Кітап патшалығы

0 232

Кітапхана – теңдессіз білім ошағы. Қоғамның өркендеуі, адамзаттың өсуі кітаппен тығыз байланысты. Жас ұрпақтың санасына туған халқына деген құрмет пен мақтаныш сезімін ұялатып, ұлттық рухты сіңіру, сондай-ақ, ана тілі мен әдебиетін, тарихы мен өнерін қастерлеп, халықтың салт-дәстүрін аялай, ардақтай білуге тәрбиелеу кітаптың еншісінде. Қазіргі таңда кітапханалар – әлемдік деңгейдегі рухани, мәдени, тарихи, ғылыми құндылықтарды құрайтын ерекшелікке ие.

Бүгінде елордамыздың бірден-бір мәдени ошағы болып табылатын, 23 кі­тапханасы бар Астана қаласының «Орталықтандырылған кітап­ха­налар жүйесі» КММ 70 мыңға жуық оқырманына жұмыс істеп жатыр. Кітапханалар қала тұр­ғын­дарының барлық санатына дәстүрлі кітапханалық қызмет көр­сетеді. Оқырмандар арасында ба­ға жетпес байлық – кітапты насихаттауда дәстүрлі және басқа да әдістерді қолдану арқылы мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырып, оқырмандардың көңілінен шығуда. Бұл кітапханаларда жергілікті оқыр­мандардың ақпараттық қор­ларға еркін енуіне жан-жақты жағдай жасалған.
Астана қаласының «Ор­та­лық­­­­тандырылған кітапханалар жү­йесі» КММ қорлары жаңа әде­биет­термен жыл сайын жүйелі түрде толықтырылып отырады. Кі­тапханалардың кітап қоры тарихына келетін болсақ, ол сонау Кеңес өкіметі заманының 1974 жылдарынан бастау алады. 1974-1998 жылдар аралығындағы кітапханалар жүйесінің кітап қоры – 569 мың дана. Оның ішінде мемлекеттік тілдегі әдебиеттердің саны небәрі 38 мың 247 дана болатын. Ал, 1998 жылдан бастап кітапханалар жүйе­сінің кітап қоры – 672 мың 852 дана болса, оның ішінде мемлекеттік тілдегі әдебиеттердің саны 92 мың 890-ға дейін жетті. Бұл жылдарда кітапхана қоры «Жазушы», «Қазақстан», «Жалын», «Жібек жолы», «Аударма», «Сөздік» және «Ана тілі», «Балалар әдебиеті», «Аруна», «Өнер» баспаларынан алынатын әдебиеттермен то­лықты. Қазір де «Мәдени мұра» бағдарламасы арқылы әлеуметтік маңызы мол әдебиеттермен молая түсуде. Мемлекеттік тапсырыс бойынша 2000-2012 жылдары 59 мың 702 дана кітап түсті. Оның ішінде мемлекеттік тілдегісі – 56 мың 800 дана.

Қазіргі барлық кітапханалар компьютерлік технологиялармен жабдықталған. Кітапханалық бағдарлама 2000 жылдан бері РАБИС-пен жұмыс істейді. Интернет желісіне де қосылған. 2007-2009 жылдары ақпараттық теңсіздікті азайту аясында Астана қаласы әкімдігінің арнайы компьютерлер бөлуінің нәтижесінде жеті «Компьютерлік сыныптар» кітапханасы ұйымдастырылды.

Көркем әдебиетті оқуды ізгі­лендіру, құндылықтар ретінде ілгерілету – біздің кітапханалар үшін басым міндет. Сондай жұмыс түрлерінің бірі – 1998 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан «Кітап және поэзия» фестивалі. Жылда Астана күні мерекесі қар­саңында Абай ескерткіші алаңында өтетін фестивальда Т.Молдағалиев, Ф.Оңғарсынова, М.Айтқожина, Е.Елубаев, Ә.Тарази, Н.Айтұлы, С.Тұрғынбек, Қ. Әбіл т.б. белгілі ақын-жазушыларымыз шара қо­нағы ғана болып қоймай, оның «Мүшәйра» комиссиясына да төр­ағалық етті. Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фес­тивалінің жүлдегерлері және «Балбөбек» байқауының жеңімпаз жеткіншектері, жергілікті мектеп оқушылары сол сәттерде әділ бағаларын алды. Атап айтқанда, сол мүшайра жеңімпаздары – бүгінде есімдері еленіп жүрген ақын-жазушылар Талғат Ешен­ұлы, Жанат Әскербекқызы, Дәу­леткерей Кәпұлы, Маржан Ершу, Алмас Темірбай, Абылай Мауданов, Ерлан Жүніс, Бауыржан Қарағызұлы, Азамат Есалы, Олжас Сәндібек, Бақытгүл Бабаш, Құралай Омар, Мақсат Мәлікұлы, Азамат Тасқара, Қалқаман Сарин, Бауыржан Арыстанбеков, Динара Мәлік, Гүлсара Шалқар, Батыл Қажыбек, т.б. қыз-жігіттер болды. Фестивальдің басты идеясы – Ас­тана қаласы тұрғындарын оқуға зияткерлік-шығармашылық даму көзі ретінде тәрбиелеу, оларды қазақстандық ақын-жазушылардың ең үздік шығармаларымен және жас астанамыздың жетістіктерімен таныстыру.

