Кірме әріптер тіл бұзады

0 218

Қазіргі қазақ әліпбиінің тізбегінде төл таңбалармен қатар кірме таңбалар араласып жүр. Төркіні бөлек кірме таңбалардың жасалым-естілім (артикуляция-перцепциясы) бөгде болғандықтан, олар қазақ сөзінің үндесім әуезін, морфем құрамын, буын тұрқы мен тасымал ретін, сондай-ақ сөйлеу ырғағын түгел бұзып бітті. Көзіміз үйреніп, қолымыз жаттығып алған соң төл-кірме жазуды да өгейсінбейтін болдық. Рухани сананың жаңғыруы ұлттың тілінен басталатынын ескерсек, онда алдымен төл әліпбиді қалыптастырып алу керек болады. Төл әліпбиден төл сөз қалыптасады, төл сөзден ұлт тілі қалыптасады. Бұл – әлемдік жазу тәжірибесі көрсетіп отырған фонетика-грамматикалық ұстаным.

Қазіргі қазақ әліпбиінің құрамындағы кірме таңбалардың дыбыс құрамы (мазмұны) академиялық орфоэпиялық сөздіктерде таратылып көрсетіліп келеді. Алайда академиялық орфоэпияның нәтижесіне ешкім мән бермей отыр. Сөздіктердің, мүмкін, таралым тапшылығы болар немесе оқу-әдістеме бағдарламалары мен оқулықтарда жеткілікті мән берілмей келе жатқандықтан болар, әлде орыс әліпбиімен тұмшаланып қалғандығымыз­дан болар, әйтеуір кірме таңбалардың тіл бұзар машақатынан арыла алмай-ақ келеміз.
Әдетте, әлемдік әліпби түзу тәжірибесінде бір дыбысты бірнеше (екі-үш) таңбамен белгілеу дәстүрі жиі кездеседі. Ал бірнеше дыбысты бір таңбамен белгілеу дәстүрі жоқ сықылды. «Жоқ сықылды» деп екіұшты сөйлеп отырғанымыздың себебі бар. Өйткені әлемде жоқ әліпби үлгісі қазақ жазуында ғана бар: бір таңбамен екі-үш дыбыстың тіркесін біз ғана белгілеп келеміз. Белгілеп қана қоймай, арнайы емле-ережемен бұлжымастай етіп бекітіп те қойдық. Жарты ғасыр бойы ұрпақтан-ұрпақ сол емле-ер­ежемен ауызданып, сол емл­е-ережемен ер жетіп, сол емле-ережемен қартайып, сол емле-ережемен «ұзап» кетіп жатыр. Тіл бұзар емле-ереженің бастау сәті де белгілі – 1957 жыл, белсенділері де белгілі – сол кездегі аты әйгілі тіл мамандары.
Ендігі шешім не болмақ? Қазіргі естияр ұрпақты «олай емес, былай» деп сендіру қиын болып отыр. Бұрын бір ескерткеніміздей, қазақтың өзіне «қазақтың бар дыбысын бар деп, жоқ дыбысын жоқ деп» сендіре алмайтын кезеңде тұрмыз. Біз, қазіргі ұрпақ, шамасы, сол «и-у-я-юлап» өтетін тәріздіміз. Амал жоқ, күйінесің-күйесің, іс өнбесін білесің…
«Әліпби жаңғыруды» мектептен, тіптен, бірінші сыныптан бастамаса болмайтын түрі бар. Сол ұрпақ өсіп жетілгенде ғана қазақ сөзінің қазақы жазылымы мен айтылымы кірме таңбалардың машақатынан тазаратын болады. Бірақ ұрпақ дайындығын бүгіннен бастау керек. Мұндай дайындық, ең алдымен, сауат ашудың бастау көзінде тұратын мұғалім-ұстаздарға керек. Көзі ашық сауатты қауымның да игеріп алғаны артық болмайды. Өйткені болашақ қабылданатын латын әліпбиінің құрамы мен емле-ережесі бүгінгі кемшіліктерден арылып жаңаратын болады.
Сонымен, кірме таңбалардың дыбыс құрамын таратып, көрнекі «әліпби» моделін құрастырып шығамыз. Қазақ грамматикасында буын түрлерінің атаулары бар. Сол үлгіні дыбыс тіркес­терінің талданымына да пайдалануға әбден болады. Буын түрлері мен тіркес түрлерінің дыбыс құрамы бірін-бірі қайталайды.
Алғашқы тіркес түрін «ашық тіркес» деп атадық: дауыссыздан (шартты түрде – Дз) басталып дауыстыға (шартты түрде – Дт) бітеді: Дз+Дт.
Тіркестің бірінші сыңары дауыссыз й дыбысы болып табылады (орыс үлгісімен қысқа й деп жүргеніміз дұрыс емес, қазақ тілінде қысқа/созылыңқы дыбыс жоқ). Тіркестің екінші сыңары бірде дауысты а болса, бірде дауысты ә болады. Ендеше оқулықтарымыздағы дауысты я деп жүргеніміз дербес-дербес екі тіркестің таңбасы екен, басқаша айт­қанда дыбыс емес таңба (әріп) екен. Сонда қазақ тілінде екі дыбыс тіркесін бір таңбамен (әріппен) белгілеп жүр екенбіз.
Келесі тіркес түрін «тұйық тіркес» деп атадық: дауыс­тыдан басталып дауыссызға бітеді: Дт+Дз.
Тұйық тіркес екі түрлі болып келеді.
Бірінші тұйық тіркес. Тіркестің бірінші сыңары бірде дауысты ы болса, бірде дауысты і болады. Тіркестің екінші сыңары дауыссыз й дыбысы болып табылады (орыс үлгісімен қысқа й деп жүргеніміз дұрыс емес, қазақ тілінде қысқа/созылыңқы дыбыс жоқ).

