«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Кирпичный» кентінің тұрғындарын не алаңдатады?

0 157

Байқоңыр ауданының әкімі Ерлан Қаналимов «Кирпичный» кентіндегі №55 орта мектепте тұрғындар алдында есеп беріп, елді алаңдатқан түйткілді мәселелерге жауап берді. Басқосуға Астана әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошун, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов қатысты.

Көксеңгірде жарық пен ауызсу жоқ

Ел арасында «Чугунка» аталып кеткен ауданның әлеуметтік мәселелері шаш етектен екен. Мәселен, Көксеңгір көшесінің тұрғындары далада жарық жанбайтынын, 1 шақырым жердегі құдыққа қыста әзер баратынын айтып шағымданды. Бұған қоса, аталған аудан тұрғындары көктемде судың астында қалатынын, автобустардың кенттегі мектеп, емханаға бармайтынына реніш білдірді.
«Көксеңгір төрт көшеден тұрады. Төртеуінде де жарық жоқ. Көктемде қар ерігенде тасыған судың ортасында қаламыз. 2018 жылдың басында да осы мәселені көтердік. Бірақ баяғы жартас сол жартас…» деді Көксеңгір көшесінің тұрғыны Арман Есмағамбетов. Ол сондай-ақ «Кирпичныйдағы» бұрынғы бір автобус бағдарының төртеуге өзгергеніне қынжылды. Себебі олардың ешқайсысы кент пен мектеп, емхана аралығына қатынамайды екен. Арман Көксеңгірден Алаш тасжолына шығатын жердегі жолмен жүк көліктерінің үздіксіз жүріп, тұрғындарға қолайсыздық туғызатынын айтты. Қызық болғаны, бұл мәселе әкім мен тұрғын арасында қып-қызыл дау туғызды. Сол-ақ екен, Сергей Хорошунның өзі сөз кезегін алып, құзырлы мекемелерге кешенді зерттеу жүргізуді тапсыр­ды. Ол қарапайым халықтың шағымын құптап, үздіксіз жүйт­китін жүк көліктерінің жү­рісін реттеу қажеттігін қадап айт­ты. Тұрғындарды мазалаған сауалдың жауабын бір аптада шешуге пәрмен берді.
Ғайша Қасымова да ауызсу мен нөсер канализациясы мәселесін сөз етті. «Таңғаларлығы, Көксеңгірдегі екі көшеде 30 жылдан бері ауызсу жоқ! Осы сауалға неге тура жауап бермейсіздер? Ол аздай-ақ, кент аумағында құрылыс қарқынды жүріп жатқандықтан, котлованда қалғандай күй кешіп жүрміз. Жаңбыр суы ешқайда ақпайды» деген ренішін жеткізді ол.
Аудан әкімі Ерлан Қаналимов әрбір сауалға сабырмен, тиянақтап жауап қайырды. Мәселен, қара көлеңкеде қалған «көксеңгірліктерге» қосымша көше шамдары орнатылатынын жеткізді. Мектеп пен емханаға қатынамайтын автобус мәселесі қалалық әкімдікте әлі қаралып жатқан көрінеді. «Бұл түйткілді мәселе бірнеше рет көтерілді. Наурыз айында Орталық базардың инфрақұрылымдық төлқұжаты қаралады. Сол кезде түпкілікті шешуге тырысамыз» деді әкім.
Ауызсудың азабынан құтылмаған тұрғындар нақты жа­уап естуге үміттенді. Жиынға қатысқан «Астана су арнасы» мекемесінің өкілі: «Бұл көшеге су құбыры тартылмаған. Біз құбыр тартып, құрылыс жүргізумен айналыспаймыз» деген сырғытпа жауап берді. Сергей Хорошун тағы әңгімеге араласып, халықты шаршатқан мәселенің ұңғыл-шұңғылына үңілуге шақырды. Ол ай-күннің аманында ауызсудан тарыққан 50 үйдің тұрғындарының мәселесін өзінің «майшаммен» қарайтынын айтып, жұртты сендірді. Сөйтіп, сауал қойған тұрғындарды бейсенбідегі жеке қабылдауына шақырды. Ерлан Қаналимов нөсер канализация­сына қатысты сауалға: «Қазір елордада нөсер канализациясының құрылысы жүріп жатыр. Көп ұзамай Лесозавод, Кирпичный, Орталық базар аумағындағы ағын сулар мәселесі оң шешіледі» деп жауап қайырды.

Жастар баспаналы болады

Сөз кезегін сұраған бір апа баспанасыз жүрген жастардың ең басты мәселесін сөз етті. «Чугункадан» бұрын жұрт қорқушы еді. Қазір олай емес. Тамырына «қан жүгірді». Өзім еден жуушы болып жұмыс істеймін. Сондағы көретінім – тар бөлмеде тұратын жас отбасылардың көптігі. Олар бір бөлмені айына 45-50 мың теңгеге жалдайды. Жаныма қатты бататыны, әр отбасының кем дегенде 4-5 баласы бар. Біздің билік осы мәселені қашан шешеді?» деп сұрады ол билік өкілдерінен.
Көпшілік тұрғындардың көкейіндегі сауалды қойған жасы 70-ке жеткен апаға риза болмаған адам кемде-кем. Ерлан Қаналимов баспанасы жоқ жастардың жүрегінде үміт отын оятты. Оның айтуынша, «Жастар жылы» аясында «Жастардың құқықтары туралы» заң қабылданып, ол көптеген жас отбасыларға баспана алуға жәрдемдеседі. «Біздің заңнама бойынша жас отбасына 29 жасқа дейінгілер кіреді. Ал БҰҰ-ның нормасы бойынша 40 жасқа дейінгілер де осы санатқа жатады. Қоғамдық даму министрлігінің жастар комитеті жас мөлшерін өзгертуді ұсынды. Егер бұл түзету қолдау табатын болса, көптеген жас отбасылар мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша баспана ала алады. Біз бұл мәселені құзырлы органдарға, қалалық әкімдікке жеткізіп айтамыз» деді аудан әкімі.

Екі мектепке – бір директор

Айтпақшы, №34 қазақ және №23 аралас орта мектептерін бір-біріне қосуға наразылық танытқан ата-аналар да осы жиында өз сауалына жауап тапты. Әкім екі мектептің қосылмайтынын, тек екі ұжымға бір директор тағайындалатынын жеткізді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды