КИНОМЫЗ ЖҮРЕ ТҮЗЕЛЕДІ

0 168

1895 жыл. 28 желтоқсан. Ағайынды Луи және Огюст Люмьерлер тұңғыш рет киноны ойлап тапты. Содан бері сан сүрлеу мен соқпақтан өткен сала о баста «мылқау» болғанымен, бүгінгі өрлеу мен өркендеудің шыңына шықты. Рас, ең алғаш көгілдір экран өмірге келгенде «театр шымылдығы жабылады, оның орнын кино басады» деген көріпкелдік жасаушылар да болған. Бірақ… кино өнері де көкжиегін кеңге серпіді, театрдың тынысы аздап тарылғанымен, көрерменін мүлде жоғалтып алған жоқ. Бұл – басқа әңгіме. Айтпағымыз қазақ киносы жайында.

 Алғашқы кино – «Амангелді»

Иә, ғасырлық тарихты қамтып үлгерген кино қазақ даласына кеш келді. Қазан төңкерісінен кейін пайда болған саланың алғашқы туындысы – ≪Амангелді≫. ≪Ленфильм≫ студиясында түсірілген көркем фильм ұлт батыры Амангелді Иманов туралы болатын. Оның режиссері – Марк Левин, Амангелдіні сомдаған әртіс – Елубай Өмірзақов еді. Осылайша қазақ киносының алғашқы даусы естілді. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында ≪Мосфильм≫ мен ≪Ленфильм≫ киностудиялары бөлімшесінің Алматыда орын тебуі сала тасының өрге домалауына септігін тиігізді. Бұл студиялар ≪Біріккен орталық киностудия≫ атымен қызметін бастаған. 1941 жылы 12 қыркүйекте оңтүстік астанада көркем фильмдер шығаратын киностудия ұйымдасып, 1944 жылы ол Алматының көркем және деректі-шежірелік фильмдер студиясы деп аталды. 1960 жылдан бастап қана  ≪Қазақфильм≫ атауын иеленген. Қазақ киносында ≪Амангелдіден≫ кейін талай-талай ұлт бейнесін, қазақ тағдырын, бүгіні мен кешегісін суреттейтін туындылар айшықталды. Әсіресе, ≪Менің атым Қожа≫, ≪Тақиялы періште≫, ≪Девушка – джигит≫ сынды фильмдер әлі күнге көрерменін жоғалтқан емес. Есепке жүгінсек, қазақ киностудиясы жүзден астам көркем, бес жүздей деректі фильмдердің тұсауын кесіп үлгеріпті.

Әрине, бұлар мазмұны жағынан әр алуан. Көгілдір экранға қазақ халқының өткен өмірін бейнелейтін ≪Абай әні≫, ≪Шоқан Уәлиханов ≫, ≪Қыз Жібек≫, ≪Сұлтан Бейбарыс≫, ≪Отырардың күйреуі≫, ≪Махаббат бекеті≫, ≪Жамбылдың жастық шағы≫ секілді картиналар шықты. Балаларға арналған ≪Қызылтас заставасы маңында≫, ≪Көксерек≫, ≪Алпамыс мектепке барады≫, ≪Балалық шақтың кермек дәмі≫, ≪Ауылым Алатаудың баурайында≫ секілді фильмдер жарық көрді…

Тәуелсіздіктің туындылары

Өз туымызды қолға алғалы кино өнерінің жағдайы мүлде өзгергенін білеміз. Бұрын идеология құралы саналған саланың еліміздегі дамуы баяулап, сапасы төмендеді.

Тек соңғы жылдары ғана киноға қайта қаржы құйылып, ілгерілеу білінген. Көптеген жаңа туындылар көрерменге жол тартты. Есімізде, 2009 жылы режиссер Ермек Тұрсынов БАҚ пен киносыншыларға жаңа туындысының жабық көрсетілімін ұсынған. Алайда, кино көрермендеріне жетпестен үлкен сынға ұшырады. ≪Келін≫ деп аталатын шығарманың ерекшелігі – фильмде ешқандай сөз, кейіпкерлердің диалогтары жоқ. Бұл фильмді біреулер ≪тамаша туынды≫ десе, екіншісі ≪қазақ ұлтының намысын таптайды≫ деді. Екі жақтың да пікірі орынды, алайда, дәл осы фильм кино тарихындағы алғаш пайда болған фильмдерге ұқсас. Дыбысы жоқ. Режиссердің атқарған жұмысын бағаламауға тағы болмас.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдардағы бір жаңалық – әуесқой режиссерлердің пайда болуы. 2008 жылы қазақ киносына мүлдем қатысы жоқ, беймәлім режиссер Еркін Рақышевтың ≪Жаралы сезім≫ туындысы көрерменге жол тартты.

Алғаш экранға шығысымен үлкен сынға іліккен туынды қарапайым халық арасында жақсы бағаланды. Бірақ, қанша сынға, теріс пікірге ілінген туынды, ақыры қазақ киносына жаңа леп алып келді. Одан кейін де ≪Қараой≫, ≪Бақсы≫, ≪Қайрат – чемпион≫ кинолары көрерменін бей-жай қалдыра алмады.

Голливудты да қуып жетеміз

Қазақ киносы дегенде, алдымен ≪Қыз Жібек≫ пен ≪Біздің сүйікті дәрігер≫ сынды классикалық дүниелер елестейді. Алайда, бүгінгі күннің туындыларында да ұмтылыс бар. ≪Қызыл қоян жайлы әңгіме≫, ≪Жоюшы≫, ≪Менің балалық шағымның аспаны≫, ≪Ғашық жүрек≫ сынды фильмдер шетелдік картиналарға қарағанда халыққа кеңінен танылды. Әсіресе, күні кешегі ≪Жаужүрек мың баланы≫ жоғары бағалағандар көп. Көпшілік бұл фильмдерді жылы қабылдады. Тіпті, мемлекет тарапынан да көмек көрсетілуде.

Деректерге сүйенсек, 2003-2008 жылдары ұлттық фильмдер өндірісіне республикалық бюджеттен 1392527 мың теңге көлемде қаражат бөлінген. Осы жылдар ішінде сексен фильм жарық көрген. Олардың отыз үші – көркем, отызы – деректі, он алтысы анимациялық фильм екен. Бүгінгі таңда көптеген көрермен қазақ киносы нашар, түсірілуі де шетелдік әріптестерінікімен салыстыруға келмейді деп ренжиді. Әрине, бұл – орынды. Бірақ, ≪көш жүре түзеледі≫ ғой. Алдағы уақытта біз де Голливуд түсірген киноны түсірерміз.

Ал, әзірге осыған да шүкір…

Асхат РАЙҚҰЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × 4 =