Кітапханалар жаңғыртылса, оқырман көбейе ме?

0 56

Елордада қайда барып, бос уақытты тиімді өткізуге болады? Қаланың мәдени ошақтары мен спорт нысандары тұрғындар мен қала қонақтарының демалысына сай келе ме? Осы мәселе Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия отырысында талқыланды. Тиісті баяндаманы Мәдениет және спорт басқармасының басшысы Нұрлан Сыдықов жасап, қазір бұл салада қалыптасып отырған жағдаймен таныстырды.– Негізінен, адамдар уақытын үш жерде өткізеді. Біріншісі – үйінде, екіншісі – жұмыста, үшіншісі – өзі қызығатын орында. Бұған қатысты «үшінші орын» аталатын теория да бар. Қазір біз халық бос уақытын өткізетін орындарды дамытуымыз керек. Осы бағытта алдымен кітапханаларды дамытуды қолға алып отырмыз, – деді Н.Сыдықов.
Жалпы, осы күндері бас қалада 20 кітапхана жұмыс істейді. Оның 18-і тікелей Мәдениет және спорт басқармасына қарайды. Кітап қоры 700 мыңнан асады. Оқырмандар саны 70 мыңның үстінде. Орташа есеппен кітапханаларға жылына 540 мың адам барады.
Басқарма кітапханалар жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында оларды жаңғыртуды жоспарлап отыр. Бұл істі Республика және Бөгенбай батыр даңғылдарының қиылысындағы Орталық балалар мен жасөспірімдер кітапханасынан бастамақ.
– Бұл – 1 мың шаршы метр аумақты алып отырған үлкен кітапхана. Кітап ордасының орналасқан жері де оқырмандарға тиімді. Бірақ оған келетін адам өте аз, күніне 50-60 адам ғана барады. Алдымызға әзірге бұл көрсеткішті екі еселендіру мақсатын қойып отырмыз. Негізі, бұл кітап­хана күніне 1 мың адамға дейін қабылдай алады. Орналасқан жерінен бөлек, алдында террасасы бар. Жаз мезгілінде оны да пайдалануға болады. Бұл – қанатқақты жобамыз. Сол арқылы оқырмандарды көбейтпекпіз. Сәтті жүзеге асса, басқа да кітапханаларға көшеміз. Мұндай жоба бірнеше қалада іске асырылған. Соның ішінде Алматыдағы Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасына нысан жаңғыртылғанға дейін күніне 30-40 адам келсе, одан кейін ең жоғарғы көрсеткіш 1400 оқырманды көрсетті. Осындай көрсеткіштерге жетуге біздің де мүмкіндігіміз әбден бар, – деді басқарма басшысы.
Басқарманың ұйғарымымен осы жыл елордада театр жылы болып жарияланды. Жалпы, қазір қалада 18 театр жұмыс істеп жатыр. Оның алтауы – қалалық, ­екеуі – республикалық, оны – жекеменшік. Бұл бағытта да бірқатар жұмыстар қолға алынбақ. Өткен театр маусымында, қыркүйек-маусым айлары аралығында қойылымдарды 650 мың көрер­мен тамашалаған. Театр­ларға адамдарды көбірек тарту үшін бұл мәдени ошақтар олардың үйлеріне жақын орналасуы керектігін айтқан Н.Сыдықов бұл бағыттағы түйткілдерді атап өтті.
Оның айтуынша, елорда аудандарында осы жағынан тепе-теңдік сақталмаған. Мәселен, Сарыарқа ауданында – 9 театр, Есіл ауданында – 8 театр, Алматы ауданында 1 театр жұмыс істеп тұр. Ал Байқоңыр ауданында бірде-бір театр жоқ.
– Бұл мәселені Байқоңыр ауданы әкімдігімен бірлесіп шешіп жатырмыз. Қазір жертөлелерде болса да, театрларға шағындау бөлмелерді бөлуді қарастырып отырмыз, – деді бұл туралы
Н.Сыдықов.
Спорт нысандарына тоқталған басқарма басшысы оларда мәдени шаралар да ұйымдастырылатынын айтты. Соның ішінде «Барыс Арена» спорт кешенінде былтыр өткен жеті шараны 40 мыңға жуық көрермен тамашалаған. Ал «Астана Аренадағы» Димаш Құдайбергеннің концертін 30 мың адам көрген. Н.Сыдықов баяндамасында «Қазақстан» концерт залы, қала музейлері, Астаналық цирк, басқа да мәдени нысандардың көрермендер сұранысына қаншалықты ие болғанын да атап өтті.
– Қазір әлемдік тенденция бо­йынша елуден астам мемлекет циркте жануарларды қолданудан бас тартты. Біз де қалалық циркте оларды пайдалану-пайдаланбау мәселесін қарастырып жатырмыз. Мәдениет саласын дамыту үшін бұл мәселе де өзекті, – деді басқарма басшысы.
Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай биыл «Абай әлемі» орталығының құрылысы басталады. Бұл үшін Ш.Қалдаяқов пен Ж.Нәжімеденов көшелерінің қиылысында жер телімі бөлінді.
– Бұл орталықта қаладағы бірнеше шығармашылық ұжым орналасатын болады. Атап айт­қанда, Жазушылар одағының, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының, Суретшілер одағының қалалық филиалдары орын тебеді. Оның ішінде концерт залы, музей жұмыс істейді. Орталық жастарды, жалпы көпшілікті тартатын орынға айналады деп есептейміз, – деді Н.Сыдықов.
Депутат Аман Аюпов кітапханалар келбетіне емес, контентке көбірек көңіл бөлу керектігін айтты. Басқарма басшысы бұл жағынан расымен түйткілдер бар екенін айта келе, кітап қорындағы кітаптардың 28 пайызы ғана қазақ тілінде екенін, сондықтан қорды толықтыру жұмысын күшейту қажеттігін жеткізді.
Жалпы, көптеген сұрақтар қойған мәслихат депутаттары күн тәртібіне шығарылған халықтың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселесі толық ашылған жоқ деп есептеді. Сондықтан бұл мәселені осы жылдың екінші тоқсанының басында, нақты айтқанда сәуір айында қайта қарауға келісіп, қала мәдениетін дамыту тұжырымдамасын әзірлеуді ұсынды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × 4 =