Кімдер сенатор болды?

0 36

Кеше Орталық сайлау комиссиясы Сенат сайлауының алдын-ала қорытындыларын жариялады. Сөйтіп еліміздің 17 өңірінен сайланатын депутаттардың аты-жөні белгілі болды. Сайлаудың соңғы нәтижесі 18 тамызда жарияланады.

Сенат депутаттары жаңа сайлау құқығы негізінде таңдалды. Оған сәйкес, үміткерлерге облыстық, аудандық және қалалық мәслихат депутаттары дауыс береді. Дауыс беретін барлық 3 071 мәслихат депутаттарының 2 892-сі тіркеліп, Сенат депутаттарын сайлады. Сенат сайлауына 46 үміткер қатысты. Олардың ішінен тек 17 адам ғана жоғары палатаға өте алады. Кешегі сайлау­да 185 бақылаушы болды. Олардың ішінде 180 адам қазақстандық бақылаушылар болса, Түркі тілдес мемлекеттерінің ынтымақтастығы кеңесінің миссиясынан бес бақылаушы келді.
Орталық сайлау комиссиясы алдын-ала мәліметіне сәйкес, Сенат сайлауында төмендегі үміткерлер жеңіске жетті: Ақмола облысынан – Ақмола облысы бойынша ревизиялық комиссияның төрағасы Нұрлан Бекенов – 89.5%; Ақтөбе облысынан – Шалқар ауданының әкімі Бауыржан Қаниев – 89%; Атырау облысынан – «Казахстан Петрокемикал Индастриз Инк.» ЖШС басқарушы директоры (KPI Inc) Сағындық Лұқпанов – 82.69%; Батыс Қазақстан облысынан – Іскер әйелдер қауымдастығының аймақтық басшысы Ләззат Рысбекова – 70.33%; Жамбыл облысынан – Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков – 92.09%; Қостанай облысынан – Қостанай облысы әкімінің орынбасары Сергей Карплюк – 87.21%; Қызылорда облысынан – Nur Otan партиясының Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақмарал Әлназарова – 77.86%; Маңғыстау облысынан – «Қаражанбасмұнай» АҚ бірінші вице-президенті Сүйіндік Алдашев – 87%; Павлодар облысынан – Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Алтынбек Нухұлы – 81.97%; Солтүстік Қазақстан облысынан – қазіргі сенатор Ольга Перепечина – 87.57%; Түркістан облысынан – қазіргі сенатор Әли Бектаев – 91.53%; Шығыс Қазақстан облысынан – Бородулиха ауданының әкімі Ольга Булавкина – 93.07%; Алматы облысынан – Алматы облыстық мәслихатының хатшысы Сұлтан Дюсембинов – 92.63%; Қарағанды облысынан – қазіргі сенатор Сергей Ершов – 83.15%; Нұр-Сұлтаннан – Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев – 75%; Алматыдан – Медеу ауданының әкімі Сұлтанбек Мәкежанов – 100%; Шымкенттен қазіргі сенатор Айгүл Қапбарова 72% дауыс жинады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × 2 =