Кикабидзе келiп кеттi

0 97

Кешегi Наурыз мерекесi кезiнде Астанаға грузиндердiң «Колхети» қоғамдық-мәдени орталығының арнайы шақыруымен Грузияның Халық әртiсi Вахтанг Кикабидзе келiп кеттi.

Елорда төрiндегi еңселi «Багратион» мейрамханасында өткен концертте ол көрермендер әр жолына дейiн әбден жаттап алған танымал әндер шырқады. Қазақстанға, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа үлкен құрметпен қарайтын атақты әншi бұл жолы да бұрынғы әдетiнен жаңылмай бiздiң елiмiз жайлы жылы лебiз бiлдiрдi. Мұндағы ұлттар мен ұлыстардың тату-тәттi тiрлiгi, айдай сұлу Астананың аршынды дамуы, осында тұрып жатқан отандаста-рының ойдағыдай хал-ахуалы көңiлiне қуаныш сәулесiн себетiнiн жеткiздi.
Ежелгi танысымыздың ауылымызға ат басын бұрғанын естiген соң ардақты Бубаның алдынан шығып, амандығын сұрадық. Бұдан бес жыл бұрын Тбилиси қаласындағы өзiнiң үйiнде отырып құрған сұхбатымыз кiрген кiтабымызды, газеттерде жарияланған мақалаларымыз бен суреттердi сыйға тарттық. Жетпiстiң желкесiне шыққан Вахтанг батона әрине мақтау-марапаттан кенде емес. Бiр басына жетерлiк атақ-даңқы бар. Әйтсе де, ризашылығын жасыра алмай, рахметiн жаудырды. Қазекемнiң әлгi «Қанша малды болса да, бай қуанар егiзге» дейтiнi осындайда айтылса керек.
Вахтанг Кикабидзе – туған халқын сүйетiн биiк тұлғалардың бiрi. Елi қандай қиын-қыстау кезеңдердi бастан кешсе де басқа жаққа қоныс аударуды ешқашан ойлаған емес. Белгiлi себептерге байланысты Ресейдiң «Достық» орденiнен бас тартқанын да бiлемiз.
Осы оқиғаға байланысты менiң ойыма гүржiлердiң «Ұлт әкесi» атанған ұлы ақыны Илья Чавчавадзенiң мына бiр өлең жолдары оралды.
«Зажженный господом огонь,
Лишь для того в груди пылает.
Чтоб я народу братом был,
С ним боль и радость разделяя».
Сондай-ақ, тарихтың толқынды тұстарында тайғанақтық танытқан Григол Орбелианиге арнаған жыр-хатын да келтiре кетелiк:
«Мы никогда не прибегали к вашим ремеслам – предательству, лжи. Родину рады продать за награды вы, низкопробные торгаши».
(Аударған Евгений Евтушенко).
Вахтанг Кикабидзе секiлдi ұлтын ұлықтаған серке ұлдар бiздiң қазақта да көп болғай!

Талғат БАТЫРХАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nine − five =