Кішкентайдан кітапқа құмар болса…

0 25

Қалалық Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі «Балаларға шығармасымен шуағын шашқан» тақырыбында жазушы Толымбек Әбдірайыммен онлайн-сұхбат ұйымдастырды.

Сұхбат барысында қаламгер балалар әдебие­ті туралы айтып, кейінгі жазылған шығармалары жайын­да ой қозғады. Жазушы өз сөзінде балалар әдебиеті мен кітап оқу мәдениеті ешқашан талқылаудан түспейтін өзекті мәселенің бірі деп атап өтті.
– Мені баланы кішкентайдан кітап оқуға, оқығанды тоқуға үйрету мәселесі көп алаңдатады. Қазір балдыр­ғанға кітап оқып, ертегі айтып беруді жүйелі түрде жүргізіп жатқан ата-аналар бар шығар, бірақ олардың қатары аз деп ойлаймын. Ертеде бізге әке-шешеміз іңірде ертегі айтып, сонымен ұйықтатын. Дүкеннен «Қазақ ертегілері» мен «Батыр­лар жырын» алып беріп, соны бізге айтқызып, өздері тыңдайтын. Осының өзі жас балаға тарихты, өнерді түсінуге бағыттайтын үлгі болатын. Шын мәнінде кітап оқу еңбек қана емес, ана тілімізді жетік біліп, таза сөйлеудің үлкен мектебі, – деді тыңдап отырған жеткіншектерге қаламгер.
Сонымен бірге Толымбек аға елордадағы Орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты 18 кітапхананың саны аз екендігін жеткізді. Мәселен, Есілдің сол жағалауында аталған орталыққа қарасты бірде-бір балалар кітапханасы жоқтығын айтып, оның санын көбейту керек деген мәселе көтерді. Сондай-ақ балалардың қойған сұрақтарына жауап беріп, олармен бірге ән шырқады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × 5 =