Ендеше оқулықтарымыз­дағы дауысты и деп жүргеніміз дербес-дербес екі тіркестің таңбасы екен, басқаша айтқанда дыбыс емес таңба (әріп) екен. Сонда қазақ тілінде екі дыбыс тіркесін бір таңбамен (әріппен) белгілеп жүр екенбіз.
Екінші тұйық тіркес. Тіркестің бірінші сыңары бірде дауысты ұ болса, бірде дауысты ү болады. Тіркестің екінші сыңары дауыссыз у дыбысы болып табылады (орыс үлгісімен дауысты у деп жүргеніміз дұрыс емес, қазақ тілінде дауысты у дыбысы жоқ).

Ендеше оқулықтарымыз­дағы дауысты у деп жүргеніміз дербес-дербес екі дыбыс тіркесінің таңбасы екен, басқаша айтқанда дыбыс емес таңба (әріп) екен. Сонда қазақ тілінде екі дыбыс тіркесін тағы да бір таңбамен (әріппен) белгілеп жүр екенбіз.
Соңғы тіркес түрін бітеу тіркес деп атаймыз: дауыссыздан басталып, дауыс­тымен жалғасып, дауыссызбен аяқталады: Д3+Дт +Д3.
Тіркестің бірінші сыңары дауыссыз й дыбысы болып табылады (тағы да, орыс үлгісімен қысқа й деуге болмайды, қазақ тілінде қысқа/созылыңқы деген дыбыс жоқ). Екінші сыңары бірде дауысты ұ болса, бірде дауысты ү болады. Тіркестің үшінші сыңары дауыссыз у дыбысы болып табылады (тағы да қайталаймыз, орыс үлгісімен дауысты у деп жүргеніміз дұрыс емес, қазақ тілінде дауысты у дыбысы жоқ).

Ендеше оқулықтарымыз­дағы дауысты ю деп жүргеніміз әрқайсысы үш дыбыс­тан тұратын дербес-дербес екі тіркестің таңбасы екен, басқаша айтқанда дыбыс емес таңба (әріп) екен. Сонда қазақ тілінде үш дыбыс тіркесін де бір таңбамен (әріппен) белгілеп жүр екенбіз.
Қазақ тілінің сөзқұрауыш (просодикалық) заңдылығы бойынша жазу үлгісі «бір дыбыс – бір таңба» болу керек, сонда ғана мәтіннің үндесім әуезі, морфем құрамы, буын жігі, тасымал реті мен сөйлеу ырғағы үйлесімді шығады. Қазақ (жалпы түрік) тілінің өзге тілдердің жазу үлгілерінен басты ерекшелігі осы болып табылады.
Қазақ әліпбиінің құрамында дыбыс тіркестерін белгілейтін таңбалардан (әріптерден) басқа кірме жеке таңбалар (әріптер) бар. Ол таңбалардың да дыбыс мәнін өз алдына талдауға тура келеді.
Бірінші, қазақ (жалпы түрік) тілінде көмей дыбыс жоқ. Соған қарамай араб дәстүрінен енген һ таңбасы әліпби құрамынан шықпай келеді. Ал осы таңбаны жасанды дыбыстап келеміз. Өйткені қазақ тілінің артикуляциялық базасында көмей дыбыстың жасалымы жоқ. Сондықтан һ дыбысы деп тілшік арқылы дыбысталатын тоғысыңқы/жуысыңқы қатаң дауыссызымызды айтқан болып жүрміз. Әдетте төл дыбыс еш артикуляциялық дайындықсыз еркін айтылады, ал һ таңбасын арнайы артикуляциялық дайындықпен күш жұмсап барып айтамыз. Осының өзі таңбаның (әріптің) бөгде (кірме) екенін көрсетеді.
Екінші, қазақ әліпбиінің құрамындағы арнайы тоқтала кететін тағы бір таңба – қазақтың төл сөздерінің құрамында жазылып жүрген х әрпі. «Төл сөздер» дегенді босқа бөлектеп жазып отырған жоқпыз, бұл таңба халықаралық терминдердің жазылымында көптеп кездеседі. Таңбаның бұл жағына тоқталмаймыз.
Жоғарыдағы һ таңбасы сықылды х әрібі де араб дәстүрінен енгені белгілі. Қазақ тілінің санаулы төл сөздерінің құрамында ғана жазылып жүр. Алайда дауыссыз қазақ тілінің дыбыс құрамында жоқ, басқаша айтқанда дербес сингема (фонема) емес.
Ең соңғы қазақ әліпбиінің құрамында «адасып» жүрген таңба щ, қазақ тілінің артикуляциялық базасында мұндай дыбыстың да айтылымы жоқ.
Сонымен арнайы фонетика-грамматикалық талданым қажет болып отырған кірме таңбалар и, у, я, ю, һ, х, щ. Енді әрқайсысына жеке-жеке дәріс арнап, талдап шығамыз.
Қорыта келгенде, латын әліпбиіне көшкенде «бір дыбыс – бір таңба» ұстанымын негізге алатын боламыз. Төменде кирилл-латын баламасының жиынтық үлгісін беріп отырмыз.
Латын әліпбиінің таңбалары бүкіл әлем қабылдап отырған Халықаралық Фонетикалық Әліпби (ХФӘ) құрамынан алынды. Дыбыстың таңбасы тек сол дыбыстың артикуляциясының ғана көрсеткіші болады. Бір дыбыстың таңбасымен өзге дыбысты белгілеуге болмайды. Дыбыстың әріп таңбасы тұрақты.

Әлімхан ЖҮНІСБЕК,
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі
институтының
бас ғылыми қызметкері,

филология ғылымдарының
докторы,
профессор

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

13 − three =