«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Кітап іздеген қазынаға жолығады

0 55

Гаджет құндылығы артқан бүгінгі дәуірдің бір бас сақинасы – кітап оқымау. Мұндай қоғамда жастардың кітапханашы мамандығын таңдай қоюы да неғайбыл. Себебі кітапханашы сұранысқа ие кәсіптер қатарында емес. Дегенмен аузымызды қу шөппен сүртуге келмейді. Кітапхана ісін 4 жыл оқып, жоғары білім мен диплом алып шыққан Қаз ҰУ түлегі Әйгерім секілді жас кітапханашылар бүгінде елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада еңбек етіп жүр.

DSC_4570

Әйгерім Заманбек – 23 жаста, былтыр ғана оқуын тәмамдап, елордаға келгенде, осы жерге жұмысқа бірден алынған. Бала кезден кітап оқуға құмартып өскен ол әуелі физика математика мамандығын таңдапты. Бірақ ол мамандық жат болғаннан кейін, кітапхана ісі мамандығына бет бұрған. Қазір өзі еңбек ететін ұжымның 40 пайызын жастар құрайтынын айтады. 20-30 жылдық тәжірибесі бар кітапханашы апайларының да орны бір төбе. Олардан үйренері көп.

– Көп адамдар кітапханашы болуға арнайы 4 жыл оқудың не қажеті бар, сұраған кітапты әкеп берудің не қиындығы бар деп ойлайды. Алайда кітапхана ісінің одан да бөлек қырлары мен жұмыстары жеткілікті. Кітапханада электронды каталогпен жұмыс жүргізу, кітаптарға авторлық белгі беру және т.б. көптеген жұмыс­тарды жүргізудің өзіндік тәртібі бар. Жалпы оқу залына кітаптар сақтау қоймасынан телелифт жүйесі арқылы түседі. Мен сол жерден кітаптарды алып беріп отырамын. Бізге оқырман келген кезде бірінші тіркеу қызметіне барып тіркеледі, сосын үшінші қабатқа көтеріліп, электронды кітаптарға тапсырыс береді. Содан соң бізге және кітап сақтау қызметіне сол тапсырыстар түседі, – дейді Әйгерім.

– Таңертең келгеннен кейін компьютер мен оқырмандар өз тапсырысын қарап отыратын теледидарды қосамын. Сосын кешеден қалған тапсырыстарды тексеремін. Оқырмандарға керек кітабын тауып бергеннен бөлек көрмелер ұйымдастырамыз. Жеке өзім С.Қирабаевтың, Т.Кәкішевтің және Д.Исабековтің көрмелерін ұйымдастырдым. Бұл да жоспарға сай әр кітапханашының міндетіне кіреді. Көрме тұрақты немесе уақытша болуы да мүмкін. Тақырыбына арнайы ізденіс жасалып, нақыл сөздерді тақырыпқа сай іздеп тауып, рес­таврациялық-баспа және талдау қызметі деген бөлімге тапсырыс беріп, дайындаймыз. Сонымен қатар тақырыптық, фактографиялық сұраныстарды орындаймыз. Одан бөлек, күнделікті келетін мерзімді басылымдарды да тіркеп отырамын. Мен жұмыс істейтін оқу залына күніне ең көп дегенде 130 адамға дейін келеді. Жұма күндері әсіресе кітапханаға оқыр­ман көп келеді. Аз дегенде, яғни жаз айларында 40-50 адамға шейін келеді, жұмыс күндері түстен кейін көбейе бастайды. Олардың көбі – студент жастар деуге болады. Себебі олар ғылыми еңбектер жазумен айналысады. Тағы байқағаным, қазір техника ғылымдарының мамандары бізге жиі бас сұғады, сондықтан техникалық саладағы оқулықтар сұранысқа ие, одан соң көркем әдебиет те сұраныстан түспейді. Соған қоса қазір адамдар мотивациялық, психологиялық кітаптарды көп сұрайтын болған, – дейді жас кітапханашы.

Сонымен осындай ауқымды жұмыстармен айналысатын кітапханашы мамандығын оңай жұмыс деп айтуға келмейді. Ұлттық академиялық кітапхана қазіргі кезде аптаның 7 күнінде де ашық. Кітапханашы мамандығына қазіргі кезде де сұраныс бар, басымдықта десем болады. Биылғы жылдан бастап кітапханашы жалақысы 20%-ға өскен болатын. Жастардың кітапхана ісіне қызығушылығы артатындай жалақысы соншалықты көп болмағанымен, рухани орынның ішіндегі бай мұра, кітап оқуға құмар жандар үшін жасалған жайлылық, қазақы нақышта безендірілген арнайы залдар мұндағы өтетін сәттерді әсерлі де пайдалы ете түсері сөзсіз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды