белгілі жидашы Юрий Кошкиннен сатып алған. Соның арасында Жанатай Шәрденовтің «Қысқы пейзаж» туындысы да бар.
Көрмені «FORTE BANK KULANSHI ART SPACE» галереясынан 21 қарашаға дейін тамашалауға болады. Осыдан кейін картиналар Мәскеуге жол тартады. Қазақстанның Ресей Федерациясындағы елшілігі еліміздің Тәуелсіздік күніне орай сол жақта көрме ұйымдастырмақ.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды