Кінә кімде?

0 115

Жуырда редакциямызға Ұлдан есімді келіншек хабарласты. Ол өзінің «Нұрсая-2» тұрғын үй кешенінде орналасқан «Амина» дүкенінен алған сэндвичтен уланғанын мәлімдеді.

«Өткен жұма күні дүкеннен сэндвич сатып алып жеген едім. Артынша мазам қашты. Қайта-қайта құсып, асқазаным түйіліп, ауыра берген соң, жедел жәрдем шақырттым. Дәрігерлер тамақтан уланғанымды дәлелдеді. Асқазанымды шайып, ем-дом жасағаннан кейін ұшыну ас құрамындағы жасыл бұршақтан болғаны анықталды. Мен ол күні басқа тағамға бұршақ қоспаған едім. Сэндвичтің ішінде шұжық пен тұздалған қияр, майонез және бұршақ болған», – деді ол.

Өзге тұтынушылардың амандығы үшін газет тілшілерінен осы жағдай туралы талдау жасауды өтінген оқырман тілегін біз де жерге тастамадық.

Алдымен «Амина» дүкеніне барған біз сөредегі сэндвичтердің «Дак-Дак» компаниясы» ЖШС өнімі екенін анықтағанбыз. Болған жайды естіген дүкеншілер өз өнімдерінің жарамдылық мерзімін мұқият қадағалап отыратынын айтып, «ақталды». «Біз мерзімі өткен тауарларды қайтарып беріп отырамыз. Жарамсыз тауарды сатпаймыз», – деді ондағылар.

Тауардың этикеткасында көрсетілген нөмір бойынша, өндіруші компанияның өкілімен хабарластық.

Мән-жайдан хабардар болған Қуаныш есімді жігіт «Амина» дүкенімен мүлдем келісімшарт жасаспағанын, компания бұл дүкенге тауар апармайтынын мәлімдеді. Ал, өнімнің құрамы бойынша: «Біз сэндвич құрамында тұздалған қияр мен бұршақ қосу адам ағзасына зиянсыз екеніне көз жеткізгенбіз. Ол құрам арнайы лабораториялық тексеруден өтіп, толық сертификатталған. Алайда, бұл тағамның жарамдылық мерзімі – 3 күн. Онда да +2 мен +6 градус аралығындағы температурада ғана сақталуы керек. Ал, дүкенде тағамды дұрыс сақталмаса, оның мерзімі маңызды болмай қалады. Ал мұндай жағдайда біздің компания жауап бермейді. Мерзімінен өткен, жарамсыз өнімді сатқан немесе тағамды дұрыс сақтай алмаған дүкен жауап береді. Ал, тұтынушы өнімді сатып аларда мерзімі және оның қаншалық температурада сақталып тұрғанына назар аударуы керек», – дейді ол.

Компания өкілінің айтуынша, Астанада бес жылдан бері халал сэндвич өндіріп, сатумен айналысатын компанияға бұған дейін шағым түспеген.

Еркежан СӘТІМБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 − one =