Бұл фестиваль үш бөлімнен тұ­ратын мереке ретінде жүргі­зіледі. Бірінші бөлімінде атақты ақындар, Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фес­ти­­ва­лінің лауреаттары және жаңа өлең жазып жүрген ақындар өз өлеңдерін оқиды. Ол мүшайра ретінде өткізіледі. Екінші бөлі­мінде өсіп келе жатқан жас буын ақындарымыз мәнерлеп оқу сайыс­тарына қатысады. Бұл сайыс жылда мерейтой иелерінің шығар­машылығына арналып отырады. Мысалы, «Абай оқулары», «Мұ­қағали оқулары», «Ескен Елубаев оқулары», «Мұзафар Әлімбаев оқулары» дегендей. Ал, мұндай оқулар өз кезегінде көпшілікті әде­биетке жақындата түседі. Үшінші бөлімде үлкен көркем суретпен безендірілген 20 метрлік кітап көрмесі қойылады. Сонымен қатар, мерейлі мерекеге кітап сату жәр­меңкесін де ұйымдастыра отырып, баспадан шыққан жаңа кітаптарды таныстырамыз.

Кітапханаларда және одан тыс жерлерде ұйымдастырылатын ауқымды іс-шаралар оқырмандар санының артуына тікелей әсерін тигізуде. Қазақстанның бәсе­кеге қабілетті 50 елдің қата­рына қосы­лып, гүлденуіне, тәуел­сіз­дігі­міздің тұғырлы да нық болуына зор үлес қосып келе жатқан Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың шық­қан биік­­терін айқындайтын, ұл­тымыз­дың салт-дәстүрін наси­хат­тайтын, оқу­­шыларға пат­риот­тық тәрбие беріп, салауатты өмір салтын уа­ғыздайтын жаңа кітап­тар жаңа­лыққа жаны құмар оқыр­ман­ның ойынан шы­ғуда. Бұндай оқулар тек қала күні өткізіліп қана қо­йыл­майды, ОКЖ-не қарасты ірі кітапханалардың оқырман залдарында да дауыстап оқу жұмысын әртүрлі сайыстар арқылы жүр­гізу қолға алынған. Осындай сайыс­тарға кейде ақын­дардың өзі де қатысып, сайыскерлерге әділ баға­сын беріп отырады.

Үлкен шаралардың тағы бірі – жыл сайын Астана қаласы әкім­дігі­нің бастамасы арқылы Мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен өтетін Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің «Үздік әдеби жұмыс» номинациясы бізде өткізіліп келеді. Ол да жастардың шығармашылық шың­далуына көмектесетін үлкен мектеп. Мұнда қазылық жаса­ған ақын-жазушылар Фариза Оң­ғар­сынова, Бақытжан Қана­пия­нов, Серік Ақсұңқарұлы, Маралтай Райымбекұлы, Жанат Әскер­бекқызы жастарға шеберлік сынып­тарын өткізіп тұрады. Шы­ғар­­машылықтың бүгінгі өзекті мәсе­лелері арнайы дөңгелек үстел ба­ры­сында талқыланады. Қазіргі таңда Халықаралық «Шабыт» шы­ғармашыл жастар фестивалінде «Үздік әдеби жұмыс» номинациясы бойынша жүлдегер атанып, өз шығармаларымен оқыр­манын қызықтыра түскен 68 қа­тысушыларымыздың кітаптары «Литература», «Жалын» бас­па­ларында басылып шықты.

Әр бала – бір-бір жұмбақ. Сон­дық­тан, біз жас жет­кін­шектерге көмек­тес­кіміз келеді. Ол үшін ер­тегіні оқи және әңгімелей отырып, баланың ішкі әлемін дамытамыз. Балалар ертегілері баланың қиялын, сонымен қатар, шығармашыл ұс­танымын дамытады. Осы орайда, ОКЖ-нің жетекші мамандары ас­таналық оқушылар мен жастар ара­сында «Ертегіні өзіміз жазамыз» сайысын өткізді. Сайыстың мақсаты – Астананың дарынды жас­тарын қолдау, балалар әдебиетiн шы­­ға­ратын баспалардың көкейкестi мәселелеріне қоғамның назарын аудару болып табылады. Бұл сайыста 1-орынды №50 мектептің оқушысы Эльмира Ізбасарова иеленсе, 2 және 3-орындарға №7 мектептің оқу­шылары Айгерім Амангелді мен Жанерке Амалбек лайық деп танылды.

Кітапханашылардың ұйым­дас­­тыруымен өтетін осындай мазмұны терең, тәрбиелік маңызы зор игі шаралар болашақ ұрпақтың бо­йындағы отансүйгіштік, өне­гелі­лік, бауырмалдық, еңбекқорлық қасиеттерді оятпай қоймайды.

Сапарғали МЕДЕУБЕКОВ,
Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі
директоры

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eleven − 9 =