Классикалық биге құрмет

0 36

Таяуда «Астана балет» сахнасында хореограф Айнұр Әбілғазина қойған «Триумф» дивертисментінің премьерасы өтті. Сонымен бірге көрермендер Джордж Баланчиннің «Серенада» бір актілі балеті мен Рикардо Амарантенің «Diversity» балетінің үзіндісін тамашалады.

Атақты композитор Петр Чайковскийдің музыкасына қойылған «Триумф» – Айнұр Әбілғазинаның сахналаған алғашқы туындысы. Екі кеш бойы ол хореограф қана емес, солист ретінде де өнер көрсетті.
«Репертуардағы спектакльдердің дайындығына қатысу, қойылым жасау, арасында костюм дизайнының мәселесін талқылау сәл қиындау болғанын жасыра алмаймын. Сонда да әртістермен жұмыс істеуге көңілім толды деп айта аламын. Оларға да менің қо­йылымым ұнағандығын байқадым. Осыншама атқарылған жұмыс үшін бәріне айтар алғысым шексіз» дейді Айнұр Әбілғазина.
Хореографтың сөзіне зер салсақ, «Триумф» академиялық би тілінің күшімен классикалық биге жасалған құрмет деуге болады. Он бес минуттық қойылымда демеу мен шыр айналу секілді өте күрделі қимылдар көрсетілді. Әсіресе әртіс­тер өз өнерлері арқылы бидің кез келген жанрын еркін меңгергенін дәлелдеді.
А.Селезнев атындағы Алматы хореография училищесінің көркемдік жетекшісі Людмила Ли жас хореограф өз қойылымында классикалық бидің асқақ рухын таныта білгендігін айтты.
Сондай-ақ дирижер Арман Оразғалиев жетекшілік еткен оркестр Петр Чайковский, Антонио Вивальди, Людвиг Минкус, Александр Глазунов, Сергей Рахманинов, Шарль Гуно мен Камиль Сен-Санс секілді көрнекті композиторлардың шығармаларын жүрекке жеткізе орындап, көрермендердің ризашылығына бөленді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × four =