«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Киіз үйдің құдіретіне жоқ талас…»

0 87

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ­Тоқаевтың «Ұлытау – 2019» халықаралық туристік форумына қатысқанда «Ұлытау туристік мекенге, демалыс аймағына әрі ұлы бабаларға тағзым ету орталығына айналуы тиіс» деп атап көрсетті. Әрине, Ұлытау туризмін өркендету Қазақстанда этнотуризмді дамытуға тың серпін береді десек, этнотуризмнің ерекшелігін көрнектілендіретін бөгенайы бөлек мәдени мұрамыздың бірі – киіз үй. Біле білсек, киіз үйді насихаттағанымыз рухани жаңғыруымыздың бір көрінісі болмақ. Ол қазір қазаққа тым таңсық болмағанымен, киіз үйге бір түнеген басқа ұлттардың өзгеше әсер алатынына Дональд Трамптың ұлы Моңғолияда қазақ киіз үйінде қонып, тамсанып қайтқаны да айғақ.

Таңғажайып сәулет өнері

Сәулет өнерінің жинамалы және жылжымалы үлгісі саналатын киіз үй сан мың жылдық тарихты бастан кешірді. Архео­логиялық қазба деректерден киіз үйдің қола дәуірінде қолданысқа түскені анықталды. Грек тарихшысы Геродоттың заманымыздан бұрынғы V ғасырда сақтардың киіз үйлерде отыратындығын қағазға түсірсе, үйсін еліне келін болып түскен Қытайдың хан династиясының ханшасы Ши Жүннің:
Дөңгелек үй, туырлық там орнына,
Ет жеп, айран ішеді ас-суына, – деп «жырлағаны» бар. Осыған қарағанда, зерттеу­шілердің киіз үйдің жасы «бес мың жылдан асып жығылады» деген межесі де негізсіз емес секілді.
«Қай халықтың болса да рухани әлемі, ең алдымен, оның дәстүрлі өнерінен көрінетіні мәлім» (Өзбекәлі Жәнібеков). Дәстүрлі қөлөнер туындымыздың бірегейі – киіз үйдің бойы­нан да халқымыздың бүкіл рухани әлемі, ұлттық болмысы, дүниетанымы, эстетикалық көзқарасы менмұндалап тұр.
Алып аспанды «көк күмбезі» деп атаған халқымыз аспанды шаңыраққа, одан төменгі кеңістікті уыққа, көкжиекті керегеге ұқсатып, киіз үйін ғаламның кіндігі деп танығандығына талас жоқ. Бұл жөнінде белгілі зерттеуші Атилла Сансызбайұлының «Киіз үйдегі кеңістік – қазақ дүниетанымының тоғысқан жері. Киіз үй – ғаламның моделі. Шаңырақ – күннің символы. Күлдіреуіш – төрт тарап. Уықтар – күннің сәулесі. Ошақ – адамның оты. Төр – ақ пен қараның аражігін ажырататын адамның орны. Сол жақ босаға – әйелдің, оң босаға – еркектің символы» деп түйіндегеніне қарағанда, қазақтың «Есігің – есің, босағаң – сесің, табалдырық – тәубең, маңдайша – мәртебең, шаңырақ – пірің, туыс – керегең, төр – дәрежең, ошағың – ырыс, түтінің – тыныс, белдеуің – қорған, түндігің – тегің, туырлық – елің, уығың – ерің, осының бәрін көтерер – қасиетті қара жерің» деп тұжырымдауында да үлкен мән жатыр.
– Көшпелілердің сан ғасырлық тәжірибесі, өмірлік қажеттілігі, ой-өрісі, талғам -танымы бір ғана киіз үйдің бойына шоғырланғандай. Олардың сұлулық туралы талғам-түсінігі, дүниені сұлулық заңдылықтарымен игеру мүмкіндігі негізінен, осы киіз үй арқылы көрініс тапты, – деп жазады атақты ғалым Ақселеу Сейдімбек.
Айтып-айтпай, киіз үйдің бойындағы сұлулықты тілмен түгендеу мүмкін емес. Оны көзімен көріп, оған түнеп шыққан жолаушының таңдай қағып, тамсанбағаны жоқ. Оған мысал ретінде Қытай ордасының атақты ақыны Бәй Жүйиінің (772-846 жыл) «Киіз үй» деген өлеңін:
Киізіне жүні кеткен мың қойдың,
Шаңырағы қайыңынан күнгейдің.
Әрі берік, әрі ыңғайлы, әрі әсем,
Дей алмаймын ағашына мін қойдым, – деп бастап, соңын:
Салтанатты сарайына патша мас,
Сарай барлық үмітіңді ақтамас.
Киіз үйдің құдыретіне жоқ талас,
Сарайыңа бермеймін мен баспа-бас! – деп түйіндегенін (аударған Несіпбек Айт) айтсақ та жеткілікті.
Киелі киіз үйдің кереметі туралы бұдан артық мысалдың қажеті жоқ. Өкінерлігі, сан ғасырдың сынағынан сүрінбей өткен киіз үйдің соңғы кездері заманның дамуына, өндіріс-тұрмыстағы өзгерістерге ілесе, қолданыс аясы таралуымен қатар, сән-салтанаты жағынан да кетеуі кетіңкіреп барады. Киіз үйдің толық зерттелмеуі, дұрыс насихатталмауы да оны елеусіз қалдырды.

