Кітапхана тартымды ма?

0 250

Жер жаһанды әбігерге салған пандемия басталған сәтте кітапханалар да өз есігін жабуға мәжбүр болды. Мектептегі оқудан бастап барлығы онлайн режимге көшкен тұста кітапхана қызметі де соған қарай ойысуы заңды еді. Іс-шараларды онлайн өткізудің түрлі жолдарын сынап көрген кітапханаларға оқырмандарын сақтап қалу бір сынақ болды, себебі кітапхана – пандемия кезінде де кітапхана. Пайдаланушылардың сұраныстарын қанағаттандыру және өзінің ежелден бергі мәдени-ағартушылық рөлінен айырылмау – қай кітапхананың да негізгі мақсаты.

detail_fb094a314171842ce3b2f22607cd1d21

Карантин кезінде қалай қызмет көрсетті?

Пандемия кезінде электронды кітаптар өте өзекті болды. Интернет беттерінен және ашық электронды кітапханалардан қажетін таба алмаған оқырман, әрине, кітапханаға жүгінеді. Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық академиялық кітапхананың виртуалды анықтама және электронды жеткізу қызметіне жүгінушілер саны осы кезеңде айтарлықтай өскен. Сонымен қоса online-кітапхана жобасы оқырмандарға кез келген сұрағын телефон арқылы кітапханашыларға қойып, жауабын алуға мүмкіндік берді. Күнделікті еркін барып жүрген кітапханалардың жабылуы алдымен ғылыммен айналысушы азаматтардың зерттеу жұмысына тосқауыл болды. Осы орайда электронды кітапханалардың дәстүрлі кітапханаға бәсекелес емес, толықтырушы ретінде қызмет атқаратыны көрінеді. Шетелдік кітаптарды әртүрлі интернет ресурстардан табуға болар, ал отандық авторлар кітабын, әсіресе ғылыми бағыттағы кітаптарды цифрлау – өте өзекті мәселе. Карантин кезеңінде қазақстандық ұлттық электронды кітапханасына кірушілер саны 3 есеге өскен. Электронды кітапхана қорында 60 мыңға жуық құжат қоры бар. Бұл оқырман қажеттілігін толық қанағаттандырады деп айтуға әлі ерте, сондықтан да бұл жоба толықтыру мен жетілдіруді қажет етеді. Барлық кітапханаларда іс-шаралар онлайн форматқа толықтай ауысты. Жазушылармен, белгілі тұлғалармен тікелей эфирде кездесулер өткізіліп, онлайн халықаралық конференциялар ұйымдастырылды. Кітапхана қорымен таныстыру мақсатында онлайн шолу жұмыстары жасалды.

Жағдай қалай өзгерді?

Карантин ережелері бәсеңдетіліп, кітапханалар ашылған соң мәдениет мекемелерін тағы бір сынақ күтіп тұрды. Бұл – жаңа жағдайға сәйкес бейімделу және бірнеше айға қол үзіп қалған оқырманды қайта қайтару. Осы кезеңде тек Қазақстанда ғана емес, көптеген әлем елдерінің кітапханаларында келім санының екі есеге дейін азаюы байқалған. Бұған карантин ережелеріне сай келушілер санына шектеу қойылуы, қызмет көрсету уақытының қысқаруы, кітапхананы пайдалану ережелеріндегі өзгерістер әсер еткені анық. Қаламызда Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындарына қызмет көрсететін орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің 18 бөлімшесі бар. Кітапхана басшысы Гүлбадан Сақтапқызының айтуынша, кітапхана карантин кезінде де қарқынды жұмыс істеуін тоқтатпаған, қазіргі уақытта бірнеше бөлімшелерде заман талабына сай жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Биыл қала күніне орай «Қаламгер» аллеясында Kitap Qala атты «Ашық аспан астындағы кітапхана: жазғы оқу залы» ашылды. Сканерлер алынып, кітаптарды электронды форматқа көшіру жұмыстары жүріп жатыр. Қыркүйек айының аяғында Бөгенбай батыр даңғылындағы кітапханада «Замандас» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен жастар коворкинг орталығы ашылды. Кітап қоры үнемі жаңа басылымдармен толығып тұрады. Кітап оқуды насихаттау мақсатында әртүрлі викторина, ойын, байқаулар тұрақты түрде өткізіледі» дейді кітапхана басшысы. Дәл осы кітапхана бөлімшелерін дамыту айрықша назарда болуы керек. Себебі қала тұрғындарына көбінесе өзі тұратын мекенжайға жақын кітапханаға бару ыңғайлы. Әлемдік тәжірибеде де үлкен орталық кітапханаларға қарағанда осындай бөлімшелер қызметіне оқырмандардың көбірек жүгінетіндігі байқалған. Әлемдегі дамыған және «оқырман» елдердің бірі саналатын Финляндия елінің кітапханалар желісі өзіне-өзі қызмет көрсету уақытын қалыптастырған. Бұл кітапхана қызмет көрсететін негізгі уақыттардан тыс таңертең ерте және кешкі уақыттарда оқырмандардың кітапханаға келе алуына жағдай жасайды. Соның есебінен карантиндік шектеулерге қарамастан оқырманның көпшілігі кітапхананы пайдалануға мүмкіндік алған. Бұл да ескеретін тәжірибе.

