КІСІДЕГІНІҢ КІЛТІ ҚАЙДА?

0 136

Жақында редакциямызға бір жігіт хабарласты. Көрші республикалардың бірінде тұрып жатқан  қазақ бауырымыз. Ол осыдан он шақты жыл бұрын, Қазақстанға арнайы квотамен  келіп, солтүстік об­лыс­тардың бірінің бе­йімделу орталығына орналасқанын айтты. Келген бетте, Қа­зақ­стан Республикасының азаматтығына өтініш беріп үлгереді. Құжаттарды ресімдеу біраз уақыт алатыны белгілі. Бейімделу орталығында мерзімі де өтеді. Өзімен бірге келгендер, құр жатпай, оңтүстік облыстардағы ағайындарын жағалап кетеді. Артынша қыс түсіп, солтүстіктің аязы қысқан кезде бауыры­мыз шыдамай  (бар болғаны отызға енді толған кезі) келген жеріне кері қайтып кетеді. Содан бергі он­ жылы елінің алдында қылмыс жасап қойғандай алаң көңілмен өтеді. 

Заңдылықтарды білмегендіктен қайта оралуға жүрексінеді. Ондағысы, «берген бес жүз долларын жұмсап қойдым, айыппұл салса не істеймін?» деп іштен тынған екен. Осылай жүргенінде бізге кездесіп, бар өтінішін айтқан беті екен. Содан ресми органдармен байланысып, он жыл бұрынғы құжаттарын көтеріп, қандас бауырымыздың заң алдында еш күнәсі жоғын анықтадық. Бауырымызды алдыртып, уақытша тоқтайтын жайын да реттеп, он жыл бойына іштей жеген құсадан құтылуына көмек қолын создық…

Осыдан бірнеше бұрын Қытайдан келген белгілі жазушы дүниеден өтті. Сол кісімен жақын араласып, оның шығармаларының оқырмандарына таралуына септігін тигізіп жүрген тілектес қарындасы болатын. Отанына оралған елдесімізді, келген жеріне қарап, «қытай», «өзбек», «қырғыз» демей бір қарындасының жылыұшырап қарсы алғанына жазушы ағамыз риза болатын. Күндердің күнінде, риясыз құрметтің себебін сұрағанымда: «Жиыр-ма екі жыл Торымның түрмесінде отырғанда адамзаттан үмітін үзбей, асқақ арманы орындалып еліне жеткенде, тоң мінез көрсетсек, кім болғанымыз?!» деген жауап алып, тосылып қалдым. Біз сөз еткен жазушы марқұм Оразанбай Егеубаев ағамыз еді.

«Кісідегінің кілті аспанда» деп жатамыз, ал ағайынды алаламай, тым болмаса сыйластықпен қарау, кез келгеніміздің қолымызда тұр екен-ау.

Алалағаннан шығады. Тәжікстанға барған сапарымызда, «Бәйтерек» қазақ ұлттық мәдени орталығының жетекшісі Зауре Саминовамен кездескен едік. Әңгіме үстінде Алматыға оқуға жіберген төрт-бес студенттің біреуі қайтып келгенін айтты. Себебін сұрап едім:

«Жатақхананың коменданты кірсе де шықса да «тәжік» дейтін көрінеді. «Қазақпын» деп айтудан шаршаған баламыз, қолын бір сілтеп, қайтып келгені ғой. «Енді не істеп жүр?» дедім. «Жіберген студенттердің ішіндегі әкесі де шешесі де қазақ сол бала еді, не істесін, қалың тәжіктің ортасында «қазақ» болып жүр» деді Зауре. Иә, намысшыл бауырымызды сыртқа тепкен комендантқа не дерсіз?!

Елге қайтып оралғандардың көбісі біздің менталитетке тез икемделіп кете қоймайтыны рас. Ол түсінікі де. Бірде ХҚК орталығына бір жұмыспен бас сұққам. Кезегімізді күтіп кідіріп қалдым. Бір кезде, бір терезенің аржағындағы қыздар шаруасын бітіріп бере қоймады ма, бір жас әйел жұлқына залға оралды. Менің қасымда жайына қарап отырған қартамыс орыс кемпіріне жалт қарап, «Ана жақта сен сияқтылардың қорлығына көніп едік, енді сендер шықтыңдар ма?» деп дүрсе қоя бергені. Үлкеннің ұлтына қарап емес, жасына қарап сыйлап үйренген біздерге байғұс кемпірдің «жағасынан алғанын» жақтырмадық. Жас әйел келген жағының кәрі демей, жас демей, бетінен алып, бейәдеп сөйлейтін қасиетін алған сияқты. Ол мінезімен біздің ортамызда сыйыса қояр ма?!

Жалпы, адам адаммен араласқанда аспандағы кілтті алып бер демейміз, қарапайым тірлікте адамзатқа ортақ қасиетті қастерлей алсақ, аспандағы кілтті ұстатқанымыз емес пе?!

Айгүл УАЙСОВА,
a.uaisova@astana-akshamy.kz

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one + 19 =