Ескермесек, ескіре береді

Киіз үймен байланысты ұмытылып бара жатқан атаулар да аз емес. Қолданылуына, үлкен-кішілігіне, тігілу әдісіне байланысты атауларды айт­паған күннің өзінде киіз үйі­мен қатысты балаған, шайла, ақтақыр, жоламай(жолым үй)… сияқты баспаналардың атының өзі ұмытылып барады. Киіз үй қазақтың мәдени мұрасы дегенімізбен, бабаларымыздың ісмер қолынан шыққан талай өнер туындылары бұл заманға жеткен жоқ. Мереке-мейрамдарда сән үшін тігілгені болмаса, кең-байтақ сахарадан да сиреп барады. Әсем астанамызға сан түрлі құрылыстың үлгісін әкелгенімізбен, киіз үй формасында жобаланған бір құрылыс жоқ. Бұл жағынан Қытай бізден көш ілгері. Атап айтқанда, Қытайдың Мори қазақ автономиялы ауданында салынған 800 шаршы метрлік алып киіз үйдей бір киіз үй жоқ Қазақстанда. 1000-нан артық адам сиятын үйдің ішінде қазақтың қайқы бас төсегі, асадал сияқты бұйым­дардың бәрі бар. Дүниедегі алыс-жақыннан көруге келген туристердің таңдай қағып тамсанбайтыны жоқ. Ал Қазақстан «Қазақ-қырғыз халықтарының киіз үй дайындау және тігу өнерін» ЮНЕСКО-ның адамзаттың бейзаттық мәдени мұрасы тізіміне енгіздік» деп мақтанғанымен, киіз үйді ұрпақтарға дәріптеу жағынан пәрменді жұмыстар істеп жатқан жоқ. Тізімге енгенімен, киіз үй жасайтын шеберлерге ұлт өнерінің мұрагері ретінде қолдау көрсетілмесе, ертең киіз үй мұражайларда ғана қалып, тұрмысымыздан тысқары қалмай ма?! Сондықтан ендігі жерде дүние жүзі саяхатшыларының таңдайын қақтырған қасиетті киіз үйдің қазақ халқы үшін қаншалықты маңызы бар екенін ұрпақ санасына сіңіру айрықша маңызды. Ол үшін киіз үй жөніндегі зерттеуді, үгіт, насихатты күшейту керек. Қазіргі сұраныс қажетін ескере отырып, туризмді дамыту тұрғысынан киіз үйді жаңаша пайдаланудың жолын іздеп, киіз үй жасайтын шеберлерге экономикалық жақтан көмек көрсету қажет.
Қазақ халқының адамзат мәдениетіне қосқан, тұтас әлем мойындайтын үлестерінің бірі жылқыны қолға үйрету болса, енді бірі доңғалақты арбалар жасап, оның үстіне киіз үй тіккені болуға тиіс. Тілімізде «Күрен» деп аталатын бұл үйлер бір қанша тарихи фильмдерде көрініс бергені болмаса, қазір көп елдің санасынан өшіп тынғаны өтірік емес. Тіпті, «Күренді» моңғұлға тәуел­дейтіндер де бар. Нағында әлемді билеген Шыңғыс хан әулетінің мақтанған шағында «Дидар сұлу қыздарды, қазақ күйме мінгізіп» деген теңеуді пайдаланғанын ескерсек, күрен де қазақ өнерінің туындысы екеніне шүбәланбайсыз. Оның үстіне, күрен жайлы тарихи жазбалар да аз емес. «Олар тұратын үйлер ағаш кес­пектерінен құрастырылып, бұтақтармен шабақталған, төбесінде жоғары қарай мойнын созып, ықшамдана түсетін оттықтікі сияқты дөңгелек түтігі бар арба үстіне орналастырылады да, үнемі аппақ болып жарқырап тұруы үшін жүнге ақ, ақ топырақ, сүйек ұнтағын қосып басқан ақ киізбен қапталады екен. Үйлер мейлінше кең, ені – 30 фут, дөңгелектерінің арасы 20 фут болған. Осындай үйлі арбаға 22 өгіз жегілген (Гилом де Рубрук)» (Өзбекәлі Жәнібеков, «Жолайы­рықта»).