Заман талабына сай ма?

Қазір қалаларда бос уақытты өткізуге арналған түрлі орындар бар, жарнамасын жарастырып, маркетингке ерекше мән берген, қызыл-жасыл бояуымен, әсем дизайнымен және жайлылығымен тұрғындарды тартатын небір демалыс орындары ішінен кітапхананың ерекшеленуі үшін мәдениет ордаларының барынша заман талабына сай болуы қажетті-ақ. Заманауи стильде жасақталған жайлы әрі сәнді ғимарат, соңғы үлгідегі техника, Wi-Fi желісіне қосылу мүмкіндігі және кітап қорының тұрақты түрде жаңа басылымдарымен толығып тұруы – оқырманды кітапханаға тартудың негізгі жолдары. Әрине,

мұның бәрі қаржыға келіп тіреледі. Кітапханалар мегаполистердегі тұрғындарды біріктіретін мекеме ретінде де қызмет атқарады. Қазіргі таңдағы оқырман кітапханаға тек кітап оқу үшін келмейді. Тіпті «оқырман» сөзі тар мағына беретіндіктен, оның орнына «пайдаланушы» түсінігі қолданылып жүр. Кітапхана да кез келген демалыс орны сияқты пайдаланушыларға кең қызмет көрсету түрлерін ұсына алуы керек. Биыл Халықаралық кітапханалық ассоциациялар мен мекемелер федерациясының ұйымдастыруымен жыл сайын өтетін байқауда «Үздік көпшілік кітапхана» атағын жеңіп алған Осло кітапханасы қазылар алқасын дәл осындай ерекшеліктерімен және экологиялық тазалығымен, ерекше сәулеттік шешімімен таңғалдырған.

Оқырман көбейту – өзекті мәселе

Кітап оқудың пайдасы шаш-етектен екенін бәріміз де білеміз. Тіпті мұны өздерінің зерттеу нысаны етіп алған әлемдік зерттеу орталықтары да бар. Солардың бірі – АҚШ-ғы Йель университеті. Зерттеу барысында университет ғалымдары кітап оқу мен өмір сүру ұзақтығының арасындағы байланысты анықтаған, сонымен қоса кітап оқу Альцгеймер ауруына шалдығу қаупін төмендетеді деген қорытындыға келген. Дегенмен әлем осы пайданы біле тұрса да, жаппай кітап оқып кеткен жоқ. Жыл сайын елдердің кітап оқу рейтингін жариялайтын Халықаралық маркетингтік зерттеулер институтының ондығында Қазақстан жоқ. Елімізде осы тақырыпта жүргізілген сауалнамаға жауап берушілердің жартысынан астамы кітап оқымайтындығын мойындаған. Оқырман ұлтқа айналғымыз келсе, жас ұрпақты ертеден кітап оқуға баулу керек екендігі түсінікті. Статистикалық деректерге сүйенсек, еліміздегі балалар мен жасөспірімдердің 36 пайызы – көпшілік кітапханалардың оқырманы. Ал қалған 64 пайызы бос уақытын қалай өткізіп жүр? Бұл да – толғандырарлық маңызды мәселе. Мәдениет және спорт министрлігі 2021 жылды Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы деп жариялады. Еліміздің ертеңі саналатын жас ұрпақтың саналы азамат болып, сапалы қоғам құруы үшін кітап оқуды әдетке айналдыруы өте маңызды.

Арай ҚАДЫЛБЕК       

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × four =