Кірме сөзге арналған құнды еңбек

0 58

Таяуда «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры авторлар ұжымы әзірлеген «Қазақ тілінің кірме сөздер сөздігін» жарыққа шығарды. Сөздікте 9000-ға тарта кірме сөз қамтылған. Көлемі – 596 бет. Сөздіктің жалпы редакциясын басқарған әрі авторларының бірі – белгілі тілші-ғалым Шерубай Құрманбайұлы.Өзге тілдердегі сияқты қазақ тілінде де шет тілінен кірген сөздер өте көп. Олар ұлт тіліне әр кезеңде енді. Қазақ тіліне ертеректе кірген шет тілі сөздерінің қомақты бөлігі – араб пен парсы сөздері. Тілімізге енгеніне бірнеше ғасыр өткендіктен әрі олардың көбі дыбыстық тұрғыдан бейімделіп алынғандықтан, өз сөздеріміздей болып кеткен.
Кірме сөздердің тағы бір аса қомақты бөлігі ХХ ғасырдың отызыншы жылдарынан бастап, жүздеп, мыңдап лексикалық қорымызға қабылданды. Олардың арасында әсіресе, ғылыми терминдер өте мол. Бұл кезеңде қабылданған сөздердің басым бөлігі – Еуропа тілдерінікі. Алдыңғы араб, парсы, моңғол сөздерінен айырмашылығы бұл топтағы кірме сөздер бізге орыс тілі арқылы келген. Мұндай сөздердің сол орыс тіліндегі қалпын сақтау үшін әліпбиіміз соларға бейімделіп, кірме дыбыстармен толықтырылғаны белгілі. Сөйтіп, Кеңестік кезеңде тілге енген кірме сөздерді де халқымыздың 3-4 буыны қолданып, олардың да көз-құлағы әбден үйреністі. Орыс тілі арқылы енген сөздер де жаппай қолданысқа көшіп, барлық әдебиеттер мен сөздіктерге кірді. Осындай қазақ тіліне әр кезеңде әртүрлі тілдерден енген кірме сөздерді жиып-теріп мағынасын түсіндіру, шығу тегін көрсету тек лингвистика ғылымы үшін ғана емес, тілдің бүкіл тұтынушылары, жалпы көпшілік қауым үшін де өте қажет. Ал кірме сөздердің сөздігін жасау – практикалық мәні жағынан зор іс. Өйткені қазақтілді қауымның осындай сөздердің мән-мағынасын білгісі келгенде қолына алар құралы әлі жарық көрмеген еді. Сондықтан кірме сөздер сөздігінің жарық көруі кітап қорымыздың көпшілікке қажетті тағы бір құнды еңбекпен толығуы екені анық.
Тіліміздегі кірме сөздерді бір сөздіктің ішіне жинақтап беру – алғаш рет қолға алынып отырғанын да айту керек. Сөздіктің ең басты артықшылығы ретінде мыналарды атап өткізгіміз келеді:
Біріншіден, тілімізге әр кезеңде енген сөздерден бастап, соңғы кездері еніп жатқан жаңа сөздерге дейін кең көлемде қамтылуы;
Екіншіден, реестрдегі сөздің қай тілден енгені көрсетіліп, түпнұсқа тілдегі орфограммасының қоса берілуі;
Үшіншіден, бір сөздің қолданыстағы бірнеше мағыналарының жеке-жеке көрсетілуі;
Төртіншіден, түпнұсқа тілдегі мағынасынан ауытқып, ауыспалы мағынадағы қолданысының көрсетілуі.
Бұл еңбек – араб, парсы, грек, латын, ағылшын, француз, испан, неміс, итальян, қытай, моңғол, түрік, португал, орыс және басқа да тілдерден енген сөздерді жинақтап беріп отыр­ған тұңғыш сөздік. Көпшілікке жол тартқан сөздік көпшіліктің сұранысына ие болып, тіл тұтынушыларының бүгінгі қажетін өтейді деген сенімдеміз.

Айнұр СЕЙТБЕКОВА,
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтының
жетекші ғылыми
қызметкері, филология
ғылымдарының кандидаты

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

13 − ten =