Талшыққа да таңдау түсті

Соңғы кездері талдан үй ағаш басу мүмкіндігіміз де азайып барады. Орман қорғау орындары үй ағаш түгіл шырпы сындырсаң, шырылдатқалы тұр. Қаңқасын темірден жасасаң, ауыр. Жығып, тігуге қолайсыз. Аз уақыттан кейін тат басып, қара қожалақ болып кететінін былай қойғанда, найзағай түсіп, өмірге қауіп төндіретіні тағы бар. Осы тұрғыдан алғанда, киіз үйдің қаңқасын әйнек талшықтан жасау жағын да қарастырған дұрыс сияқты. Бұған мысал болатын дайын тәжірибе де бар.
Осыдан бірер жыл бұрын Қытай қазақтарынан шыққан құрылыс инженері, қазақ киіз үйін зерттеушілердің бірі Болат Кәрібай әйнек талшықтан киіз үйдің қаңқасын жасады. Бұл киіз үйдің сырттай қарағанда, байырғы үйден еш парқы жоқ. Көші-қонға қолайлы, жеңіл, тат баспайды, неше жыл өтсе де түсі таймайды, аумайды. Оның үстіне, бұл үй уығының қаламы жоқтығы болмаса, қазақ киіз үйінің барлық ерекшеліктерін негізге алып жасалған. Керегесі желкөз, көздің өлшемі, сағанағы, уығының ұзындығы, алақаны, шаңырағының тоғыны (шеңбері), күлдіреуіші, тиегі, уықтың бауына дейін қазақ киіз үйінің өлшемі бойынша жобаланған.
– Бұл үйді жобалап, жасатудағы себебім, – дейді Болат Кәрібай. – Ел ішінде үйшілер сиреп кетті, ағашты да кестірмейді. Темірден жасасаң, қолайсыз. Сол себептен киіз үйдің сүйегін әйнек талшықтан жасадым. Өйткені бұл мықты, шымыр, денсаулыққа залалы жоқ, қалағаныңша июге, бояу­ға болады. Үйді жасату барысында да қазақ киіз үйінің сандық мәні мен шаңырақ өлшемдеріне бағына отырып, архитектуралық формасы бойынша жасаттым. Мұндағы мақсатым да – «үйағашты» станокта жасуға жол ашу.
Әрине, бүгінгідей дамы­ған заманда, киіз үйдің сүйегі, сөзсіз, ағаштан жасалсын деген шарт та жоқ. Қазіргі ғылым-техниканың озық жетістігінен пайдаланып, дәстүрлі өнерді дәуір көші­мен жалғасақ, несі бар? Қазақстандық шеберлер де мұны ескеруі керек. Туризмді түлежітумен қатар, көне мұралардың да төрт тұрманын түгендей жүрген дұрыс.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды