Кинотанушы келбеті

0 22

Ұлттық академиялық кітапханада «Кинотанушы Бауыржан Нөгербек» атты кітаптың таныстырылымы өтті. Жаңа туынды Қазақстандағы кәсіби кинотануда сара жол салған тұлғаның өмірі мен шығармашылығына арналған. Кітапты кейіпкердің жары, белгілі театртанушы Гүлжаhан Бекхожина және әке жолын жалғаған ұлы, кинотанушы, Phd докторы Баубек Нөгербек құрастырды.Кітапта Бауыржан Нөгербектің қазақ кино өнері, оның қалыптасу және даму тарихы, ұлттық кино өндірісінің ерекшеліктері туралы әр жылдары баспасөз бетінде шыққан мақалалары мен сұхбаттары, мұрағат құжаттары мен фотосуреттері жинақталған. Сондай-ақ кинотанушының азаматтық ажары мен қайраткерлік келбеті туралы әріптестері мен шәкірттерінің, достары мен жақындарының естеліктері берілген.
– Адам өмірден өткенде басына ескерткіш тұрғызып жатады. Алайда өнер адамы үшін ең үлкен құлпытас – оның кітаптары. Бауыр­жан Нөгербек – өмірге де, өнерге де таза болып келіп, таза болып кеткен тұлға. Рамазанның баласы Бауыржанның кітабы Рамазан айында жарық көргені – соның айқын дәлелі, – деді белгілі театр және кино режиссері, Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменов. Бір айта кетерлігі, бірнеше жыл бұрын Талғат Досымғалиұлы Бауыржан Нөгербек туралы осы кітапқа енген «Полковник» атты мақала жазды.
Таныстырылымда белгілі кинорежиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сламбек
Тәуекел, танымал актер, Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамов, кинотанушы Нәзира Мұқышева, кітап кейіпкерінің әріптестері мен шәкірттері естеліктерін айтты. Соныңда «Кинотану» мамандығында оқып жатқан студенттерге «Бауыржан Нөгербек атындағы» шәкіртақы тапсырылды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × 2 =